02 Мамыр 2018, 11:38
Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Жолдыбеков Қазақстан өнімдері негізінен қандай елдерге экспортталатыны туралы, сондай-ақ тәжік билігімен жүргізілген соңғы келіссөздердің нәтижелері жайында айтып берді.
Қуат Жолдыбековтың айтуынша, шикізаттық емес экспорттың таралу аумағы бүгінгі таңда 30-дан астам елді қамтиды. Бұл негізінен ТМД елдері (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан), алыс шетел елдері (АҚШ, Германия, Түркия, Иран) және Қытай.
«Өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Тәжікстанға жасаған сапары аясында KazakhExport автобустар, арматуралар мен теміржол машинасын жасау өнімдерінің экспорты бойынша меморандумға қол қойды», — деді Қ. Жолдыбеков.
KazakhExport қолдауымен Тәжікстан Душанбедегі автобус паркін кеңейту мақсатында жалпы құны $19 млн-нан астам сомаға KazakhExport қолдауымен Қазақстаннан Hyundai County маркасының 300-ге жуық автобусын сатып алады. Сондай-ақ, $16 млн астам сомаға Рогун СЭС құрылысына арнап «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның шамамен 30 тонна арматурасын экспорттау көзделген. Бұл мәміле «KazakhExport» қаржылық және сақтандыру құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, KazakhExport-тың қаржы құралдары Тәжікстанға теміржол машинасын жасау өнімдерін жеткізу кезінде пайдаланылатын болады. Мұнда 300 жабық жүк вагонын, 200 ашық вагонды, 4 маневрлік және магистральді локомотивтер экспорты туралы айтылып тұр, бұдан өзге Р-65 маркасының 5200 тоннадан астам рельсі жеткізіледі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу