Үкіметте «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске асыру мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру мәселелері қаралды. «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, 01.01.2018 ж. күшіне енген жаңа Кеден кодексінің нормалары аясында жүргізіліп жатыр.

БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазаннан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92%-тен астамы (180 мыңнан астам транзиттік декларация) 1 минуттан аспайтын уақытта шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі іске қосылды.

«Биылғы 1 сәуірден бастап импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90%-і «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде шығарылды», — деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, қаржы министрі ақпараттық жүйені енгізу есебінен босатылған ақша қаражатын сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары тауар айналымына бағыттайтынын айтты, бұл ҚМ есебі бойынша бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы шамамен 12 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд теңгеге қамтамасыз етеді.

Бұдан өзге, БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп іске асырылып жатқан жобалардың бірі — «Бірыңғай терезе». Рұқсат құжаттарын ұсыну, бизнес–процестерін беру тұрғысынан барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, әзірлеуші техникалық топқа жіберілді. 2018 жылдың мамыр айында «Бірыңғай терезе» порталын және оның компоненттерін пилоттық режимде іске қосу жоспарланған.

 

Кедендік рәсімдерді жүргізуді жылдамдатудың маңызды бағыты — физикалық инфрақұрылымды дамыту. Аталған бағытта барлық автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жоспарланған.

«Қазақстан-Қытай шекарасында "Нұр жолы" жаңа өткізу пунктінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша жүріп жатыр. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2018 жылдың маусым айы. Қалған 8 автомобиль өткiзу пунктерінің реконструкциясын ҚХР-дан жеңілдетілген үкіметтік қарыз тарту есебінен жүзеге асыру көзделген», — деді Бақыт Сұлтанов.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Осы жылдың сәуір айында «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен оны «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылды.

Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оның аясында талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылады, сондай-ақ атқарылатын жұмыс жартылай автоматтандырудан, толық автоматтандыруға көшіріледі.      

Бүгінде 63 кеден бекеті жердегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті — спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған.

«Министрлік техникалық мүмкіндіктерді іздестіру арқылы «Астана-1» АЖ жұмысын қамтамасыз ету үшін кеден бекеттерін жоғары жылдамдықты байланыс арналарына қосу жұмыстарын жүргізеді», — деді Дәурен Абаев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Астана-1» АЖ-ны енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пайдасы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин мен Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.

 

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу