Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісінің үш параметрі бойынша бірінші орынды иеленді — ҚР ҰЭМ

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің қорытындылары туралы айтып берді.

17 қазанда Дүниежүзілік экономикалық форум 2018–2019 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің жыл сайынғы рейтингісін ресми түрде жариялады.

ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің есептеріне сәйкес Қазақстан 140 елдің ішінде 59-орында тұр, бұл 2017 жылғы жайғасымға сәйкес келеді. 12 бәсекеге қабілеттілік факторының бес факторы бойынша жақсы нәтиже көрсетілген — «Институттар» (+12), «Тауарлар нарығы» (+10), «Инфрақұрылым» (+3), «Еңбек нарығы» (+3), «Қаржылық жүйе» (+2). Үш фактор бойынша жайғасым өзгерген жоқ — «АКТ», «Нарық көлемі», «Инновациялық әлеует».

Сонымен қатар, Қазақстан 2017 жылмен салыстырғанда өз жайғасымын 0,7 ұпайға жақсарта отырып, 61,8 ұпай жинақтады. Бұл Колумбия, Түркия, Перу тәрізді елдерді басып озуға мүмкіндік берді.

Т. Сүлейменов Қазақстан әлем бойынша корпоративтік басқару саласындағы акционерлердің құқығы; тарату және қайта құрылымдау рәсімдеріне қолданылатын құқықтық базаның баламалылығы мен тұтастығы; электрлендіру дәрежесі(электрлендіруге қолжетімділік) параметрлері бойынша бірінші орын алғанын атап өтті.

Бұдан өзге, Қазақстан бизнес ашу құны бойынша жетінші орында және мүдделер қайшылығын реттеу бойынша 11 орында тұр.

«Көптеген факторлар бойынша Қазақстан аймақтағы елдерден және табысы салыстырмалы деңгейдегі елдерден озық тұрғанын айрықша атап өткен жөн. Табысы бірдей дерлік деңгейдегі елдермен салыстырғанда Қазақстан «Макроэкономикалық тұрақтылық», «АКТ», «Еңбек нарығы», «Нарық көлемі», «Білім және дағдылар», «Бизнестің қарқындылығы» факторлары бойынша жоғары көрсеткішке ие», — деді министр.

«Институттар», «Инфрақұрылым», «Тауарлар нарығы» факторлары бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіштері ұқсас елдердің орташа көрсеткішімен тең.

ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстан «АКТ», «Макроэкономикалық тұрақтылық», «Еңбек нарығы», «Нарық көлемі» және «Бизнестің қарқындылығы» факторлары бойынша бәсекелестік артықшылықтарға ие. Қалған факторлар бойынша Қазақстанның көрсеткіштері орташа алғанда ТМД елдерінің көрсеткіштерімен тең.

Жалпы алғанда, Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» — 30 орын және «Бизнестің қарқындылығы» — 37 орын секілді факторлар бойынша бәсекелестік артықшылыққа ие деп белгіледі.

«АКТ» (44), «Нарық көлемі» (45), «Білім және дағдылар» (57), «Тауарлар нарығы» (57), «Институттар» (61), «Макроэкономикалық тұрақтылық» (62) және «Инфрақұрылым» (69) факторлары орташа деңгейде бағаланды.

Сонымен қатар, Т. Сүлейменов Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің биылғы рейтингісі жаңа формат бойынша есептелгенін, ол 70% жаңа индикаторлардан тұратынын атап өтті.

«Әдістемесі айтарлықтай өзгерді: индикаторлардың 70% қайта қаралды. Әртүрлі өзгерістер болды. Көрсеткіштер төмендеген кездер бе бар. Мәселен, Әзербайжан 33 болған еді, ал қазір — 69. Сондықтан да бұрынғы әдістемемен тікелей салыстыруға келмейді. Есептер мүлдем басқа базамен жүргізілді», — деп есептейді ұлттық экономика министрі.

Т. Сүлейменовтың айтуынша, ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің әдістемесін сирек өзгертетінін айтты. Алдыңғы әдістеме 14 жыл бойы өзгерген жоқ.   

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісі 35 жылдан бері шығарылып келеді. Қазақстан рейтингке 2006 жылдан бері қатысады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу