Б. Сағынтаев пен ДСҰ бас директоры Р. Азеведу сауда саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға Сауда-саттық және инвестициялар тартуды қолдау жөніндегі жоғарғы деңгейдегі форумға қатысу үшін келген Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) бас директоры Роберту Азеведумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ДСҰ-ны одан әрі кеңейтуге және Қазақстанның көпжақты сауда жүйесіне белсенді түрде бірігуіне қатысты мәселелер талқыланды. Электронды сауданы дамыту, инвестицияларды тартуға қолдау көрсету, шағын және орта кәсіпорындарды халықаралық саудаға біріктіру жөніндегі өзекті мәселелерге, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарының кейбір аспектілеріне қатысты сындарлы пікір алмасу өткізілді.

Еске сала кетейік 27.07.2015 ж. Женевада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры Роберту Азеведу Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойған еді.

Өткен жылы Қазақстан ДСҰ-ның Сауда және қоршаған орта комитетіндегі төрағалық етуін сәтті аяқтады. Қазіргі таңда еліміз — ДСҰ-ның Сауда қызметтері жөніндегі арнайы сессиясының төрағасы.

26–27 қыркүйек күндері Астанада ДСҰ бастамасымен ДСҰ-ға кіру жөнінде дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел 2011 жылдан бері өткізіліп жүр. Шараға 40 ДСҰ-ға мүше елдің және бақылаушы елдердің министрлері мен делегация басшылары шақырылған (ТМД, Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдері).

Бүгін Астанада ДСҰ-ның Сауда-саттық және инвестициялар тартуды қолдау жөніндегі жоғарғы деңгейдегі форумы өтіп жатыр. Форумды Қазақстан «Даму мақсатында инвестициялар тартуды қолдау достары» (FIFD) ДСҰ тобымен серіктестікте ұйымдастыруда. Топқа ҚР-ны қосқанда 16 ел кіреді.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу