Kazakh Invest Дубайдағы AIM форумында ірі инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізді

Annual Investment Meeting (AIM) жыл сайынғы VIII инвестициялық форумы аясында «Kazakh Invest» ҰК Дубайда ірі араб және халықаралық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, Kazakh Invest басшылығы General Electric, Al Ahli Holding Group, Al Nowais Investments, KAAF Investments, Loukil Group, Phoenix Global DMCC, Royal International Group компаниялар тобымен, Kanoo Group, Petromal және т. б. ғаламдық ойыншылармен келіссөздер жүргізіп, келісімдерге қол жеткізді.

Сонымен қатар БАӘ Экономика министрлігімен, БАӘ Халықаралық инвесторлар кеңесімен (оған MUBADALA, DP World, Emaar, Etisalat, Borouge секілді ірі компаниялар мүше), Абу-Даби Экономикалық даму департаментімен, «Fujairah Free Zone» АЭА және «Shurooq» Шаржа әмірлігінің Инвестициялар және даму агенттігімен келіссөздер сәтті жүргізілді.

Сондай-ақ, AIM пленарлық сессиясында Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен, оның ішінде, ҚР экономикасына инвестициялар тарту саласындағы индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау құралдарымен және шараларымен таныстырды.

Инвестициялар тарту саласындағы екіжақты өзара қарым-қатынасты дамыту үшін Kazakh Invest пен Annual Investment Meeting арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Кездесулердің нәтижесінде трансұлттық компаниялар Қазақстан экономикасының басымдықты салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаларға әлеуетті қызығушылық танытты.

Сапар қорытындысы бойынша Kazakh Invest БАӘ мен ҚР бизнес қауымдастықтарының инвестициялар тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру мәселелері бойынша екіжақты өзара қарым-қатынасты үйлестіруді жоспарлап отыр.

Анықтама: Annual Investment Meeting (AIM) — әлемдегі халықаралық инвестициялық қауымдастықтың диалогтық алаңы ретінде танымал, ірі, жыл сайынғы инвестициялық конференция. Инвестициялық конференция бағдарламасы цифрландыру, Индустрия 4.0, инвестициялар тарту бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік және әлемдік стратегияларға қатысты тақырыптар бойынша бірқатар пленарлық сессиялардан тұрады.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу