Бақытжан Сағынтаев Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысын өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында Мемлекет басшысының 100 нақты қадам — ұлт жоспарында алға қойған тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырыста айтылғандай, жұмыс бағыттарының басым бөлігі аяқталу сатысында тұр. Атап айтқанда, қызметтерінің нәтижесіне қарай мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтерудің пилоттық жобасы жүзеге асырылды, білім беру мен медициналық қызмет көрсету сапасы мен деңгейін арттыру, бәсекелі ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға мемлекетке тікелей қатысты емес функцияларды беру, мемлекеттік органдар мен әкімдердің жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бәсекелі ортаға жобалардың сараптамасын беру, кеңес кезінен бері қолданылып жүрген, ескірген құрылыс нормалары мен ережелердің орнына Еурокод жүйесін енгізу мәселелері қаралды. Трансұлттық корпорацияларды экспорттық тауарларды шығару және Қазақстанды әлемдік нарықтарға шығару үшін өңдеу секторына тарту, «зәкірлі инвесторлармен» — халықаралық стратегиялық серіктестермен экономиканың басым салаларында бірлескен кәсіпорындар құру, ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастырудың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту, туристік кластерлерді құру, «Ұлттық чемпиондар» бастамасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, отырыста Астананы зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, барлық аймақтың туристерін тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығы ретінде дамыту жөніндегі қадамдарды жүзеге асыруға назар аударылды. Капитал нарықтарына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыруға мамандандырылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының Даму стратегиясын әзірлеу туралы мәселе қаралды.

Отырыс барысындағы талқылауды ескере отырып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға барлық бағыттарды түпкілікті пысықтау туралы нақты тапсырмалар берілді. Жұмыс қорытындысы осы жылдың соңында Ұлттық комиссияның кезекті отырысында тыңдалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу