24 Сәуір 2018, 06:08
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жарақтандырудың ең төменгі нормативтеріне сәйкес медициналық техникамен жарақтандырудың орташа пайызы 65,2% құрайды. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың тозуы 35% астам. Медициналық техниканы жаңартуға деген қажеттілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайды.
2016 жылдан бастап 2018 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд астам теңгеге медициналық техника сатып алынды. Бұдан өзге жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі. 2017 жылы — 42,8 млрд теңге, ал 2018 жылы — 40,2 млрд тг.
Сонымен қатар 2016–2018 жылдары МЖӘ мен лизинг тетіктерін қолдана отырып, медициналық техниканы сатып алу қарқыны ұлғайды.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2017 жылғы мамыр-маусым кезеңдерінде 2012–2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең–кезеңмен тексеріс жүргізді. Құны 5 млн астам теңге тұратын медициналық техникаға талдау жасалды. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды», — деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша құны 50 млн астам теңге тұратын медициналық техниканы сатып алу және денсаулық сақтау объектілерін салу кезінде міндетті сараптамалық бағалау жүргізілді. Сараптамалық бағалаудың арқасында 2017 жылы үнемдеудің жалпы сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.
Жергілікті атқарушы органдар тоқтап тұрған жабдықтар бойынша шаралар қабылдады, соның ішінде тоқтап тұрған жабдықтың 40 бірлігі жөнделіп, қайта бөлінді, 10 бірлігі есептен шығарылды.
«Қажеттілікке жүргізілген талдаудан кейін және МЖӘ мен лизинг арқылы жасалған шарттардың өсуінің оң қарқынын ескере отырып, Министрлік осы механизмдерді қолдану арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөнінде шешім қабылдады», — деді Е. Біртанов.
Сонымен қатар, 2017–2018 жылдары медициналық техниканы сатып алуға Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 5,4 млрд теңге сомасына (КТ – 6, МРТ – 5, рентген жүйесі – 1, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелеріне арналған жабдық– 1) МЖӘ шеңберінде 16 шарт жасалды. 2018 жылға жалпы сомасы 18 млрд теңгеге МЖӘ-нің 21 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде (Пэт-орталықтар, КТ, МРТ, рентген жабдығы).
2016–2018 жылдар кезеңінде 4,9 млрд теңге сомасына 241 лизингтік жоба іске асырылды.
«Қазіргі таңда жарғылық капитал қаражаты есебінен «револьверлік тәсілмен» жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге 668 бірлік медициналық техника сатып алынды. Бұл тетік жабдықтарды сатып алу, оның тұрып қалуы, сервистік қызмет көрсету мәселелерін шешуге мүмкіндік берді», — деді Е. Біртанов.
Лизингтің қолданыстағы жүйесінің негізгі элементі денсаулық сақтау ұйымдарына лизингтік төлемдерді өтеу тетігі болып табылады. Бұған дейін лизинг жүйесін қаржыландырудың негізгі көзі республикалық бюджет болды.
«2018 жылы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру аясында «ҚазМедТех» АҚ сенімгерлік басқару үшін жеке компанияға берілді. Республикалық бюджеттен лизингтік төлемдерді өтеуге қаражат түрінде лизингтің жаңа жобаларын субсидиялау тоқтатылды. Соған байланысты лизингке жабдықтарды сатып алу жергілікті бюджет пен денсаулық сақтау ұйымдарының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады», — деді Елжан Біртанов.
Медициналық техниканы жоспарлау және сатып алу кезінде ашықтық деңгейін, сондай-ақ оны бақылау деңгейін арттыру шараларының бірі — ҚР денсаулық саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған Медициналық техниканың ұлттық базасын құру.
Ұлттық базада тапсырыс беруші ұсынған құжаттар деректерінен (Exworks бағасы) 25% шекті үстеме ақымен медициналық техниканың шекті құны қойылады, оған сатып алуды жоспарлау кезінде денсаулық сақтау ұйымдары бағдарланатын болады.
Сондай-ақ медициналық техниканы пайдаланудың тиімділігін арттыру құралының бірі — медициналық техниканың пайдаланылу тиімділігіне Онлайн мониторинг жүргізу жүйесі.
Мониторинг жүйесінің отандық және шетелдік әзірлеушілерінің қатысуымен Астана және Алматы қалаларының екі денсаулық сақтау ұйымының базасында медициналық техниканы іске қосу арқылы пилоттық жоба іске асырылды.
Жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландырып, оларға қымбат тұратын медициналық жабдықтарды қосу арқылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов пікір білдірді.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» ҰКП бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Бұдан өзге, рационалды жоспарлау және медициналық техниканы сатып алудың жөнділігі мәселелеріне назар аудару тапсырылды. Бұл жабдықтың тұрып қалу және оны тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу