15 Қараша 2018, 11:53
Бүгін Астанада Қазақстан – Словакия бизнес форумы өтті. Онда екі елдің іскерлік орталарының жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары анықталды. «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары М. Бірімжан мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Н. Бөкейханов PrimeMinister.kz тілшілеріне ынтымақтастық өсімінің әлеуеті тоғысатын тұстары туралы айтып берді.
«Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары М. Бірімжан бұл қазақстандық-словакиялық бизнес форумының екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына серпін беретініне сенімді, себебі бүгінде бұл ынтымақтастықта зор әлеует те, қарым-қатынасты жоғарырақ деңгейге көтеруге деген ниет те бар. «Kazakh Invest» ҰК деректеріне сүйенсек, 2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін Словакиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $20,6 млн құраған. Сонымен қатар, ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуеті бар.

«Бүгінгі форумның қатысушылары әр елдің мықты тұстары туралы көбірек білді. Словакия индустриялық-аграрлық ел ретінде біздің кәсіпкерлеріміз үшін қызығушылық тудыратын ел, біз олардан машина жасау, энергетика, инфрақұрылым салу саласындағы ноу-хаулар мен технологиялар бойынша көп нәрсе үйрене аламыз», — деп М. Бірімжан, Словакия Республикасында біздің экономикамыз үшін басымдыққа ие шикізаттық емес секторлар жақсы дамығанын атап өтті.
Сонымен қатар М. Бірімжан қазақстандық тараптың өнеркәсіп және шикізаттық емес экспорт салаларын қоса алғанда, экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастық орнатуға әзір екенін атап өтті. Мәселен, «Integra Construction KZ» қазақстандық компаниясы қазірдің өзінде Словакия Республикасында халықаралық деңгейдегі Словакия астанасы мен Украина шекарасы арасындағы темір жолды жаңғырту бойынша ірі инфрақұрылымдық тендерге қатысып жатыр.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Н. Бөкейханов өз кезегінде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі туралы мәлімдеді.
«Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың қорытындысы бойынша $53 млн құраған. Аталған көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 40% жоғары. 2018 жылдың І жарты жылдығында тауар айналымы $30 млн болған», — деп Н. Бөкейханов, бұл екіжақты ынтымақтастықтың шекті деңгейі емес екенін атап өтті.
Өзара іс-қимыл салаларының бірі — машина жасау, нақтырақ айтқанда автомобиль және қосалқы бөлшектер өндірісі. Н. Бөкейхановтың айтуынша, Словакия автокөлік шығару бойынша еуропалық көшбасшы саналады. Словакияның әр азаматына шаққанда жыл сайын 180-нен астам автокөлік шығарылады. Қазақстан үшін бұл тек экспорт-импорт тұрғысынан ынтымақтастық орнатудың мүмкіндігі емес, ондай-ақ осыған ұқсас өндірістерді тиімді ұйымдастыруда тәжірибемен алмасудың мүмкіндігі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу