Теңге рөлін арттыру, инфляциялық үдерістерді тұрақтандыру және төлем қызметтерін дамыту: Қазақстанның қаржы секторы қалай дамып жатыр

15 қараша күні ҚР ұлттық валютасына 25 жыл толды. Қазақстанда осы маңызды күні Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресі өтті, оның аясында теңгенің рөлін арттыру және инфляциялық үдерістерді тұрақтандыру мәселелері, сондай-ақ қазіргі заман жағдайларында орталық банктердің алдында тұрған сын-тегеуріндер талқыланды.

Конгреске қатысу үшін Алматыға әлемнің 20 елінен 300-ден астам қатысушы келді, олардың қатарында орталық банктердің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері және қаржы нарығының кәсіби қатысушылары болды.

Конгресс қатысушылары бүгінгі таңда елімізде макроэкономикалық тұрақтылыққа, инфляцияны және инфляциялық болжамдарды, сондай-ақ долларландыру деңгейін төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті.

 

Инфляциялық таргеттеу режиміне көшу туралы

2015 жылдың екінші жартысында инфляциялық таргеттеу режиміне көшіп, еркін құбылмалы айырбас бағамы жүзеге асырылған кезде сыртқы жағдайлар жағымсыз болды — қазақстандық экспорттың негізгі позицияларына әлемдік бағалардың төмендеуі жалғасты, Қазақстанның сауда серіктесі–елдер ұлттық валюталарды құнсыздандырды. Соның салдарынан валюта нарығындағы тұрақсыздық, алып-сатарлық мәмілелер санының көбеюі, теңгелік депозиттерден валюталық депозиттерге қаражаттардың ағыны, банктердің теңгедегі өтімділігінәі төмендеуі және ақша нарығының мөлшерлемелердің күрт артуы орын алды. Мұның барлығы ұлттық валютаға деген сенімге кері әсерін тигізді. Осындай жағдайларда ақша мен валюта нарықтарындағы теңгерімді қалпына келтіріп, инфляция деңгейін төмендету керек, сондай-ақ, ұлттық валютаға деген және алтын-валюта активтерін сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан саясатқа деген сенімді қалпына келтіру қажет.

Инфляциялық таргеттеу тәжірибесінің қысқа мерзіміне қарамастан, еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығына, инфляцияны және инфляциялық күтулерді, сондай-ақ долларландыру деңгейін төмендетуге қол жеткізілді.

 

Ақша-несие саясаты

Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы ақша нарығындағы атаулы банкаралық пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге мүмкіндік берген базалық мөлшерлеме болды. Инфляцияның мақсатты көрсеткішіне қол жеткізу бойынша ақша-несие саясатын іске асыру үшін инструментарий әзірленді, ол кез келген жағдайда тиімді қолданылуы мүмкін. Белгіленген параметрлерде инфляцияны қамтамасыз ету мақсатында теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа басты көңіл бөле отырып, ақша-несие саясаты жүргізілді.

Бастапқыда 2016 жылғы ақпанда Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін базалық мөлшерлеме деңгейін жеткілікті түрде жоғары деңгейде белгіледі. Бұл — қаржы нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға, девальвациялық және инфляциялық болжамдарды төмендетуге жол ашты. Инфляциялық үдерістер баяулаған сайын базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеді. Үш жылда ол 17%-дан 9%-ға дейін шамамен екі есе төмендеді. Қазіргі таңда ол 9,25% құрайды.

Пайыздық арна жұмысының тиімділігін арттыру аясында бірнеше бағытта жұмыстар жалғасын тапты. Негізгі шаралар базалық мөлшерлеме рөлін күшейтуге бағытталды. Ақша нарығындағы қысқа мерзімді өтімділікті реттеуде негізгі рөлді атқаратын ашық нарық құралдарына ерекше көңіл бөлінді. Қысқа мерзімді ноталарға, кері сатумен (несиелік аукцион) бағалы қағаздарды сатып алуға арналған аукциондарға қосымша ретінде, Ұлттық банк 2019 жылдан бастап депозиттік аукциондарды енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Тұрақты қолжетімділік операциялары ашық нарық операциялары нәтижесінде қалыптасқан қысқа мерзімді өтімділік көлемдерін түзету үшін пайдаланылады.

 

Инфляция

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, инфляциялық таргеттеуге көшкен сәттен бастап, 2020 жылға қарай инфляция деңгейін 4%-ға дейін төмендету міндеті қойылған.

Экономикалық өсімге теріс әсерін тигізбей, инфляцияның төмендеуі біртіндеп жүруі үшін инфляция бойынша аралық бағдарлар белгіленді:

  • 2016-2017 жж. соңында 4-6%,

  • 2018 жылдың соңында 5-7%

  • 2019 жылдың соңындағы 4-6%,

  • 2020 жылдың соңында және кейінгі жылдары төмен, бірақ 4%-ға таяу.

Ұлттық банк осы бағдарлар аясында ағымдағы инфляцияны төмендету бойынша айтарлықтай табысты саясат жүргізді. Жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатының нәтижесінде, сондай-ақ қолайлы сыртқы және ішкі жағдайлардың әсерінен инфляциялық процестердің баяулағаны байқалды. Екі жыл ішінде инфляция деңгейі (2016 жылдың шілдесіндегі 17,7%-дан 2018 жылғы қыркүйекте 6,1%-ға дейін) екі есеге жуық төмендеді және 2017 жылдан бастап белгіленген мақсаттық дәлізде сақталды.

Инфляцияға қарсы жүйелі саясат инфляциялық таргеттеу режиміне көшу кезеңінде экономиканың өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша биыл инфляция 5-7% мақсатты дәлізде сақталады, ал 2019 жылы ол жаңа 4-6% төменгі мақсатты дәліздің жоғары шегінде қалыптасуы тиіс.

 

Инфляциялық болжамдар

Ақша-несие саясаты саласында шешімдер қабылдау кезінде нақты инфляция деңгейімен қатар инфляциялық болжамдар қарқыны да ескеріледі. Инфляциялық болжамдар бойынша ақпараттың негізгі көзі — түрлі мақсаттар үшін сауалнама жүргізуге маманданған GfK Kazakhstan компаниясы жүргізетін халықтан алынатын сауалнамалар нәтижелері. Аталған сауалнамалар 2016 жылдың қаңтар айынан бастап ай сайын жүргізіледі.

Инфляциялық болжамдардың табысты төмендеуі жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Инфляциялық болжамдарға оң әсер ету екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншіден, бұл экономикадағы о ң үрдістерге ықпал еткен ақша-несие саясатының жүйелі және уақытылы шешімдері. Екіншіден, маңызды фактор — бұл халықтың реттеушінің іс-әрекеттеріне деген сенімін арттыруға бағытталған белсенді және айқын коммуникациялық саясат.

Жүргізіліп жатқан саясаттың нəтижесінде халық сауалнамасының нәтижелері негізінде есептелген күтілетін инфляция нақты инфляция деңгейіне жақындай отырып, біртіндеп төмендейді. 2018 жылдың қыркүйегінде оның қмәні 6,4%-ды құрады (жыл басында 7,1%). Ұлттық банк, өз кезегінде, инфляциялық болжамдарды одан әрі тұрақтандыру үшін барлық мүмкін шараларды қабылдайды.

 

Валюта нарығы және валюта саясаты

2015 жылдың екінші жартысында қаржы нарығындағы негізгі оқиға еркін құбылмалы айырбас бағамына көшу болды. Қолайсыз жағдайларға қарамастан, валюта нарығындағы жағдай жылдамырақ тұрақтанды. Бұған сыртқы шикізат нарықтарындағы қолайлы жағдай да, Ұлттық банктің шаралары да ықпал етті.

2015 жылдың қараша айынан бастап Ұлттық банк валюталық нарыққа қатысуын барынша азайтты, бұл шетелдік валюта сұранысы пен ұсынысы арасында теңгерімделген теңге бағамын анықтауға мүмкіндік берді. Валюта нарығындағы жағдай және теңгенің бағам жасау факторлары егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Ұлттық банк ақпараты бойынша, қазіргі кезде халық пен компаниялар теңгенің айырбас бағамының шынайылығына бейімделді, валютаға артық сұраныс жоқ. Нарық қатысушыларының валюта нарығындағы ақталмаған спекулятивті операцияларға деген мүмкіндіктері айтарлықтай қысқарды. Адамдар айырбас пунктілеріне үнемі «жүгірудің» қажеті жоқ екенін түсінді, өйткені бағам динамикасы әлсіреу мен күшеюге байланысты өзгереді және жоғары құбылмалылық болған жағдайда жиналған ақшаның бір бөлігін жоғалтып алу қаупі бар.

Аталған саясаттың тиімділігін арттыру үшін құралдар үздіксіз жетілдіріліп, нарықта жаңа тетіктер енгізілуде. Мәселен, 2018 жылдың 10 қыркүйегінен бастап теңгенің АҚШ долларына ресми бағамы Т+1 есептеулерінің мерзімдерімен сауда-саттық сессияларының қорытындылары бойынша орташа биржалық бағам негізінде белгіленеді, яғни келесі күні. T+1 есептеулері өтімділікті жақсы басқаруға жол ашады және ақша нарығындағы құбылмалылықты төмендетуге ықпал етеді.

Қосымша жаңалық — 01.10.2018ж. бастап «Қазақстанның қор биржасы» АҚ валюталық нарықтағы орталық контрагент қызметін атқаруға кірісті және мәмілелер деректерін сақтандырумен айналысады. Контрагентті құру несиелік тәуекелдерді басқаруды жақсартуға, нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелдік қатысушыларға деген тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Своп нарықта 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанның қор биржасы алаңында аса ұзақ мерзімді құралдар енгізу көзделген, олар орталық контрагенттің тетігі арқылы сақтандырылады. Жаңа құралдар екінші деңгейдегі банктерге ұзақ мерзімді негізде қаражат тартуға және валюталық тәуекелдерді хеджирлеуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ банктерге өз клиенттеріне осыған ұқсас өнімдерді ұсыну мүмкіндігін ашады.

Ұлттық банк өзінің тәжірибесінде алғаш рет қаржы нарығын дамыту мақсатында хеджирлеу құралдарын енгізді. Бұл шара орталық контрагентті құрудың арқасында мүмкін болды.

 

Теңгеге сенім мен долларландыру

Ұлттық банк банктердегі салымдарға, әсіресе ұлттық валютада халықтың ақшалай қаражаттарды салуын ынталандырады. Бұл үшін теңге және валютадағы бөлшек сауда депозиті бойынша ұсынылатын мөлшерлемелер арасында кеңейтілген дифференциал белгіленген. Бүгінгі таңда депозиттер халық арасында танымал әрі тартымды қаржы құралына айналуда, бұл қаражаттардың табыстылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, корпоративтік бағалы қағаздар нарығын дамыту, институционалдық инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңейту және теңгеде қаржы құралдарымен биржалық сауда-саттықты ынталандыру арқылы теңге құралдарының тартымдылығын арттыру шаралары қабылданған.

Қосымша инвестициялау және қаражат жинақтау құралын қамтамасыз ету мақсатында халыққа өлшенетін алтын құймаларын сату және қайта сатып алу бағдарламасы табысты енгізілді.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде елдегі құндылықтарды есептеу, жинақтау, өлшеу құралы ретінде теңгенің маңыздылығы артып келеді. Дедолларизация үрдісі едәуір алға жылжыды: шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2016 жылдың қаңтарында максималды деңгей 70%-дан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін 48%-ға дейін төмендеді. Осы кезеңде теңгелік салымдар екі есе өсті, оның ішінде халықтың теңгедегі салымдары үш мәрте өсім көрсеті, ал валюталық салымдар үш есеге жуық төмендеді.

Ұлттық валютаның тартымдылығын арттыру жөніндегі қабылданған шаралардың оң нәтижелерінің бірі — теңгелік ақша массасының өсуі. 2016 жылдың басынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін теңгедегі ақша массасы 83%-ға өсті.

 

Банктердің несиелік белсенділігі

Ақша-несие саясатын жеңілдету жағдайында 2016 жылдан бастап несие нарығында жандану байқалды: жаңа несиелер беру өсті, несиелер құны төмендеді, олардың қолжетімділігі артты. Банк секторы сауықтырылды, бұл алдағы уақытта экономиканы несиелеуді өсіру үшін сенімді инфрақұрылым құрды. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің несие портфелін қоспағанда, экономиканы несиелендіру саласы оң үрдіс көрсетеді. «7–20–25» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жинақтаушы салымдар тәжірибесін енгізу арқылы қорландырудың депозиттік базасын нығайту бойынша заңнамалық шаралар қабылданды. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша максималды мөлшерлемелерді анықтау тәсілі салымдардың мерзімдері және түріне қарай мөлшерлемелерді саралау арқылы өзгерді, бұл мерзімдік депозиттер нарығының дамуын ынталандырады және қорландырудың тұрақтылығын арттырады. Экономиканы несиелендірудің алдағы бағыттары үшін банктердің ұзақ мерзімді өтімділігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау жоспарланып отыр.

 

Тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу

01.01.2019 жылдан бастап Ұлттық банк реттеуші және қадағалаушы мандатты заңнамалық тұрғыдан күшейтеді және қаржылық ұйымдардың тәуекелдерге бағдарланған қадағалау принциптеріне көшеді.

Проблемалық банктерді реттеу режимі қалпына келтірудің жаңа құралдарын енгізу арқылы жетілдірілді: мемлекеттік шығындарды азайту мақсатында акционерлермен және кредиторлармен шығындарды бөлісу. Аталған заңнамалық өзгерістер банк секторындағы проблемалардың қайталануына жол бермейді және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауды күшейтеді.

 

Қадағалаудағы әрекет ету шараларын қабылдау

01.01.2016 ж. бастап 01.10.2018 ж. аралығында бақылауға алынған субъектілерінің қызметін қадағалау нәтижелері бойынша Департамент келесі шараларды қабылдады:

  • банк операцияларын жүргізуге лицензияның қолданылуын тоқтата тұру түрінде («Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана банкі» АҚ);

  • банктік операцияларды және басқа да операцияларды жүргізуге және құнды қағаздар нарығында қызмет көрсетуге лицензиядан айыру түрінде («Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана банкі» АҚ).


Аграрлық секторды қолдау

Агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын қаржылық сауықтыруды және оларды одан әрі несиелендіруді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, «Цеснабанк» АҚ-дан 450 млрд теңге сомасында ауыл шаруашылығы несиелері портфелін сатып алу механизмін іске асырды. Сонымен қатар, бұл «Цеснабанк» АҚ қаржылық тұрақтылығын да нығайтады. Бұған қоса, банктің акционерлері 40 млрд теңге көлемінде өз қаражаттары есебінен қарызгерлерді сауықтыруға қатысады.

 

Төлем жүйелері саласындағы жетістіктер және жаңа технологияларды құру

Төлем қызметтері нарығы — Қазақстанның қаржы секторының ажырамас бөлігі. 2016 жылғы шілдеде «Төлемдер мен төлемдер жүйесі туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл заң еліміздегі төлем қатынастарын жан-жақты реттеуді енгізді, төлем жүйелерін ұйымдастыру және төлем құралдарын пайдалану тәртібі реттелді. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің ағымдағы және перспективалық қажеттіліктерін ескере отырып, ашықтықты арттыруға, теңгерімді дамуға және төлем ортасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған. Бұдан өзге, заңда төлем қызметтерін пайдалану кезінде клиенттердің әлеуметтік қорғалуын жақсарту бойынша шаралар қабылданған.

Ұлттық банкке төлем жүйелерінің тізілімін енгізу, төлем ұйымдарын есептік тіркеу, сондай-ақ, төлем қызметтері нарығын реттеу және бақылау бойынша жаңа функциялар жүктелген. Бүгінде 20 төлем жүйесі тіркелген, олардың 2-і — ұлттық және 18-і — жекеменшік.

Ұлттық төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютада банкаралық төлемдерді жүзеге асыруға және еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің басым көлемін өңдеуге бағытталған. Орташа алғанда, күніне осы төлем жүйелері арқылы 3,2 трлн теңге сомасына операциялар жүргізіледі. 2018 жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ұлттық төлем жүйелерінің жұмысқа қабілеттілік коэффициенті 100% құрады, бұл жоғары стандарттарға және төлем жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатының орындалуына сәйкес келеді. Жекеменшік төлемдер жүйелері негізінен халықтың бөлшек төлемдеріне бағдарланған.

1 қазандағы жағдай бойынша 41 төлем ұйымы есептік тіркеуден өтті. Төлем ұйымдары халыққа қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыра отырып, бірқатар базалық қызметтерді ұсынады. Ұлттық банк аталған ұйымдарға тіркеу нөмірлерін берді, төлем ұйымдарының тізіліміне енгізді, ол ҚР Ұлттық банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.

Төлемдер саласындағы басқа да елеулі жетістіктер қатарында соңғы екі жылда қашықтан байланыс арналары (интернет/мобильді банкинг) арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің қарқынды өсуін атап өту қажет. 2017 жылы халықтың Интернет пен мобильді банкинг арқылы төлемдер жүргізуінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда үш есеге артты және осы қызметтердің танымалдылығы жыл сайын артып келеді. 2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша интернет/мобильді банкинг пайдаланушыларының саны 12 млн адамды құрады, оның ішінде пайдаланушылардың үштен бірі (4 млн адам) күнделікті интернет/мобильді банкинг арқылы 7 млрд-қа жуық теңгеге операцияларды жүзеге асырады.

Жалпы алғанда төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы көлемі соңғы бес жылда сомасы бойынша алты есе өсті. Сонымен қатар, қашықтан төлем қызметтері мен төлем инфрақұрылымының белсенді дамуының арқасында төлем карточкалары қолма-қол ақшаны алудан гөрі қолма-қол ақшасыз операцияларды орындау үшін жиі пайдаланылуда. Бүгінде төлем карточкалары бойынша орындалатын барлық операциялардың жартысынан көбі қолма-қол ақшасыз төлемдер болып табылады — операциялардың жалпы санының 62%-ы (аталған операциялар үлесінің көлемі бойынша — 30%).

Қазақстанның төлем қызметтері нарығында электрондық ақша жүйесі белсенді дамып келеді. Электрондық ақшалар Интернет-аудиторияның өсуі және Қазақстанда электрондық коммерцияның таралуы арқылы танымал бола бастады. Қазіргі таңда отандық нарықта 18 электрондық ақша жүйесі бар, олардың эмитенттері 10 банк пен «Қазпошта» АҚ. 2018 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандық эмитенттер айналысқа шығарған электрондық ақшаларды пайдаланумен 421 млрд-тан астам теңгеге 94 млн транзакция жасалды. Осылайша, тек 2018 жылдың үш тоқсанында электронды ақшаны пайдалану арқылы жасалған операциялардың саны мен көлемі жалпы өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті.

Мемлекеттік және қаржылық қызметтерді оңтайландыру және клиенттерден талап етілетін қағаз құжаттарын алып тастау мақсатында қаржы ұйымдарының мемлекеттік органдармен электрондық өзара іс-қимылы жөніндегі жобалар іске асырылды. Мәселен, 01.01.2018 ж. бастап «электрондық үкімет» порталында жаңадан құрылған заңды тұлғаны электрондық тіркеу кезінде қызметкерді сәтсіз оқиғалардан міндетті түрде сақтандыру, бір уақытта банк шотын ашу бойынша кешенді қызметті ұсыну жөніндегі сервис іске қосылды. Осы жобаны іске асыру аясында заңды тұлғаға банк шотын ашу процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік беретін, елеулі дәйекті заңнамалық реформалар жүргізілді. Банк шотын ашуға қажетті құжаттардың тізімі, оның ішінде банк офисіне келмей-ақ қашықтан ұсынуға болатын құжаттар тізімі азайтылды. Бүгінгі таңда бірқатар банк заңды тұлға электрондық мемлекеттік тіркелген жағдайда осы сервис арқылы банк шотын ашу қызметтерін ұсынуда.

Халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру үшін 2017 жылы барлық екінші деңгейлі банктердің электрондық үкіметтің төлем шлюзімен өзара іс-қимылын жүзеге асыру жұмыстары аяқталды. Соның нәтижесінде, банктер клиенттік төлемдер жасағаннан кейін және/немесе бюджетке ақша аударғаннан соң, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді төлегеннен кейін олар туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға және соттарға дереу жібереді. Банктердің орындалған төлем туралы ақпарат беруі бюджетке төленетін төлемдер туралы, оның ішінде мемлекеттік бажды қоса алғанда, растау құжаттарын алуды күтпестен оперативті режимде мемлекеттік органдарға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қызмет мемлекеттік органдарға тиісті тізілімнен қарыз алушыларды уақытылы алып тастауға, сондай-ақ елден кетуді қоса алғанда, шектеулерді/тыйымдарды алып тастауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан Қаржы министрлігі, Жоғарғы Сот және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы екінші деңгейлі банктерден ақпарат алады.

Ұлттық банк өз қызметінде жаңа технологияларды белсенді қолданады. 27.03.2018 ж. Ұлттық банк «блокчейн» технологиясын қолданатын Invest Online инновациялық жүйесін іске қосты. Халыққа делдалдарсыз, комиссиялар мен салықтарсыз қаражат инвестициялаудың ыңғайлы тәсілі ұсынылуда. Жүйе аясында Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталары инвестициялау құралы ретінде орналастырылған. Жүйенің барлық қызметтері қашықтан қол жетімді, тәулік бойы, онлайн режимде жұмыс істейді және қаржылық және басқа да мекемелерге баруды қажет етпейді. Бұл өнім азаматтардың сана-сезімін одан әрі дедолларизациялауға және халықтың инвестициялау және қаржы жинақтау құралдарын кеңейтуге бағытталған. Орташа алғанда, жүйе арқылы азаматтар 20 мыңнан астам қысқа мерзімді ноталарды сатып алып, күніне шамамен 2 млн теңге қаражат инвестициялайды, 20 мыңнан астам қысқа мерзімді ноталарды сатып алады.

Қазіргі таңда қаржы секторында қызметтерді цифрландыруды кеңейту мақсатында ұялы телефон нөмірін қолданып жедел мобильді төлемдер жүйесін енгізу және банктік шотты қашықтан ашу және банкке келмей басқа да қажетті қызметтерді алу үшін қашықтан клиентті сәйкестендіру механизмін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Шұғыл мобильді төлемдер жүйесі әр түрлі банктердің клиенттері арасында ұялы телефон нөмірін пайдаланып, тәулік бойы кез келген уақытта 24/7 режимінде ұлттық валютада ақша аударуға мүмкіндік береді. Төлемдер әртүрлі жүйелер мен банктер арасында банк шоты, төлем картасы және электрондық әмиян арқылы да жүзеге асырылады. Төлемдерді кез-келген қолжетімді құрылғы (планшет, смартфон, компьютер) арқылы қашықтан жүргізуге болады. Ақшаны алушыға қаражат шұғыл түрде (бірнеше секунд) аударылады. Жоба халықтың, экономика субъектілерінің және мемлекеттің қазіргі және келешектегі қажеттіліктеріне жауап беретін жаңа буынның төлемдер жүйесін құруды көздейді. 07.09.2018 ж. Банкаралық шұғыл төлемдер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.

Ұлттық банк қаржылық ұйымдармен бірлесіп қашықтағы қаржылық қызметтерді кеңейту мақсатында биометриялық көрсеткіштер базасында клиенттерді қашықтан сәйкестендіру механизмін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Клиенттерді қашықтан сәйкестендіру механизмі банктердің клиенттеріне және басқа да қаржылық/төлем ұйымдарының тұтынушыларына клиенттердің географиялық орналасу жағдайына қарамастан кез-келген қолжетімді құрылғы (планшет, смартфон, компьютер) арқылы қашықтан кез келген қаржылық қызметті алуға мүмкіндік береді. Клиенттің осы банкке алғаш рет жүгінуіне немесе бұрыннан клиенті болғанына қарамастан, қаржылық қызметтерді кез-келген уақытта қашықтан алу мүмкін болады (жалғыз шарты — Интернеттің болуы). Бұл қызмет халықтың, оның ішінде Қазақстанның шалғай аудандарында тұратын азаматтардың банк қызметтерімен қамтылуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жүйе клиенттерге елеулі ыңғайлылық сыйлайды, қаржылық және басқа қызметтердің деңгейін және тиімділігін арттырады және қашықтағы қызметтерді одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Жоғарыда аталған жобалар төлемдер нарығының тиімділігін арттыруға, цифрлық қаржылық қызметтерді кеңейтуге және қолма-қол ақшасыз инновациялық төлем әдістерін одан әрі дамытуға жол ашады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу