«Әлеумет» бағдарламасы шеңберінде оқу бітірген жас түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешіледі — Н. Әлтаев

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еңбек нарығы тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адамға өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығы туралы атап өткені белгілі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен оқу бітірген жас түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі, жаппай кәсіпкерлікті дамытуда жүзеге асырылып жатқан шаралар — осы және өзге де жобалар бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаевпен болған эксклюзивті сұхбатта.

— Нұржан Бауыржанұлы, экономикалық өсім резерві болып табылатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар мәселесі шешімін қалай табуда?

— Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2 млн-ға жуық. Қазіргі уақытта бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру шаралары, 2018–2019 жылдарға арналған республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспарын (Жол картасы) әзірлеу мәселесі бойынша жол карталары әзірленіп, іске асырылып жатыр. Жүргізілген зерттеу бойынша, елімізде 2018 жылы 700 мыңнан астам бос жұмыс орындары болады. Осыған орай, жол картасы бойынша әрбір өңірде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан 500 мыңнан астам азаматты биыл жұмыспен қамтитын боламыз. Бұл бір үлкен шаруа. Осыған байланысты аудан әкімдері, жұмыспен қамту орталықтары, бәріміз жұмылып, осы жұмысты жасауымыз керек.

— Бұрын еңбек нарығының инфрақұрылымы жолға қойылмағандықтан жұмыс берушілер де, жұмыс іздеушілер де уақытты бос өткізіп, қаржылық шығын көргендері рас. Осы мәселені шешу мақсатында құрылған Бірыңғай электрондық еңбек биржасының жұмыс істеу перспективалары жайлы айта кетсеңіз.

—  Маңызды жобалардың бірі болып табылатын электрондық еңбек биржасы 2018 жылдың қаңтарында іске қосылды. Портал жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді, сондай-ақ мемлекеттік жұмыспен қамту органдары, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері мен жұмысқа орналасу бойынша интернет-алаңдарды біріктіреді.

Қазіргі таңда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында байланыс деңгейі төмен. Бұл ресурста жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге қажетті барлық ақпарат жинақталады. Бүгінгі таңда 14 мыңнан аса кәсіпорын бос жұмыс орындарын жариялап, 37 мыңға жуық бос жұмыс орны ресурста тұр. 49 мың жұмыс іздеушілердің түйіндемесі базаға тіркеліп, 14 мың азамат осы портал арқылы қызметке орналасып үлгерді. Аталған жоба кәсіпорындардан, кәсіпкерлер мен жұмыс іздеушілер тарапынан оң бағасын алуда. Себебі, бос жұмыс орындарына мамандар қажет болған жағдайда, оларды тез арада табу мүмкіншілігі артты. Жұмыс берушілермен сұхбаттасуды да портал арқылы өткізуге болады. Көп азаматтар 3-4 күн арасында қызметке орналасып жатады.

— «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?

— Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы 3 негізгі бағыттан тұрады.

Бірінші бағыт: Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда көптеген кәсіпорындар, кәсіпкерлер маман тапшылығын айтуда. Өзіңізге мәлім, былтырғы жылдан бастап Елбасының «жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырыла бастады. Сондықтан да 70 мыңнан астам біліктілігі, кәсіби даярлығы төмен азаматтарды оқыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз.

Екінші мәселе, қысқа мерзімді оқыту. Мысалы, бір кәсіпорынға сырлаушы, аргонмен дәнекерлеуші қажет болып жатады. Осындай жағдайда азаматтарды 6 ай мерзім ішінде оқытып, жұмысқа орналастырамыз. Қысқа мерзімді оқыту бойынша 21 мың азамат, әсіресе, жастар жұмысқа орналасатын болады.

Екінші бағыт: Жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Бүгінде, азаматтарымыз өз кәсібін ашып, еңбек еткісі келеді.2017 жылдан бастап, Атамекен ҰКП бірлесіп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды бастадық. Негізгі мақсат — жастарды, әсіресе ауылдық жердегі азаматтарды бизнес-жоспардың жасалу жолдарын, оның тетіктерін үйрету, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау.

Қазіргі кезде, 16 млн теңгеге дейін шағын микрокредиттер беріледі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 15 000 адам қамтылды, барлығы 7 мыңнан аса микрокредит берілді. 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мыңнан аса азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда.

Үшінші бағыт: Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы

Бағдарламаға қатысушыларды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;

2) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

3) әлеуметтік жұмыс орындарын құру.

2017 жылы 143 мың адамға жұмысқа орналастыру бойынша шаралар көрсетілді, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 25 мың адам жіберілді, 27 мың жас маман жастар практикасына қатысты, 89 мың адам қоғамдық жұмысқа қатысты және 2 мың адам инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастырылды.

— «Әлеумет» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын шаралар нені көздейді және мақсаты қандай?

Бағдарламаның мақсаты — әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер бойынша халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру. «Әлеумет» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын шаралар қолжетімді, ашық, жедел, шынайылық қағидаттарына негізделген.

Мәселен, Жастар практикасы деп аталатын бағдарламаның 2-бағытында оқу бітірген жас түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешіледі. Оқу орнын бітірген жастар еңбек өтілінің болмауына байланысты қызметке орналасуы қиыншылық туғызады. Енді жас маман тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту Орталығына барып, өз мамандығы бойынша жастар практикасынан өткісі келетін ұйымды өзі таңдайды. Бұл мекемеде ол тәжірибелі мамандардың басшылығымен  6 ай бойы біліктілігін арттырады. Әрі жалақысы 25 АЕК көлемінде болады. Бұл 2018 жылы 60 125 теңгеге тең. Ал, бар шығынды мемлекет төлейді. Бұдан кейін оның жұмыс табуы жас маманның өзіне байланысты болады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, тәжірибеден өткен жастардың 60%-ға жуығы жұмысқа орналасқан. БАҚ құралдары арқылы аталған бағдарлама жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір мәселе, көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік көмек түрлеріне де тоқталып, қандай шаралар атқарылып жатқандығын көрсетуіміз керек.

«Зейнет – Пенсия» бағыты — елдегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне арналған. Бұл бөлікте базалық зейнетақыны тағайындау тәртібінде және осы бағытта басқа да өзгерістер туралы толық ақпаратты елге жеткізу, халықты ақпараттандыру - осының барлығы «Әлеумет» бағдарламасында көрсетілген.

 



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу