2017 жылы АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 6 мақсатты индикатор орындалды — ҚР АШМ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017 жылғы қорытындысы туралы ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев айтып берді.

Арман Евниев атап өткендей, 2017 жылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қорытындылары оң нәтижелер берді.

«Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,9%-ке артып, 4,1 трлн теңгені құрады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 4,1%-ке өскен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялардың өсуі 29%-ті, азық-түлік өнімдері өндірісінде – 32% құрады», — деді А. Евниев.

Жалпы алғанда, спикердің айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мақсатты индикаторға қол жеткізу жоспарланған, оның 6-ы орындалды.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша көрсеткіш 82%-ке асыра орындалды немесе жоспарланған 467 орнына 850 кооператив құрылды. Вице-министр атап өткендей, осы мәселеде көлденең және тік кооперация элементтерін пайдалану арқылы АӨК-тің ірі және шағын субъектілерін біріктіру мақсатында зәкірлік ауыл шаруашылығы кооперациясын құру моделін енгізу қажет.

Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғастырылды. Майлы дақылдар алаңы 2016 жылға қарағанда 444 мың гектарға, қант қызылшасы алаңы — 6,3 мың гектарға, бұршақ дақылдары алаңы — 274 мың гектарға немесе 2,6 есеге ұлғайтылды. Арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық, күріш және мақтаның егістік алқаптары 2016 жылдың деңгейінен асып түседі. 2016 жылмен салыстырғанда бидай алқабы 467 мың гектарға азайды.

Мал шаруашылығында өнім шығару 3,9%-ке, оның ішінде ет — 5,9%-ке, сүт — 3%, жұмыртқа өндірісі — 7,3%-ке ұлғайтылды. Жануарлардың негізгі түрлерінің саны орта есеппен 5%-ке артқаны байқалады. Сонымен қатар асыл тұқымды ІҚМ үлесі 11%-ке дейін өскен. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның өңделген өнімдерінің экспорты 12,5%-ке, оның ішінде өңдеу өнімдері 10,7%-ке ұлғайған.

Айта кету керек, АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында топырақ және геоботаникалық жерді зерттеу және 11,3 млн гектар аумақта жерді сапалық бағалау жұмыстары жүргізілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу