2020 жылдың 11 айында Қазақстанда 78,5 млн тонна мұнай мен конденсат немесе жоспардың 101%-ы өндірілді — ҚР ЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша отын-энергетика секторындағы жағдай туралы баяндады.

Көрсетілген кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 78,5 млн тоннаға жетті, биылғы 11 айдың жоспарына 101%. 

Соның ішінде, мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер төмендегідей:

  • ТШО-да аталған кезеңде 24,3 млн тонна мұнай өндірілді, бұл есепті айдың жоспарына 100% сәйкес келеді.
  • НКОК-та мұнай өндіру көлемі – 13,9 млн тонна, яғни қаңтар-қараша айларының жоспары 100% орындалды.
  • КПО-ның көрсеткіші 11,07 млн тоннаны құрап отыр, жоспармен салыстырғанда 104%-ды көрсетті.

Н. Ноғаев 3 желтоқсанда ОПЕК+-тің 12-ші конференциясы өтті, онда өндірісті шектеу бойынша 2021 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

«Отырыс қорытындысы бойынша мұнай ұсынысын қаңтар айынан бастап ағымдағы деңгейден тәулігіне 500 мың баррельге кезең-кезеңімен ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл шешім тек 2021 жылдың қаңтары үшін қабылданды. Келесі айлар бойынша шешімдер мұнай нарығының ағымдағы жағдайын ескере отырып, 2021 жылғы қаңтардан бастап министрліктердің ай сайынғы отырыстарында қабылданатын болады», — деді министр.

Қазақстан үшін 2021 жылғы қаңтардағы міндеттемелер деңгейі қазіргі тәулігіне 1,397 млн баррельдің орнына тәулігіне 1,417 млн баррельді құрайтын болады. Қазіргі уақытта Министрлік бұрын қабылданған қаулыларға ұқсас 2021 жылы Жер қойнауының жекелеген учаскелерінде шектеу жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде, осы қаулының негізінде мұнай және газ конденсатын өндірудің 2021 жылға арналған болжамына түзетулер енгізу көзделген. 

Есепті кезең ішінде 62,9 млн тонна мұнай экспортталды, биылғы 11 айдың жоспары 100% орындалған.

2020 жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша 50,5 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 100,4% құрайды. 

Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 14,4 млрд текше метрге жетті, осы көрсеткіш биылғы жылдың 11 айының жоспарына 100,8% орындалды. 

Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,9 млн тонна, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 110% құрайды. Экспортқа шығарылған газ көлемі 9,3 млрд текше метрді құрады.

Биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша 14,4 млн тонна мұнай өңделді, бұл көрсеткіш қаңтар-қараша айларының жоспарына 102,1% құрайды, соның ішінде:

  • Автобензин бойынша көрсеткіш 4,07 млн тоннаға жетті, яғни ағымдағы жылғы 11 ай жоспарына 103,7% ;
  • Өндірілген дизель отынының көлемі 4,1 млн тонна, бұл есепті айдың жоспарына 102,5%;
  • Мазут 1,83 млн тонна құрайды, осы көлем қаңтар-қараша айларының жоспарына 105%;
  • Әуе отыны бойынша көрсеткіш 394 мың тоннаға тең, яғни ағымдағы жылғы 11 айдың жоспарына 91,1% .
  • Битум өндіру 2020 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша 1,03 млн тоннаға жетті, яғни есепті айдың жоспарына 107,5%.

Мұнай-газ-химия өнімдеріне тоқталатын болсақ, оның көлемі 325,5 мың тоннаға жетті, бұл биылғы жылдың 11 айының жоспарынан асып түсті, яғни 105,1%.

Есепті кезеңде 97,1 млрд кВт.сағат электр энергиясы өндірілді, бұл көрсеткіш осы жылдың 11 айының жоспарына тең, яғни 100% .

Есепті кезеңде ірі апаттық жағдайлар тіркелген жоқ.

«11 ай ішінде 18024,2 тонна уран өндірілді, бұл есепті айдың жоспарына 101% құрайды. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Министрліктің тұрақты бақылауында», — деді Нұрлан Ноғаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу