2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. 

Министрдің сөзінше, бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.

Ол үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісі және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектісін жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды.

«2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген», — деді Әлібек Қуантыров.

Қаражаттың жоғары игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Сонымен қатар қаражаттың ең төмен игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында тіркелді.

Одан кейін ұлттық экономика министрі өңірлерде құрылыс және жөндеу жұмыстарын талап ететін бірқатар мысалдарды көрсетті. Оның мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі – әлеуметтік салада. Аталған мәселелерді шешу үшін ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жобалардың тізімін қалыптастырды. 

Алдағы уақытта республикалық бюджетті нақтылау барысында тиісті өтінім ұсынылатын болады. Соның ішінде жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше көңіл бөлу ұсынылады. Министрлік жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді.

«Өңірлік стандарттар жүйесінің мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және қолдау арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау», — деді Әлібек Қуантыров.

Жобаның өткен жылдарда іске асырылуы нәтижесінде өңірлердің көрсеткіштері стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес жоғарылады. Мәселен, орташа қамтамасыз ету 2021 жылы 64,1%-ды құрады, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда, 9,3%-дық пунктке жоғары.

2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңге сомасына 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 102 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп, жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді.

Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта сапалық көрсеткіштерді енгізуді ескере отырып, өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматы әзірленді. Өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматына әкімшілік-аумақтық бірліктердің мәртебесін қосуды ескере отырып, сандық көрсеткішпен бірге сапалық сипаттама жүйесін енгізу арқылы интегралдық бағалау енгізілді.

Сонымен қатар 12 бағыт бойынша санаттау және бағыттар бойынша қамтамасыз етуді есептеу көзделген.

Бұдан басқа, министрлік өңірлік стандарттар жүйесінің әлеуметтік объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілу көрсеткішін ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттің шамасын айқындау қағидаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі ҚР ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – институционалдық қамтамасыз етуді ілгерілету арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру.

«Жалпы тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Оның айтуныша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру – Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында.

Әрі қарай «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылуы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.

Әкімнің айтуынша, 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өңірдегі 104 елді мекенде 253 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 18 млрд теңге бөлінген, оның 99,4%-ы орындалды. Атап айтқанда, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ саласында 1,1 млрд теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді, БІЛІМ саласында 5,4 млрд теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды, МӘДЕНИЕТ және СПОРТ салаларында 4 млрд теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды, ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ саласында 3 млрд теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, биыл халыққа пайдалануға беріледі, облыста ЖОЛ саласында 4,4 млрд теңгеге 168 жоба іске асырылды.

Жалпы 2022 жылы 164 нысан пайдалануға берілді, ал 89 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары биыл аяқталмақ. Жобаларды жүзеге асыру барысында 3,5 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылды. Осы жылы 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап 52 млрд теңгеге 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдардағы 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 175 елді мекен тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. 

«Тұрғындармен кездесу барысында 50%-дан астам сұрақтар ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты болды. Облысымызда тұрғындардың 80%-ы ауылдық елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – өңір үшін өте маңызды. Жалпы жобаның іске асырылуы – тұрақты бақылауда», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Одан кейін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы тақырып бойынша жасады.

Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бюджетті нақтылау барысында биылғы мамыр айында Ұлттық қордан 4 ауылдық елді мекенде 5 жобаны іске асыруға 634 млн теңге бөлінді, оның ішінде 4 ФАП құрылысына 480 млн теңге, Жаңаарқа ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 154 млн теңге қаралған.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық рәсімдерін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы 2022 жылғы 14 маусым және 14 тамыз айлары аралығында өткізіп, келісім-шарттар Ұлытау облысына 15 қазанда берілді. Жыл қорытындысы бойынша 358 млн теңге немесе қаражат 56%-ға игерілді. Қаражаттың игерілмеуі ауа-райының жағдайына және Қарағанды облысынан шарттар бойынша міндеттемелердің кеш берілуіне байланысты болды. 

4 ФАП бойынша 480 млн теңге қаражат бөлініп, 208 млн теңге игерілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары орта есеппен 35%-ға орындалды. Жобалар 2023 жылға ауысты.

Құрылысты аяқтау үшін облыстық бюджеттен 124 млн теңге бөлініп, 126 млн теңгеге Ұлттық қор қаражатын қайта пайдалануға өтінім дайындалды. «Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы» жобасының жалпы сметалық құны – 906 млн теңге, іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар. Өткен жылы 154 млн теңге бөлініп, 150 млн теңге немесе қаражаттың 97%-ы игерілді.

2023 жылы республикалық бюджеттен 444 млн теңге қаралды, нысананы аяқтауға 2024 жылы 312,1 млн теңге қажет.

2023 жылы 10 ауылдық елді мекенде 1,6 млрд теңгеге 19 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында 999 млн теңгеге ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу бойынша 17 жоба, Жаңаарқа ауданы Жаңаарқа кентінің 441 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жалғастыру бойынша 1 жоба, Ұлытау ауданы Қарсақпай кентіндегі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша 111 млн теңгеге 1 жоба бар. Нәтижесінде 150 уақытша жұмыс орны құрылмақ.

«Жалпы “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрақты бақылауда және мерзімінде аяқталады», — деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрағалиев баяндама жасады. 

Өңір басшысының айтуынаш, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2019-2021 жылдары ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 59 жобаға 12 млрд теңге бөлініп, 97 мың адам тұратын 23 перспективті ауылдар толықтай қамтылды.

2022 жылы жоба аясында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған 47 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлініп, 31 перспективті ауылдарды қамту жоспарланған болатын. Соның ішінде 25 жоба аяқталды, қалған 22 жоба 2023 жылы жалғасатын болады. 2022 жылға бөлінген 7,7 млрд теңгенің 1,1 млрд-ы игерілмеді (14%).

Батыс Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, қаражаттың игерілмеу себептері:

1) құрылыс және автожолдарды жөндеу салаларында инерттік материалдар мен жеткізуге арналған вагондардың болмауы – 114 млн теңге;

2) мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелерін орындамауы – 889 млн теңге, соның ішінде 3 жоба бойынша мердігерлермен әлі сот процестері жалғасуда.

Осы орайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес бір мердігер компанияның мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, өздерінің материалдық, еңбек ресурстары және тағы да басқа мүмкіндіктерінің жетіспеушілігіне қарамастан, бірнеше жоба бойынша жеңімпаз бола алатынын атап өту керек.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысының аумағында құрылыс жұмыстарын атқарып жатқан «ГрадСтройСервис» ЖШС-ны мысалға келтіруге болады. 2022 жылы «ГрадСтройСервис» компаниясымен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1,5 млрд теңгеге 7 жоба бойынша шарт жасалған. Алайда аталған мердігер бір де бір нысан бойынша келісім-шарт міндеттемелерін орындалған жоқ.

«2023 жылы жоба аясында халық саны 105 мың адам болатын 30 перспективті ауылдық елді мекендерді қамтитын 8 млрд теңгеге жуық 45 жобаны, соның ішінде аяқталмай қалған жобаларды аяқтап, іске асыру жоспарымызда бар», — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрағалиев. 
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу