06 Сәуір 2018, 06:58
Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында жыл басынан бері атқарылып жатқан инвестициялық және сауда-экономикалық қызметке қатысты өткен баспасөз конференциясында журналистер Астана мен қала маңындағы ауылдарды газдандыру мәселесін көтерді.
Сұраққа жауап бере отырып, энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының жобасы Қазақстан Президентінің бесінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында орындалатынын атап өтті.
«Бірінші кезеңде ұзындығы мың шақырымнан асатын газ құбыры үш облыстың – Қызылорда, Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағы арқылы өтеді», — деді Мағзұм Мырзағалиев.
Вице-министрдің айтуынша, магистральді газ құбыры трассасының бойында орналасқан барлық елді мекендер газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қала маңындағы ауылдар тұрғындарының үйлеріне де «Көгілдір отын» жеткізіледі.
«Екінші кезеңде газ құбыры Көкшетау қаласына дейін тартылады және одан әрі Петропавл қаласына қарай жүргізіледі. Қазақстанның солтүстік өңірлерінің газ құбырына жақын орналасқан барлық ауылдарына да газ жеткізіледі», — деді энергетика вице-министрі.
Естеріңізге сала кетейік, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бағыты елорда мен Қазақстанның солтүстік өңірлерінің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салуды қарастырады.
Магистральді газ құбырын салу жобасы Қараөзек (Қызылорда облысы) — Жезқазған — Қарағанды — Теміртау — Астана бағыты бойынша өтеді. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады.
Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу