Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында фермерлерге 76 млн га жайылым жер бөлінеді — А. Евниев

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев жаңа Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасы аясында фермерлерге жайылым жерлерді бөлу рәсімі туралы айтып берді.

Арман Евниевтің айтуынша, Бағдарлама «Жерді қайдан алуға болады?» деген сұраққа жауап береді. Елді мекендердің айналасындағы барлық жайылымдар жойылған. Дегенмен Қазақстанда көптеген жайылым жерлері бар.

«Біз бірнеше облысқа талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті миллионнан астам гектар жайылымы бар екені анықталды. Алайда оларда малдың жеткілікті саны жоқ екені анық. Бұл жерді тиімсіз пайдаланумен теңестіріледі және олар қайтарып алынады», — деп түсіндірді вице-министр.

Бұған жер заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты мүмкіндік берілді.

«Жер заңнамасына өзгерістер енгізуге арнайы бастама білдірдік. ҚР Парламенті қабылдаған Жер кодексіне енгізілген түзетулер жайылымдарды қайтарып алып, оларды тиімді пайдаланатындарға беру тетігін орындауға мүмкіндік береді», — деді Арман Евниев.

Бағдарламаны іске асырудың бір шарасы— фермерлерге 76 млн га жайылым жерді басымдықпен бөлу. Арман Евниевтің айтуынша, жайылымдар осы бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің арасында ғана, конкурстан тыс бөлінеді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі жер телімдерін бөлу рәсімдерін электронды форматқа көшіру жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз цифрландыру, автоматтандыру заманында өмір сүріп жатырмыз, келешекте конкурстар да электронды форматқа көшірілуі ықтимал. Яғни, үйден шықпай-ақ, электронды жүйе арқылы өтінім беріп, конкурстарға қатысып, нәтижелерді сол жерден көруге болады. Бұл да жер телімдерін беру рәсімдерін жеңілдетеді», — деді А. Евниев.

«Қазақстанның ет одағы» ЖКЗТО бас директоры Мақсұт Бақтыбаев ірі жер пайдаланушыларға жүргізілген талдау цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүргізілгенін айтты.

«Талдау жұмыстарын офисте отырып жүргіздік. Яғни, бүкіл жер кадастрының базасы бүгінде орталық сервердегі компьютерде сақталған. Жануарларға иелік ететіндердің барлық деректер базасы да серверде сақталады. Осы базаларды салыстыра отырып, біз жүктемені алдық. Егер ол жер кодексінің нормаларына сәйкес келмесе, ұйғарым автоматты түрде жазылады», — деп түсіндірді М. Бақтыбаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу