15 Наурыз 2018, 08:55
Студенттерге арналған жаңа жатақханалар салу үшін бірқатар ҚР заңнамаларына түзетулер енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік жоғары оқу орындарының басым бөлігі студенттерді қажетті жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр. Қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың 204 мыңы (38%) басқа қалалардан келген, яғни олар баспанаға мұқтаж. Олардың бір бөлігі қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жалдамалы баспанада, ал бір бөлігі жатақханаларда тұрады.
«Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында іске асырылатын білім беру гранттарының санының артуы еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер санының көбеюіне әкеледі. Бұл өз кезегінде жатақхана орындарына сұранысты арттырады. Сол себепті, Мемлекет басшысы 2022 жылдың соңына дейін жаңа 75 мың орынды пайдалануға беру туралы тапсырма берді. Бұл алдағы жылдары студенттер санының артатынын ескере отырып, орын тапшылығы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді», — деді Б. Асылова.
Білім және ғылым министрлігі қойылған міндеттерді шешу аясында экономикалық блок бойынша, қаржы министрлігі, ЖОО-лар, ұлттық банк, жеке құрылыс салушылар, екінші деңгейлі банктер тәрізді барлық мүдделі органдармен аталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін нақтылау мақсатында кеңестер өткізген.
Сонымен қатар брифингте несие бойынша пайыздық өсімін субсидиялау үшін студенттер жатақханаларын салу жобасын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының тізіміне енгізілуі керектігі және сәйкес заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі сөз болды.
«Атап айтқанда, Бюджет кодексіне, Азаматтық кодекске, «Білім туралы» Заңға, «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заңға, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға және т.с.с. бірқатар заңнамаларға түзетулер енгізілетін болады», — деді вице-министр.
Студенттерді жатақханалармен барынша қамту міндеті қойылған сәттен бастап-ақ министрлік қолданыстағы заңнамаларға түзетулер енгізу тұжырымдамасын әзірлеуге кіріскен.
«Қазір бұл тұжырымдаманың жобасы әзір. Ол келісу үшін алдын-ала барлық мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Таяуда біз бұл түзетулерді ҚР Парламентінің қарауына бағыттаймыз», — деді ол.
Ұлттық мемлекеттік серіктестер — «Бәйтерек» холдингі, Кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Даму» қоры және т.с.с. бұл іске атсалысатын болады. Сонымен қатар, ішкі несиелендіруден, яғни еліміздің нарығындағы банктердің қаржыландыруынан өзге, халықаралық ықпалдастық та қарастырылып жатыр.
«Шетелдік қаржы институттарымен де жеңілдікпен заем алу мәселесін пысықтап жатырмыз, олар өздерінің қолайлы схемаларын ұсынуда. Мысалы, дәл бүгін біз «Азия даму банкінің» өкілдерімен кездестік, банк тиімді шарттармен өз жобаларын ұсынуға әзір», — деді Б. Асылова.
Анықтама: Елбасының үшінші бастамасы аясында мемлекеттік-жекешелік серіктестік шарттарымен 2022 жылдың соңына дейін 75 мыңнан кем емес орындық жаңа жатақханалар салу арқылы ЖОО-лар мен колледжер студенттерін жатақханамен қамту көзделген. Қазір еліміз бойынша өзге қалалардан келген студенттердің жатақхана орындарымен қамтылуы 66% құрайды, барлығы 101 614 білім алушыға жатақхана қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу