23 Қазан 2018, 08:35
Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімдерін жасау және оны іске асыру рәсімі туралы айтып берді.
Ең алдымен Ж. Қасымбек Инвестициялар және даму министрлігінің желісі бойынша 18 жоба пысықталу және іске асырылу үстінде екенін атап өтті.
БАҚ өкілдерінің кәсіпкерлермен мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімдерінің қалай жасалатыны туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Ж. Қасымбек оның екі нұсқасы барын жеткізді.
«Егер бұл еліміз үшін өте маңызды кәсіпорын болатын болса, ал бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндік болмаса, және егер бұл жобаны концессия арқылы іске асыру тиімді болатын болса, онда мемлекет бұл бастаманы өзі ұсынады, конкурс жарияланады», — деді министр.
Осындай қағидамен іске асырыла бастаған жобалардың бірі — «Түркістан облысының жылдамдықты автомобиль жолдарының құрылысы және оны пайдалануға беру» концессиялық жобасы.
Жоба аясында Шымкент қ. Оңтүстік-Батыс айналымын (48 км), Сарыағаш қ. айналымын (55 км), Абай-Қызыләскер учаскесінің (34 км) және Қонысбаев өткізу пунктіне Қызыләскер-Шыназ кіреберісін (14 км) салу қарастырылады.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалы көлемінің артуына, Шымкент және Сарыағаш қалаларынан тәулігіне 25 мыңға дейін автокөлік құралдарын шығаруға ықпалын тигізеді.
Қазіргі кезде конкурстық құжаттаманы әзірлеу аяқталып қалды. Желтоқсан айының ортасына дейін экономикалық қорытындыны алып, жылдың соңында конкурс жариялау жоспарланған.
Екінші қағидасы — бастаманы кәсіпкерлердің өздері көтеретін жағдай.
«Бұл қағида бойынша кәсіпкерлер мемлекеттік органға өз бастамаларымен келеді. Біз бір ай ішінде осы бастама туралы ақпаратты өз сайтымызда немесе басқа ақпарат көздеріне орналастырамыз. Егер бұл бастаманы іске асыруға ниет білдіретін басқа компаниялар шықпаса, онда онымен тек бізге ұсыныс білдірген компания ғана айналысатын болады. Егер басқа компаниялар қосылса, онда конкурс жарияланады», — деп түсіндірді Ж. Қасымбек.
Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында басталған «Нұр жолы» өткізу пунктінің құрылысы» жобасын іске асыруда жеке кәсіпкерлер бастамашы болды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу