05 Қараша 2018, 09:47
Бүгін Астана қаласында АT-саласының сарапшылары мен кәсіпкерлерінің және ғалымдардың басын қосқан халықаралық Digital Bridge инновациялық форумы отандық стартап-индустриясын дамытуға тың серпін бермек. Форум алаңында әлеуметтік маңызы жоғары Greenet жобасымен таныстырған Қазбек Рақышев осылай дейді.
— Өз жобаңыз туралы айтып берсеңіз? Мақсаты қандай?
— Greenet жобасы балаларды қауіпсіз интернетпен қамтамасыз етеді. Өміріміздің бір бөлшегіне айналып бара жатқан интернет желісі пайдалы ақпарат берумен қатар, баланың қалыптасуына кері әсерін тигізетін, қажетсіз ақпаратқа да тұнып тұр. Соңғы жылдары белең алған жасөспірімдердің арасындағы жағымсыз әдеттерден балаларды қорғау үшін осындай жобаны іске қостық. Яғни, біздің жүйе модемге орнатылып, телефон, компьютер, планшет болсын кез келген құрылғыда балалар үшін қауіпті ақпаратты жауып тастайды. Тіпті, сайттарды ашқан кезде шыға келетін қажетсіз жарнамаларды да көрсетпейді. Бала «күмәнді» сөздермен өзіне ақпарат іздеген жағдайда, ата-анасына ескерту жібереміз. Бұл ата-ананың баласының қауіпсіздігі мен оның көңіл-күйін түсінуде көмектесетін жақсы құрал деп ойлаймын. Яғни сізге балаңызды байқаңыз, неге қызығып, не мазалайтынын біліңіз деген «қауіп дабылы» жетеді.
— Мұндай жобаның баламасы бар ма? Құны қанша?
— «Ата-аналық» бақылау жүйесі туралы естіген боларсыздар. Яғни, онда мына сайт «жақсы» не «жаман» деген тізімге енген сайттардың мазмұны бойынша балаларға интернет желісінде шектеу қойылады. Алайда, ол жүйеде қауіпті ақпаратты білгісі келген балаға қандай да бір ақпарат бәрібір қолжетімді. Ал, біздің жүйеде шектеу «кілт сөздер» арқылы жұмыс істейді, барлық балаға қажетсіз сөздер бала үшін қолжетімсіз болады. Құны – бір айға 1 мың теңге. Ең бастысы, жоба адамдарға көмегін тигізсе деген ниеттеміз.
— Бүгінгі іс-шарадан қандай әсер алдыңыз? Алға қадам жасауға себепкер бола алды ма?
— Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Мұндай шаралар, әсіресе стартапшылар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Мысалы, бүгіннің өзінде біз бірнеше келіссөздер жүргіздік. АT саласындағы ірі компания BTS Digital бүгін жобамызбен танысып, қызығушылық танытты.
— Мемлекет тарапынан қандай қолдау жасалуда?
— Әрине, қолдауды барынша пайдаланып отырмыз. Мемлекеттің қамқорлығы әрі АT саласын дамытуда жасаған маңызды қадамы ол – Astana Hub халықаралық технопаркін құруы. Соның арқасында біз білімімізді жетілдірдік. Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде болып жатқан жаңашылықпен танысып, бастаған ісімізге деген сенім артып келеді. Қажетті оқу құралдарының молдығы, түрлі тренингтер мен білікті мамандардың арқасында біз «жаңа қаз тұра бастаған сәби» сынды алғашқы қадамымызды жасап келеміз.
— Сіздің ойыңызша, Astana Hub елімізде АT саласын дамытуда қаншалықты пайдалы болады?
— Astana Hub аз уақыттың ішінде көп жұмыс атқарды. Біздің елде өте ақылды әрі талантты жастар көп. Алайда, олар істі қандай қадамнан бастарын біле бермейді. Ал, Astana Hub осы жастарға жол көрсетіп, бұл жобаның қаншалықты қажетті, бәсекеге қабілетті екенін түсінуге көмектеседі. Яғни, жастарды тұрған орнынан қозғап, екпін беріп, биік шыңға жетуге себепкер болады.
— Идеясын жүзеге асыруға мүмкіндігі болмай жүрген жас стартапшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Ең бастысы, қорықпау керек. Идея қанаттандырса, оны жүзеге асыруда ештеңеден тайынбау керек деп ойлаймын. Бұл жол оңай емес, бірақ еңбек пен білім бәрін жеңеді. Astana Hub технопаркіне келіңіз, мұнда бәріміз бір отбасының баласындаймыз. Бір-бірімізге білгенімізді айтып, жол сілтейміз. Ең бастысы, көрмелерге көп қатысып, өз жобаларыңызды таныстыра беріңіз.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу