07 Желтоқсан 2018, 08:22
WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатына қатысушы студент — жастардың бойынан талпыныс пен өз мамандығына деген сүйіспеншілік, құлшыныс пен жастық жігер сезілді. Чемпионатқа биыл қосылған «Қонақүй ісі бағыты» бойынша бағын сынаған Семей қаласының Бизнес және сервис коллледжінің 2 курс студенті Ақнұр Рахымғалиева жарыс туралы өз ойымен бөлісті.
— WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатына туризм, қонақүй саласы биыл ғана қосылды. Чемпионаттан қандай әсер алдыңыз?
— Жарыс өте керемет өтті. Біз сияқты кәсіптік білім алып жатқан жас мамандар үшін бұл — таптырмас тәжірибе алаңы. Чемпионат кезінде сарапшылар «Қонақүй әкімшілігі» бағытында 9 модуль бойынша тапсырмалар берді. Мысалы, туристердің тапсырысын телефон арқылы брондау, оны шығару, туристік ақпарат беру, экскурсияға арналған көрікті жерлер бойынша карта арқылы бағыт беру сияқты тапсырмаларды орындау арқылы біліміміз бен біліктілігіміз сыналды. Арнайы дайындалған мамандармен біз өз-өзімізді ұстау, дұрыс сөйлесе білу, сапалы қызмет пен жоғарғы кәсібилікті көрсетуге барынша тырыстық.
— Чемпионатқа іріктеу қалай өтеді?
— Жарысқа 18 жасқа толған жастар қатыса алады. Алдымен, колледжден үздік шығып, одан кейін қалалық, облыстық жарыстан озып шыққандар осы күндері республикалық чемпионатта күш сынасты. Енді бүгінгі жеңімпаздар Қазан қаласында өтетін халықаралық жарыста ел атын қорғайтын болады.
— Болашақ маман ретінде Қазақстандағы қазіргі туризм, қонақ үй саласының дамуына қандай баға бересіз?
— Қазақстан үшін туризм саласын дамыту өте маңызды. Өйткені біздің елде тіпті, өзіміз білмейтін өте әдемі, тарихи жерлер көп. Менің ойымша, туризм — ел экономикасын мықты қарқынмен дамытуға қауқарлы сала. Елімізде туризм саласын дамыту қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы да үнемі айтады. Сондықтан, қазір жастар арасында бұл мамандыққа деген қызығушылық артып келе жатқанын байқаймын. Инфрақұрылыммен қатар, сапалы қызмет көрсету — туристтің жолдама таңдаудағы басты талабының бірі. Сапалы қызмет көрсетуге бүгінгі біздің бағыттың тікелей қатысы бар. Сондықтан осындай шаралар жастар үшін көбірек ұйымдастырылса екен деймін. Дамыған отыз елдің қатарына қосылуға қадам жасап келе жатқан елімізде қазір көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтіп жатады. Тіпті, Экспоның өзі елімізбен талай шетелдіктің танысуына мүмкіндік ашты. Бүгінде Қазақстан жастары үшін көштен қалмай, заман талабына сай жан-жақты дамуына бар мүмкіндік жасалған. Аталмыш шара жұмысшы мамандықтың қоғам үшін қандай маңызды, ел дамуы үшін қажетті маман екенімізді сезіндірді. Осы тұста «Мен жастарды жұмысшы мамандықты игеруге шақырамын» деген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің біздер үшін жасап жатқан бар қамқорлығы мен мүмкіндіктері үшін алғысымды білдіргім келеді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу