28 Маусым 2018, 06:07
2018 жылдың басында автонесиелендіру бағдарламасы үшін 10 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Президент Жолдауының бірінші басымдығын іске асыру аясында Қазақстандағы машина жасау саласын дамыту келешегі туралы өткен баспасөз конференциясында ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов айтты.
Оның айтуынша, өткен жылдары бөлінген қаражатты қоса алғанда, қазір автонесиелендіру үшін 40 млрд теңге көлеміндегі сома бар. Бұл моделіне байланысты шамамен 12–13 мың автокөлікті сатып алуға жетеді.
«Қазір бұл қаржының барлығы толық игерілді. Автонесиелендірудің бір принципі – оған салынған қаржы револьверлі түрде қайта айналымға түседі, яғни бұл револьверлі несие. Сондықтан қазір бізде несиеде өткен жылдардан қайта келіп түскен ақшалармен қосқанда, 58–59 млрд теңгедей қаржы бар. Автонесиелендіру бағдарламасы тоқтатылмайды, әрі қарай жалғасын табады», — деді А. Батанов.
Машина жасау Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығындағы басымдықты сала болып табылады. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығы іске асырылған жылдары машина жасау қарқынды дамушы салалардың бірі болды.
2018 жылдың 5 айында машинажасау өндірісі 12,2%-ға өскен.
«Машина жасаудағы өндіріс көлемі 2010 жылдан бастап 2,3 есе ұлғайды. Машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 2010 жылы 9% болса, 2014 жылы бірінші бесжылдықта 15%-ға дейін өсті», — деді А. Батанов.
Машина жасауда басымдықты шағын салалардың ішінде автомобиль жасаудың үлесі көбірек (16%). 2017 ж. 19 547 автомобиль шығарылған. Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша бұл сектордағы өндіріс көлемі 71,5 млрд теңгені құрады.
Отандық автомобиль өндірушілер өткен жылы 1548 автомобиль экспорттаған.
«Қазақстанда электромобильдердің алғашқы типтері тестілеуден өткізілді. Болашақта отандық өндірушілер сұраныс пен қажетті инфрақұрылымның қалыптасуы бойынша қолдағы бар қуаттылықтармен электромобильдерді сериялы шығаруға әзір», — деді А. Батанов.
Елімізде электр техникалық машина жасау өндірісі де жолға қойылған.
Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша бұл сектордағы өндіріс көлемі 44,8 млрд теңгені құраған. Ал Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы машина жасау өндірісінің көлемі 19,8 млрд теңге болды. Қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.
«Мемлекет ауыл шаруашылық техникасына, оның ішінде көлік құралдарына қосылған құн салығын төлеуден босату секілді саланы қолдау шараларын қабылдауда. Сондай-ақ, биыл комбайндар, тракторлар мен автобустардың лизингісі үшін 13 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын бөлу жоспарланып отыр», — деп түйіндеді ол.
Темір жол саласының машинасын жасау туралы айтар болсақ, А. Батановтың айтуынша, оны индустрияландыру жылдарында белсенді дамып келе жатқан Қазақстан экономикасының секторларына жатқызуға болады. Осы жылдың қаңтар–наурыз айларында өндіріс көлемі 10,6 млрд тг құрады. Қаңтар–мамыр айларында 750 жүк вагоны шығарылды. 2019 жылдың соңына дейін 3000 вагон шығару көзделген.
Бұдан өзге, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тау-кен және мұнай–газ саласының машина жасау секторлары бойынша өндіріс көлемі 65,2 млрд теңгені құрады. Аталған секторлардың кәсіпорындары еліміздегі жүйе құрушы, мұнай сервистік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, «Қазақмыс» ЖШС қажеттіліктерін өтейтін «Мэйкер» ЖШС өткен жылы өндіріс көлемін 40%-ға 5,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, және қатарға роботтандырылған дәнекерлеу жабдығын іске қосу арқылы өндіріс көлемін одан әрі арттыруды көздейді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу