2021 жылғы маусым айында утилизациялық алымға «нөлдік мөлшерлеме» енгізілді — М. Мырзағалиев

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Бүгінгі күні өңірлердің негізгі экологиялық проблемалары: атмосфералық ауаның, жер үсті суларының ластануы және қалдықтармен жұмыс істеудің жетілмеген жүйесі», — деді М. Мырзағалиев.

Мәселен, атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 2020 жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінен 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Ластаушы заттардың шығарындыларының жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құрады.

Жер үсті суларының ластануының негізгі себептерінің бірі — ескірген кәріз-тазарту нысандары. Былтыр республика бойынша ластаушы заттар төгінділерінің жалпы көлемі 1,1 млн тоннаны құрады. 

Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу проблемасы да шешілмей тұр. Атап айтқанда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және апатты үйінділер.

Министрлік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, барлық өңірлердегі эко-белсенділермен талқылап, шешу жолдарын қарастырды.

Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп 17 жол картасы әзірленді. Барлығы 485 іс-шара қарастырылған. 2021 жылы 95 іс-шара өткізу жоспарланған. Осы жылдың І тоқсанында 70 іс-шара көзделген болатын. Оның ішінде 42 іс-шара орындалып, 28-і орындалмаған. 

«2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру он қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді. Бұдан өзге 7 кәріз-тазарту нысаны мен 24 жаңа полигон салынады. 12 кәріз-тазарту нысаны қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою жұмыстары жүргізіледі», — деді М. Мырзағалиев.

Сондай-ақ ол өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын іске асыру барысы туралы айтып берді. Атырау облысы бойынша «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары басталды. 

Атырау қаласының сол жағалауында биыл жаңа кәріз-тазарту құрылғылары пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2023 жылы аяқталатын ескі кәріз-тазарту нысандарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы «Квадрат» булану алаңын тазарту жұмысы аяқталады. 

Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру жобасын іске асыру басталды. Нәтижесінде 2022 жылдың аяғында шығарындылар 30% азаяды. 

Министрдің айтуынша, Алматы қаласы бойынша 2 және 3 ЖЭО жаңғырту жөніндегі жобаны жеделдетуді қажет етеді. Өз кезегінде, әкімдік қоғамдық көлікті газға көшіру және жел режимін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кейіннен бас жоспарға түзетулер енгізуі керек.

Қарағанды облысында қол қойылған «АрселорМиттал Теміртау» меморандумына сәйкес 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30% төмендетуге міндеттенеді. Сондай-ақ Теміртау қаласының төңірегіне 500 мың ағаш отырғызылады. 

Шығыс Қазақстан облысында «Қазмырыш» кәсіпорынының меморандумына сәйкес атмосфераға шығарындылар 20% төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сәйкестендірілетін болады.

Маңғыстау облысында «Қошқар ата» тарихи ластануын жою жұмысы басталды. Оны 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Бұдан өзге, «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылға дейін 2,5 млн тонна мұнай қалдықтарын жою және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 437 мың тоннасы жойылды.

«Өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу олардың қысқа мерзімді перспективада орындалуын талап ететінін ескере отырып, Жол карталарын белгіленген мерзімде орындау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз. Елдегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі — өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу. Жаңа Экокодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларға көшу 2025 жылдан бастап жоспарлануда. Ол үшін тиісті бюро құру, кәсіпорындардың кешенді технологиялық аудитін жүргізу, ең озық қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтар әзірлеу және басқалары жоспарлануда», — деді Экология министрлігінің басшысы.

Кәсіпорындардың технологиялық аудиті басталды. Екі жыл ішінде 82 ірі компания аудиттен өтті. 5 анықтамалықты әзірлеуге кірістік, 2023 жылдың соңына дейін 30 анықтаманы әзірлейміз. 

Бірінші кезеңде (2020-2035) ең озық қолжетімді технологиялар шығарындылардың 80% бөлетін 50 кәсіпорында жүзеге асырылады. Оған жылу энергетикасы, мұнай-газ және химия өнеркәсібі компаниялары кірді. 

Екінші кезеңде І санаттағы қалған кәсіпорындар (2,5 мыңнан астам кәсіпорын) қатысады. Егер кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларды енгізбесе, эмиссия үшін төлем ставкалары бірнеше есе артады.

Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Бұл жерде қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіріп, жаңартылған энергия көздері секілді, ортақ электр желісіне беру көзделген.

Биыл 14 мамырда аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін құжаттарды қабылдау басталды.

Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын полигондардың жалпы саны 3,3 мыңды құрайды. Алайда, 81,2% экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Сонымен қатар бүгінгі күні ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша заңсыз қоқыс тастайтын 2,5 мың учаске анықталды.

«Қазіргі уақытта автокөлік атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі болып табылады. Оның себептерінің бірі – автокөлік құралдарының тозуы. 3,9 млн тіркелген автомобильдердің ішінде пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан 2,5 млн көлік бар. Яғни 64% құрайды», — деді М. Мырзағалиев.

Өткен жылдың соңында «Техникалық реттеу туралы» заңның қабылдануымен жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын К4 және К5 экологиялық сыныптарына сәйкестігіне бақылау күшейтілді. Осыған байланысты жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын бақылауды жүзеге асыру қажет.

Бұдан басқа, техникалық байқау станциялары мен автокөлік иелерінің жауапкершілігін күшейту өте маңызды болып табылады. Өз кезегінде, әкімдіктер автопарктерді жаңарту жұмыстарын жалғастыруы қажет.

Сонымен қатар көліктің ауаны ластау мәселесін шешу үшін электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын пайдалануды ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін биыл маусым айында утилизациялық алымға «нөлдік» ставка енгізілді.

Сондай-ақ «Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі» операторымен тиісті инфрақұрылымды құру мақсатында электр көліктерін зарядтау станцияларын дамыту бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 100 астам зарядтау станциялары жұмыс істейді.

Биыл ұзындығы 3 мың километр ірі қалааралық трассаларда 46 жаңа электр көліктерін зарядтау станцияларын орнату жоспарланған.

Жаңа Экология кодексінде жергілікті атқарушы органдардың қоршаған орта мәселелеріндегі өкілеттіктерін едәуір күшейту және кеңейту көзделген. Кодекс күшіне енгеннен кейін, әкімдіктер әрбір 5 жыл сайын қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды бекітуі тиіс.

Бұдан басқа, әкімдіктерге ауа сапасы нашарлаған кезде көлік құралдарының кіруіне шектеу енгізу құзыреті берілді. Сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларда, мысалы, желсіз жағдайда, әкімдіктер ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеулер енгізе алады.

Мемлекет басшысының орман қорына 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бойынша орманды молықтыру мен орман өсірудің алдағы бес жылдарға (2021-2025) арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Орман және табиғат қорғау мекемелерінің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды.

Осы жылы 25 мамырдағы жағдай бойынша 21,6 мың гектар алаңында 81,5 млн ағаш отырғызылды.

«Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. 1990 жылдан бастап 2021 жылға дейін 195 мың гектар жерге 9% сексеуіл отырғызылды. Бірнеше апта бұрын арнайы экспедиция жұмыс жасап келді. Өсіп тұрған екпелерге тексеру жүргізілді. Табиғи жолмен өсіп тұрғандарды санағанда ауданы 337 мың га құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз сексеуілді отырғызу бойынша кешенді бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Алдағы он жыл ішінде (2021-2030) 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызу жоспарда бар», — деді ҚР экология министрі.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, көгалдандыру бойынша тапсырмаларды сапалы орындау мақсатында келесі жұмыстарды орындау қажет:

  • орман отырғызу және егу учаскелерін анықтау үшін іздестіру;
  • орман тұқымдарымен қамтамасыз ету үшін орман тұқымы базасының жаңа объектілерін құру;
  • орман питомниктерін қайта жаңарту және құру;
  • қажетті техника мен жабдықты сатып алу;
  • орман екпелерін құру және күтім жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өз сөзінде Экологиялық проблемаларды кешенді шешудің Жол картасы аясындағы шаралар зиянды заттардың жалпы көлемін 7% қысқартуға бағытталғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, соңғы 7 жылда барлық көздерден шығатын зиянды заттар көлемі 11,4 мың тоннаға немесе 8% азайды. Өскемен бойынша 7 мың тоннаға немесе 11,5% азайды.

«Экологиялық тәуекелдерді азайту және қоршаған ортаны сауықтыру үшін табиғатты қорғау іс-шараларына негізгі ірі ластаушы кәсіпорындар 46 млрд теңге жұмсады. “Қазмырыш” 26 млрд теңге, “ҮМЗ” 5 млрд теңге», — деді Д. Ахметов.

«Қазмырыш» ЖШС кәсіпорны зиянды заттар көлемін 70% немесе 41,7 мың тоннаға қысқартты. Сондай-ақ кәсіпорын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2025 жылға қарай табиғи ортаға түсетін жүктемені 20% дейін төмендету үшін озық технологиялар енгізу туралы меморандумға қол қойды.

Облыс орталығында экологиялық қоғамдық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. УМЗ, Қазмырыш, Согра жылу электр орталықтары кәсіпорындарымен қолайсыз метеожағдайлар туындаған кезде өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды.

Осылайша, кәсіпорындар ауадағы зиянды заттардың көбею фактілеріне жедел әрекет етеді, ал тұрғындар өзекті ақпаратқа онлайн қол жеткізе алады.

Радиоактивті ластанудың тарихи ошақтарын жою кезең-кезеңімен жүргізілуде (8 ошақ жойылды, 1,1 мың м3 радиоактивті жыныс көмілді).

Европа қайта құру және реконструкциялау банкімен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту үшін, Өскемен мен Семейде полигондар салу бойынша келісімдер жасалды (23,5 млрд теңге). Бұдан басқа, осы қалаларда осы жылдың қазан айында қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жобасы іске қосылады.

«Ормандарды қалпына келтіру және елді мекендердің айналасында жасыл белдеулер құру шаралары іске асырылуда. Алдағы бес жылда орман алаңын 15 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Соңғы екі жылда 200 мың ағаш отырғызылды. Экологиялық қауіпсіздік мәселелері тұрақты бақылауда», — деді Д. Ахметов.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек экология мәселесі Қарағанды өңірі үшін, әсіресе Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалалары үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«2020 жылы өндіріс шығарындылары көлемі 585 мың тоннаны құрады. “АрселорМиттал Теміртау” мен “Қазақмыс Холдингі” кәсіпорындарының эмиссиялары 80%-ды құрайды. Экологиялық проблемаларды шешу үшін облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, экологиялық проблемаларды кешенді шешудің 2020-2024 жылдарға арналған жол картасын бекітті», — деді Қарағанды облысының әкімі.

Теміртау қаласы бойынша өндіріс шығарындылары көлемі 2020 жылы 242 мың тоннаны құрады. Оның 89%-ы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі.

«АрселорМиттал Теміртау» бойынша жалпы сомасы 140 млрд теңгеге 22 табиғат қорғау іс-шаралары қарастырылған. Соның ішінде 2025 жылға қарай өндіріс шығарындылары көлемін 65 мың тоннаға немесе 30%-ға азайту көзделген. Ал биылғы жылы бұл көрсеткішті 1700 тоннаға азайту жоспарланып отыр, бұл 0,7% құрайды, 2022 жылы 2,7 мың тонна, 2023 жылы 6,3 мың тонна, 2024 жылы – 54,3 мың тонна. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 15,7 млрд теңге сомасына 8 іс-шараны орындады.

АМТ-ны 1,6 млрд текше метр табиғи газ көлемінде газдандыру, шығарындыларды 36 мың тоннаға,16,7%-ға төмендету көзделген.

«Жалпы алғанда, ірі кәсіпорындар мен тұрғын үй секторын кезең-кезеңімен газ отынына көшіру арқылы Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларын газдандыру өңір экологиясын жақсартуға үлкен серпін беретін болады. Жезқазған қаласы бойынша “Қазақмыс Холдингі” 2025 жылға қарай өндіріс шығарындыларын 20 мың тоннаға немесе 25%-ға азайтуды жоспарлап отыр», — деді Ж. Қасымбек.

Балқаш қаласының кәсіпорындарында өткен жылы шығарындылар көлемі 87,2 мың тоннаны құрады, бұл 2019 жылғы деңгейден 1,6 мың тоннаға артық. 2025 жылға қарай қоршаған ортаға эмиссияны төмендету бойынша 3 іс-шара көзделген.

Облыстық бюджет қаражаты есебінен атмосфералық ауаның жағдайын бақылау үшін Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларында 30 газ анализаторы орнатылды. Бұл онлайн режимде осы қалалардағы ауаның ластану жағдайын бақылауға және уақытылы басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы әкімінің айтуынша, экологиялық жағдайды жақсартудың маңызды бір факторы – заңсыз қоқыс тастайтын жерлерді жою. 

Ғарыштық мониторингтің деректеріне сәйкес, өткен жылы облыс бойынша 1275 стихиялық қоқыс орындары анықталып, олар толығымен жойылды.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. 14 маусымдағы жағдай бойынша ғарыш мониторингі арқылы 340 заңсыз қалдық төгу орындары анықталды. 

Маңызды бағыттардың бірі — көгалдандыру, биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 222 га алқапта 960,2 мың дана терек, үйеңкі және шегіршін көшеттерін көктемгі отырғызу жұмыстары жүргізілді. 208 га алаңда 501 мың дана көшет отырғызудың қалған бөлігі күзге жоспарланған.

Сөз соңында Ж. Қасымбек жаңа экологиялық кодекстің енгізілуіне байланысты, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоршаған ортаға эмиссиялар үшін түскен барлық төлемдер табиғатты қорғау іс-шараларына бағытталатынын, осыған байланысты өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жобалар пулы дайындалып жатқанын атап өтті.

«Жалпы, қоршаған ортаны қорғау мәселесі тұрақты бақылауда», — деп қорытындылады Ж. Қасымбек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу