«Kazakh Invest» ШОБ-пен серіктестік орнату бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр — С. Тұяқбаев

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ірі трансұлттық компаниялардың жергілікті шағын және орта бизнеспен серіктестік орнатуы бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысына арналған брифинг барысында ұлттық компанияның басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев айтты.

Ол ең алдымен қазіргі кезде кеңінен тараған «шетелдік инвесторларға көңіл бөлінеді, жергілікті кәсіпкерлерге көңіл бөлінбейді» деген жаңсақ пікірге қатысты нақты ойын білдірді.

«Біріншіден, біз инвесторларды қолдау қажет болғанда, оларды шетелдік немесе жергілікті бөліп-жарып жатпаймыз. Кімде-кім жобасы болса, оған инвестиция салып жатса, толыққанды қолдау көрсетіледі», — деді ол.

Сонымен бірге, сала өкілі елімізге шетелдік инвесторларды тарту үшін оның жергілікті серіктесі болуы тиіс екенін жеткізді.

«Бұл үшін республикалық деңгейдегі ірі кәсіпкерлер болсын, жергілікті деңгейдегі қатардағы кәсіпкерлер болсын, олардың қандай да бір жобасы, бастамасы бар ма, қосымша инвестор қажет пе деген сияқты мәселелерге көңіл бөліп, барлығымен тығыз жұмыс істей бастадық. Қажет болған жағдайда біз оларға жоба әзірлеуге көмектесеміз», — деп нақтылады С. Тұяқбаев.

Оның айтуынша, жуырда «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының сайтында шетелдік серіктес іздеп жүрген немесе оны қажет ететін жергілікті кәсіпкерлердің тізімі жарияланады.

Сондай-ақ ол жергілікті кәсіпкерлердің өз өнімдерін экспортқа шығаруы үшін әлемдік экономиканы, нарықты жақсы білетін, мамандары мен жоғары технологиялары бар серіктес керек екенін айтты.  

«Шетелдік инвесторларды тарту біздің кәсіпкерлеріміздің шетел нарығына шығуына мүмкіндік береді», — деді ол.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қолға алып жатқан тағы бір ауқымды жоба — бизнеспен серіктестік орнату бойынша арнайы бағдарлама. 

«Яғни, елімізге ірі трансұлттық компаниялар келген кезде, әрине, оларға шикізат керек, басқа да қызметтер керек. Соны ескеріп, олардың жергілікті шағын және орта бизнеспен серіктестік орнатуы бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз», — деді С. Тұяқбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстандағы шикізаттық емес инвестициялардың басым бөлігі батыс өңірлерде, Астана және Алматы қалаларында байқалып отыр. Ал оңтүстікте, Шығыс Қазақстан, Қарағанды өңірлерінде инвестициялық белсенділік енді артып келе жатыр.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу