Бақытжан Сағынтаев: Қазақстан Үкіметі барлығын АХҚО қатысушылары болуға шақырады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Astana Finance Days халықаралық форумының жұмысына қатысты. Пленарлық сессия барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту, қаржы технологияларын реттеу және инвестицияларды қорғау мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев панельдік сессияны аша отырып, ертең ерекше шара — болашақтың қаржы нарықтарында серпіліс жасауға бағытталған, тәуелсіздіктің барлық жылдарындағы аса ауқымды ұлттық мега жоба — Астана халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымы өтетінін мәлімдеді.

АХҚО жаңа буынның қаржы хабы ретінде құрылады. Ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын ғана атқарып қоймай, сондай-ақ әлемдік қаржыларды дамытудың ең перспективалы бағыттарында қызметтер ұсынатын болады.

«Қазақстан Үкіметі барлығыңызды АХҚО қатысушысы болуға шақырады! Қазақстан өзінің жаһандық ашықтығын және сіздермен диалог орнатуға әзірлігін растайды», — деп форум қатысушыларына арнаған сөзін аяқтады Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар өздеріне көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

«Қазақстан исламдық қаржыландыру көшбасшысы болғанына қуаныштымын. Бұл елде өзін аймақтық хаб ретінде ұсынуға барлық мүмкіндік бар. Исламдық қаржыландырудың өсу шамасына қарай, мен ҚР-да исламдық қаржыландыру өседі деген үміттемін. Сукук құралының көмегімен өз үлесімізді қоса аламыз. Біз Қазақстанның саясатын қолдаймыз. Қазақстан үшін жалпы қаржыландыру $2,4 млрд асады. Қаржыландыру ауыл шаруашылығы, көлік және қаржы секторларына бағытталған», — деді Б. Хаджар.

ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян өз сөзінде АХҚО жобасын іске қосу тарихы тамсандыратынын атап өтті.

«ЕЭК орталық жұмысына үлкен үміт артады. Орталықты құру технологияларды жетілдіру, адами капиталды дамыту тәсілдерін жақсартатыны өте маңызды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қаржы орталығы басқа да орталықтарды тарту орталығына айналуда. 2025 жылы біз ортақ қаржы нарығын іске қосуымыз керек. Уағдаластықтарға сәйкес, реттеуші де Қазақстанда орналасады», — деді Т. Саркисян, ЕЭК алқасының төрағасы.

АХҚО құру іргелі сипатқа ие екенін Сбербанк басқарма төрағасы Герман Греф айтып өтті.

«АХҚО – өте өршіл жоба. Барлық алғышарттар жасалған. Жобаға ҚР Президенті, Премьер-Министрі жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл инвесторлар үшін аса маңызды тиісті шешімдермен сүйемелденген. Біздің киберқауіпсіздікпен айналысатын «Бизон» атты еншілес компаниямыз қазақстандық «Қазақтелеком» компаниясымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Компания АХҚО-да қыркүйек айында өз офисін ашу туралы шешім қабылдады», — деді Г. Греф.

Бұдан өзге, панельдік пікірталас барысында Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов сөз сөйледі.

«Біз Қазақстанмен белсенді жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазақстан көптеген бағыттарда көшбасшы. Сіздің елден өзімізге көптеген тәжірибе алып жатырмыз. Татарстан белсенді серіктес болады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Барлық қабылданып жатқан шешімдер – революциялық шешімдер деуге болады», — деді Р. Минниханов.

Дүниежүзілік банк тобының аға вице-президенті Сандра Нгози Окоро Хопкинс «АХҚО ашылуы елеулі оқиға екенін және қаржы орталығын сөзсіз табыс күтіп тұрғанын» айтты және ҚР Үкіметін аймақтық хабтың құрылуымен құттықтады.

Сондай-ақ, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Барбара Джадж бен АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының төрағасы Барбара Доманн құттықтау сөз сөйледі.

Люксембург Қаржы орталығының төрағасы Николас Макель форум тақырыбы ретінде жасыл қаржы мен басқа нарықтармен өзара әрекеттестіктің артуын таңдай отырып, ұйымдастырушылар басымдықтарды дұрыс айқындағанын айтты.

«Сіздердің басқа қаржы хабтарына осындай «көпір» ұйымдастырып отырғандарыңыз өте маңызды. Біз сіздермен ынтымақтастық орнатуды асыға күтеміз. Мен Үкімет пен АХҚО жұмысын атап өткім келеді», — деді Н. Макель.

Өз кезегінде Баку халықаралық теңіз сауда портының директоры Талех Зиядов Қазақстан өз аумағында қаржы орталығын ашқан елдердің қатарына енгенін және олардың АХҚО-мен белсене ынтымақтастық орнататынын мәлім етті.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов панельдік сессия қорытындысын шығарды.

«2015 жылдың ортасында Қазақстан Президенті АХҚО құру туралы бастама көтерді. Әрине, бұл өте ауқымды бастама. «100 нақты қадам — бес институттық реформа» атты керемет бағдарлама қабылданды, бұл реформалардың ішіндегі заңның үстемдігі мен экономиканы әртараптандыру АХҚО тікелей қатысты. Үкімет осы жылдар бойы аталған реформаларды іске асыру үшін көп жұмыстар атқарып жатыр.

Жаңа технологияларға қатысты саналы реттеудің болуы тиістігі өте маңызды. АХҚО-да осындай орталық болғымыз келеді. Қандай аймақтарды қамтимыз? Біздің ауқымды үш аумағымыз бар. Бұл – кең мағынасындағы Орталық Азия. Біз Күнгей Кавказ, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия аймақтарына қызмет көрсеткіміз келеді. Аса маңызды бағыт – Еуразиялық экономикалық одақ. Бұл тұста біздің ел басшысымен нақты келісімдеріміз бар. Үшінші бағыт – Жібек жолын қайта қалпына келтіру бастамасы. Қытайлық қаржы институттары тарапынан өте зор қызығушылық байқалады. Біз өз жұмысымызды жаһандық қаржы орталықтарымен стратегиялық серіктестік орнатудан бастадық. Дубай, Әбу-Даби, Лондон, Гонконгпен тығыз жұмыс істеудеміз», — деді Қ. Келімбетов.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу