20 Шілде 2018, 03:08
Астанада Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарына қатысушылардың IV съезі өтті. Оның аясында 100-ден астам кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар және «Атамекен» ҰКП өкілдері Қазақстанның АЭА дамыту келешегі мен өзекті мәселелерін талқылады.
Съезд аясында Дүниежүзілік еркін экономикалық аймақтар федерациясының (Femoza) президенті Хуан Тэррентс «Жаңа Жібек жолының цифрлық парктері» жобасымен таныстырды, онда Қазақстанға электрондық сауданы дамытудағы стратегиялық орталық рөлі берілген. Femoza-мен ынтымақтастық туралы меморандумға «Ақтау теңіз порты», «Павлодар», «Сарыарқа», «Астана Технополис» аймақтарының басқарушы компаниялары қол қойды.
Х. Тэррентстің пікірінше, Қазақстанда АЭА дамытудың жақсы перспективалары бар.
«Қазақстан географиялық жағынан қолайлы жерде орналасқан. Бұл осы елдің арнайы экономикалық аймақтарының басты артықшылықтарының бірі. Осы мүмкіндікті белсендірек пайдалану қажет, әрине, жұмысты электронды сауда аймағына бағыттап, блокчейн мен басқа да жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет», — деді Х. Тэррентс.
Арнайы экономикалық аймақтардың оң нәтижелері туралы ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің АЭА басқармасының басшысы А. Меңдіғазиев айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 11 арнайы экономикалық аймақта 170-ке жуық жоба іске қосылған. Салық түрінде 800 млрд астам теңге тартылды. Бюджетке 130 млрд теңге көлемінде аударымдар төленді.
«Бұл арнайы экономикалық аймақтардың әсері бар екенін көрсетеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер артатынына сенеміз», — деді А. Меңдіғазиев.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қ. Бишімов АЭА тек экономиканың қозғаушы күштері ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлікті дамытудың локомотивтері екенін атап өтті.
«АЭА-лардың басты міндеті – жаңа технологиялар мен зауыттардың үздік үлгісіне айналу болды. Бұл үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Бүгінде елімізде 11 экономикалық аймақ бар, шамамен 14,5 мың жұмыс орны ашылды. Бізге, палата ретінде, көптеген шағын және орта бизнес өкілдерінің арнайы экономикалық аймақтардың жанында шоғырлануын белгілеп өту өте маңызды», — деді Қ. Бишімов.
Сондай-ақ, Съезд жұмысының барысында ҚҚС бойынша жеңілдіктерді қолдану, кедендік рәсімдерді жеңілдету, АЭА қатысушыларына белгілі бір түрдегі жеңілдіктердің жөнділігі және т.б. мәселелер талқыланды.
«Атамекен» ҰКП, Экономикалық зерттеулер институтының өкілдері, «Қорғас» ШЫХО АҚ президенті, «Астана Технополис», «Ақтау теңіз порты», «Павлодар» АЭА басшылары шара спикерлері болды.
Естеріңізге сала кетейік, 09.02.2018 ж. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 11 АЭА жұмысының тиімділігіне талдау жасауды тапсырған еді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу