2022 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге арттыру жоспарлануда 

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты.

Осылайша, жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. Өндірісті әртараптандыру және монокультурадан кету жұмыстары жалғасуда, осыған байланысты бидай алаңы 285 мың гектарға азаяды.

Жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн га құрады.

Сонымен қатар көкөніс дақылдарының аз өсуі байқалады, бақша дақылдары 2 мың гектарға төмендеді.

«Естеріңізге сала кетейін, Үкіметтің мақта мен күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту туралы тапсырмасы бар. Алайда Түркістан облысы әкімдігі мақта алқаптары 5 мың гектарға өскенін айтады. Оның негізгі себебі 2021 жылғы сатып алу бағасының 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге артық болуы. Күріш бойынша алқап көлемі 6,5 мың гектарға азайып, 89,9 мың гектар егілетін болады. Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдігі алдағы кезеңде оңтүстік өңірлерді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі Экология министрлігінің болжамын ескере отырып, тиісті жұмыс жүргізуі қажет», — деді А. Сапаров.

Майлы дақылдар бойынша алқаптар 61,7 мың гектарға азаяды деп болжануда, сонымен қатар бұл зығыр, мақсары және қыша сияқты дақылдар, күнбағыс алқаптары ұлғайтылды.

Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызды дақылдың жоспарланған көрсеткіштері төмендейді. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның қызылша қант саласын дамыту жөніндегі жол картасы Үкіметтің бақылауында.

АӨК мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерімен, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыспалы егісті сақтауға қатаң тәсілдеме көзделгенін атап өткім келеді. Мысалы, майлы дақылдар жоғары рентабельді және дәнді дақылдарға қарағанда сұранысқа ие. Бұған баса назар аудару керек.

Жалпы, бірінші вице-министрдің айтуынша, жұмысқа дайындық кезінде ауа-райы құбылыстарын ескеру қажет. Осылайша, республикадағы егіншіліктің маңызды міндеттерінің бірі топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу болып табылады.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын біркелкі түскен жоқ. Жауын-шашын нормадан жоғары және батыста, оңтүстік-батыста, солтүстікте, кей жерлерде орталықта және шығыстың таулы аудандарында болды. Қалған аумақта жауын-шашын нормадан аз болды. Қар жамылғысының болмауы оңтүстікте, оңтүстік батыста, оңтүстік шығыс жазығында байқалды. 

Қалыптасқан ауа-райы жағдайларын ескере отырып, Министрлік қар тоқтату бойынша агротехникалық жұмыстарды жүргізу қажеттілігін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі уақытта өңірлер осындай жұмыс жүргізуде, шамамен 3,1 млн га алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық.

«Көктемде барлық жерде ылғалды жабу жұмыстарын жүргізу қажет. Топырақта ылғалдың жеткілікті жинақталуы ғана жақсы өнім бере алады. Биылғы жылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізді. Егіс алқаптарының болжамды құрылымы талқыланып, ішкі нарықты толық қанағаттандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар дақылдар өндірісін ұлғайту қажеттілігі көрсетілді», — деді А. Сапаров.

Егіс жұмыстарын жүргізуге, АШТӨ-ні тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары кірді.

«Өткен жыл көрсеткендей, алдын ала жоспарлау және қажетті дақылдардың алқаптарын ұлғайту жұмыстары нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, 2020 жылы қарақұмық алқабы 50 мың гектарға ұлғайтылып, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмады. Қарқынды жоғалтпай 100 мың га қарақұмық егісін келесі жылы да сақтау қажет. Картоптың өсімі бар болғаны 5 мың га-ды құрайды, бұл 100-110 мың тонна картоп. Бұл ретте тек Өзбекстан келесі жылы бізден 300 мың тонна сатып алуға дайын, сондай-ақ Ресей де бар. Ұйымдастырылған шаруашылықтарда картоп өндірісіне баса назар аудару керек», — деді А. Сапаров.

Егіс науқанын өткізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мың трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын заманауи егіс кешендері дәнді дақылдардың 70%-ын егуге мүмкіндік береді.

Аталған техниканың дайындығы ағымдағы күнге шамамен 92%-ды құрайды, егіс жұмыстарын жаппай жүргізуді бастауға дайындық 100%-ға қамтамасыз етіледі.

Биыл егіс жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды.

Сараптамаға 1,5 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті, оның 1,3 млн тоннасы немесе 90% тексерілді. Тексерілген тұқым көлемінің 99%-ы кондициялы деп танылған, 89,3% егіс стандартының 1 және 2-санатына сәйкес келеді.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша осы жылы минералды тыңайтқыштарды шамамен 659 мың т көлемінде топыраққа енгізу жоспарланған, бұл өткен жылдан 32 мың тоннаға артық.

«Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге келісімшарт 226 мың тонна көлемінде жасалды. Іс жүзінде барлық өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту жұмыстары басталды, аграршыларға шамамен 56 мың тонна тыңайтқыш тиелді, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 16,9 мың тонна. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қоры қалыптастырылды. Осыған байланысты, әсіресе олардың құнының өсуін ескере отырып, фермерлерді тыңайтқыштармен уақытылы және толық қамтамасыз ету қажет. Әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылған, оларды барынша тиімді пайдалану керек», — деді А: Сапаров.

Пестицидтерге келетін болсақ, олардың бағасы да өсті. 2020 жылмен салыстырғанда пестицидтердің бағасы екі есе өсті. Егер көктемде бағаның өсуі 70% болса, күзде бағалар 2 есе өсті.

2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік береді.

Көктемгі дала жұмыстарын сәтті өткізудің негізгі мәселесі – фермерлерді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді.

Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 77,6 млрд теңге сомасына АШТӨ-ге 2673 өтінім келіп түсті.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Министрлік тарапынан көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту, бюджеттік кредиттеуді 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталуда.

Бұл ретте, 70 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлінген кезде АШТӨ-ні қолжетімді кредиттеумен қамту ұлғайтылады, бұл қосымша шамамен 1300 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Осы жылдың 14 қаңтарынан бастап «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға өтінімдер қабылдауға кірісті.

Бұл ретте биыл қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе артық.

Сондай-ақ сатып алынатын дақылдардың тізбесі жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты он дақылға дейін кеңейтілетін болады.

Қазіргі уақытта 66 млрд теңгеден астам сомаға 374 өтінім келіп түсті, 176 АШТӨ қаржыландырылды.

Энергетика министрі Б. Ақшолақов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу туралы қысқаша ақпарат берді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, республиканың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерне мұнай өнімдеріне деген қажеттілік көлемін айқындайды және Энергетика министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дизель отынын жеткізу көлемі туралы ұсыныстар енгізеді. Бүгінгі күні Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына көктемгі егіс жұмыстары үшін дизель отынын жеткізу бойынша бекіту графигін бекітті, оның шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қажеттілік 400,26 мың тонна көлемінде бекітілді», — деді Б. Ақшолақов.

Бекітілген график Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларына және Энергетика министрлігінің атынан ресурс ұстаушыларға орындау үшін жіберілді. Облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармалары өз деңгейінде операторларды белгілейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мұнай өңдеу зауыттары дизель отынын жөнелтуді басым негізде жүзеге асырады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингтеу тәулік сайынғы негізде орындалады.

Құнына келетін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізуге қатысатын негізгі ресурс ұстаушылармен кеңестер өткізді, олардың қорытындысы бойынша 2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 212 мың теңгені (литріне 176 теңге) (ҚҚС-ты қоса алғанда) құрайды. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін болжамды баға шекті бекітілген бөлшек сауда бағаларынан төмен (литріне 230-260 теңге), бұл орташа алғанда 15-30%-ға арзан.

Айта кету керек, Энергетика министрлігінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін дизель отынына арзандатылған бағаларды заңнамалық бекіту құзыреті жоқ. Ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін дизель отынының құны жанар-жағармай материалдары нарығына қатысушылармен келісім жолымен айқындалады және мұнай өнімдерін ресурс ұстаушылардың өздері ерікті түрде белгілейді.

Министрлік көктемгі егіс жұмыстарын тұрақты жүргізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауда. Сонымен қатар қазірдің өзінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дизель отынын бөлу үшін электрондық-ақпараттық жүйені жедел енгізу үшін шаруашылық басшыларының байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы алаңын көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер деректер базасын құруы қажет.

Биыл Қостанай облысы бойынша жаздық дақылдарды 4 772 млн гектар жерге егу жоспарлануда, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3 928 млн гектар жерге егілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«Өнімділігі жоғары дақылдар алқабы ұлғаюда, майлы дақылдарды 651,7 мың гектарға егу жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден 44,3 мың гектарға артық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдары жарма дақылдарының алаңын 19 мың гектарға дейін ұлғайтады, оның ішінде 12,2 мың гектар қарақұмық, картоп – 4,4 мың гектар, көкөніс – 1,7 мың га. Дәнді дақылдарды егудің осы көлемі облыс халқының негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Мұхамбетов.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұқымға қажеттілігі 530 мың тоннаны құрайды, толық көлемде қамтамасыз етілді. Егістікке жоғары репродукциялы тұқымдар, 3,1 мың тонна бірегей тұқым, 25,3 мың тонна элита тұқымы, 501,6 мың тонна 1-3 репродукциялы тұқымдар пайдаланылады.

Көктемгі егіс жұмыстарына 22,6 мың трактор, 1166 өнімділігі жоғары егіс кешені тартылатын болады. Бүгінгі күні машина-трактор паркінің дайындығы 92%-ды құрайды, көктемгі егіс жұмыстарының басталуына қарай барлық техника дайын болады.

Облысқа 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Операторлар жанар-жағармайдың наурыз айы көлемін жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде. Шаруашылықтарға уақытылы жеткізу бойынша барлық мәселелер бақылауға алынды.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға биыл 27,6 млрд теңге субсидиялар және бюджеттік кредиттер бөлінді. Сонымен қатар көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 26 млрд теңге сомасында облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін несиелендіруді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 22,9 млрд теңге бөлінді.

Аталған бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру жүзеге асырылып жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2 млрд 931 млн теңге сомасына шаруашылықтардың 128 өтінімін қаржыландырды. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ – Үйлестіру кеңесі бойынша 16 млрд 856 млн теңге сомасына 82 өтінімді мақұлдады, 65 шаруашылыққа 14 млрд 900 млн теңге төленді. Өтінімдерді қабылдау және қарау жұмысы жалғасуда.

Осы жылғы 3 наурызда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен көктемгі егіс жұмыстарының мәселелері бойынша облыстық кеңес өткізілді. Егістік науқаны, жоспарланған егіс алқаптарын ауыл шаруашылығы дақылдарымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Шаруашылықтардың материалдық-техникалық жабдықталуы барлық егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде орындауға мүмкіндік береді. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық бойынша мәселе жоқ», — деді аймақ басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың ақпаратына сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі 4,3 млн га құрайды. Әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар 1 млн гектар алқапқа егіледі, күнбағыс алқабы 70%-ға және жасымық 51%-ға ұлғайтылады. Әлеуметтік маңызы бар «Қарақұмық» алқабы 16%-ға өсіп, 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.

Ылғал қорын жинау үшін 2,7 млн гектар аумаққа қар тоқтату жұмысы жүргізілді. 2,7 млн га астам алқапқа 170 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш себіледі. Арам шөптерге қарсы қорғау іс-шаралары 3,3 млн гектарға жүргізілмек. 

«Тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілді. Сорт жаңарту – 9,2 пайызға жеткізілмек. Техниканың дайындығы 100 пайызды құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Наурыз айының ортасында алғашқы партиялары жеткізіледі», — деді СҚО басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде өңір диқандарына тыңайтқыштар, қорғау құралдары мен қосалқы бөлшектердің 2-3 есе қымбаттауы қиындықтар туғызуда. Өнімділігі жоғары импорттық техниканы қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Валюта бағамының айырмашылығынан бағаның шамалы өскені байқалады. Сонымен қатар қосалқы бөлшектерді жеткізу көлемін төмендетпеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жағдайды бақылау үшін көктемгі дала жұмыстарын жүргізу жөніндегі жедел штаб құрылды, онда туындаған проблемалар жылдам шешіледі. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылатын болады. Ауа райының қолайлы болуына байланысты 5 ауданда көктемгі дала жұмыстары басталды.

«Жоспарланған 101,9 мың га алқаптың 15,3 мың га жыртылып, 37,5 мың гектар алқапта дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 22,9 мың га алқапта жаздық масақты дақылдар, 3,7 мың га көп жылдық шөп және 2,7 мың га көкөніс дақылдары себілді. 2022 жылдың өнімі үшін себілген тұқым көлемі 113,2 мың тонна, оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 77 мың тонна тұқым дайындалып 100,6% қамтылды», — деді облыс әкімі.

Көктемгі дала жұмыстарына 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Көктемгі дала жұмыстарына 10,9 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны 194-208 теңге аралығында берілуде. Бүгінгі күні 307 тоннасы шаруашылықтарға таратылды. 

2022 жылы 52,4 мың тонна минералды тыңайтқышты егістік алқабына енгізе отырып, 46,6%-ға тыңайту жоспарлануда. Минералды тыңайтқыштардың әлемдік нарықта, сонымен қатар елімізде бағасы күрт өсті. Осыған орай, тыңайтқышпен қамту мақсатында «ҚазАзот» және «Қазфосфат» зауыттармен меморандум жасалды. Егін науқанындағы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттіліқ толық қамтамасыз етіледі. 

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы өтінім берген 59 шаруашылыққа 437,1 млн тг несие қаражаты берілді. 2022-2030 жылдары 52 мың гектарға «Valley» компаниясының 1000 дана жаңбырлатып суару қондырғыларын лизингке беру арқылы ендіру көзделуде. 2022 жылы 50 жаңбырлатқыш қондырғысы 2,6 мың гектар алқапқа орнатылады. Суармалы судың ысырабын азайту мақсатында су үнемдеу технологиялары 50 мың га ендіріледі. 

Сондай-ақ жер үсті су тапшылығын ескере отырып 177 ұңғыма қазу арқылы су жетіспеушілігін 220 млн текше метрге төмендету көзделуде. Бүгінгі күнге жалпы 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылды.

«Көктемгі дала жұмыстары тұрақты бақылауда. Облысқа жер үсті су ресурстарының 80%-ы вегетация кезеңінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы алынады», — деді Б. Сапарбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу