Түркістан облысына жұмыс сапары: Қ. Тоқаев жастар орталығына барды және «Нұрлы жер» бағдарламасының құрылыс барысымен танысты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жастардың ресурстық орталығының жұмысымен және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салу барысымен танысты.

Қазақстан Президентіне жастардың шығармашылық бастамаларына, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету, олардың жұмыспен және баспанамен қамтылуын үйлестіру, сондай-ақ жастарға құқықтық көмек көрсету сияқты негізгі жұмыс бағыттары жөнінде баяндалды.

Еркін әңгімелесу барысында жастар өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» атты тақырыптық секторлардың, білім беру саласындағы «Stem» жобасының, сондай-ақ «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының жұмыстары туралы айтты.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы Түркістан қаласының «Отырар» шағын ауданына барып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 26 жаңа үйдің құрылысымен танысты.

Қазақстан Президентіне осы бағдарлама аясында 2019 жылдың соңына дейін жалпы аумағы 96 200 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтер пайдалануға берілетіні баяндалды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу