2021 жылы елімізде 200 жаңа жалпы білім беретін мектеп салу көзделген — А. Аймағамбетов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 26.01.2021 ж. ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселесі қаралды. Отырыста ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Мектепке дейінгі білім беру

А. Аймағамбетов атап өткендей, балабақшалардың жұмысын жетілдіру аясында елімізде мектепке дейінгі білім берудің жаңартылған мемлекеттік стандарты, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен қамтуды ұлғайту, балабақшаларда қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету және ваучерлік қаржыландыруды енгізу қарастырылған кешенді жоспар әзірленді.

Президенттің тапсырмасы аясында мектепке дейінгі мекемелерді сумен, ыстық сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар жоспарланған. Бұл мәселелер Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарындағы мекемелерде өзекті болып отыр. Министрдің айтуынша, проблемаларды белгіленген мерзімде шешу қажет.

 

Инклюзивті білім беру

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл, министрдің айтуынша, 50 балаға арналған 1 психологиялық медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) қағидаты бойынша ерекше балаларға арналған ұйымдарды ашу нормативтері жаңартылады.

«Биыл 46 ПМПК және 25 түзету кабинетін ашу қажет. Ерекше балалар үшін бұл ауадай қажет мәселе. Біз ерекше балаларға арналған білім беру мәселелерін бақылауға аламыз», — деп атап өтті А. Аймағамбетов.

Бүгінгі таңда, оның айтуынша, ПМПК санын арттыруға Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы барынша мұқтаж.

 

Орта білім беру

Орта білім беру жүйесінде биыл оқу жүктемесін азайту, үлгілік оқу бағдарламаларын жаңарту мәселелері қаралатын болады. Оқу бағдарламасында математика, информатика және тіл пәндері басым болады. Сонымен қатар министрдің айтуынша, Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтарды әзірлеу және енгізу жұмыстары басталды.

 

Инфрақұрылымдық мәселелер

Білім беру жүйесінде инфрақұрылымдық мәселелер бұрынғысынша өзекті болып қалуда.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төрт механизм аясында 200 мектеп салу жоспарлануда. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану, модульдік құрылымдардан мектептер салу, жеке мектептер желісін дамыту және жаңа мектептердің нысаналы құрылысы», — деді А. Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, 10 ақпанға дейін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мектеп құрылысы бойынша Жол картасы бекітіледі.

«Әкімдерден бұл мәселені бір апта мерзімде жеке қарастыруды, өңірлік жоспарды дайындап, Министрлікке ұсынуды сұраймын», — деп атап өтті А. Аймағамбетов.

 

Жоғары білім беру жүйесі

Министрдің айтуынша, жоғары білім беру жүйесінде гранттар бөлу мәселелері бойынша жұмыс күшейтіледі.

Мемлекеттік тапсырыс сұранысқа ие бағыттарға бөлінетін болады, кәсіптік бағдарлау жұмысы күшейтіледі, кәсіптік стандарттар мен кәсіптер атласы негізінде білім беру бағдарламаларын жасау жоспарлануда.

«Жоғары білім беру сапасын арттыру үшін педагогтарды, дәрігерлерді, заңгерлер мен сәулетшілерді даярлауға ерекше біліктілік талаптарын енгізу жоспарлануда. Жоғары оқу орындарының академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі енгізілуде», — деді А. Аймағамбетов.

Бұдан басқа, лицензиялау және тексеру тәртібін, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, лицензияларды қайтарып алу рәсімін өзгерту, сондай-ақ сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын жабу жоспарланып отыр.

Колледждерге академиялық еркіндік беріледі.

«Бұл оларға білім беру бағдарламаларын жаңартуға, оқыту сапасын арттыруға, оқу кезеңін қысқартуға және еңбек нарығы үшін мамандарды жедел даярлауды жүргізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті А. Аймағамбетов.

Сондай-ақ биыл жоғары білім беру жүйесінде өңірлерді қолдау бойынша жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

«Өңірлерде жоғары білім беру сапасын арттыру үшін 15 өңірлік ЖОО ірілендіріледі, оқу және ғылыми зертханаларды жабдықтауға және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қаржы бөлінді», — деп түйіндеді А. Аймағамбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу