Бақытжан Сағынтаев Kazakh Invest директорлар кеңесінің отырысын өткізді 

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық имиджді дамытуға ықпал ететін тетіктерді жетілдіру жолдары қаралды. Сонымен қатар, компанияның өткен кезеңдегі қызметі туралы есеп тыңдалды. 

Ұлттық инвестициялық стратегия аясында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірлеу туралы бірқатар міндеттер анықталды. «Kazakh Invest» ҰК төрағасы Сапарбек Тұяқбаев былтыр шетелдік ұйымдармен құны миллиард доллардан асатын 25 құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Осы уақыт ішінде АҚШ, Германия, Франция, Италия, Түркия, Жапония, ҚХР, Оңтүстік Корея және т.б. елдердің инвесторларымен 250-ден астам кездесу ұйымдастырылған. Бұдан басқа, 2017 жылдың қорытындысы бойынша компанияның мониторинг жүйесінде $47,8 млрд болатын, 35 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 145 инвестициялық жоба болған. 2017 жылдың соңына дейін олардың $188,9 млн болатын тоғыз жобасы жүзеге асты. Бүгінде компанияның мониторинг жүйесінде $50 млрд құрайтын 188 жоба бар, бұл шамамен 55 мың жұмыс орнын ашуға  мүмкіндік береді. 

Отырыста тәуелсіз директор У. Вокурка да баяндама жасады. 

«Kazakh Invest» ҰК Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Kaznex Invest» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі базасында құрылды. Қойылған талаптарға сай, Kazakh Invest Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан мақсатты трансұлттық компаниялар мен ірі инвесторлармен бірыңғай келіссөз жүргізеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу