Үкімет үйінде Астананың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сумен жабдықтау шаралары қаралды 

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев су шаруашылығы және елімізде суармалы егіншілікті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді. 

Кеңес барысында Астананың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сумен жабдықтау мәселелері, сондай-ақ суармалы егіншілік жүйесін жетілдірудің перспективалық жобаларына қатысты мәселелер талқыланды.

Кеңесте сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, ҚР АШМ жауапты хатшысы А. Мамытбеков, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Әбішев қазіргі жағдайға жасалған талдау мен алға қойылған міндеттер бойынша бірқатар шешімдерді ұсынды. Атап айтқанда, қорғаныс бөгетін реконструкциялау, тасқын сулардан қорғау, елорданы ауыз сумен жабдықтаудың сақтық көзін және жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ сұранысқа ие суармалы жерлерді қалпына келтіру жөніндегі тәсілдер қаралды.

Мәселені талқылауға бейнеконференция режимінде ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, Астана әкімі Б. Сұлтанов пен Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин қатысты. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу