2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның машина жасау саласына $208 млн тікелей шетелдік инвестициялар тартылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов баяндама жасады.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда экономика құрылымында машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал саланың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 13%. Салада қазіргі уақытта 3 мың 800 кәсіпорын қызмет етуде, жұмыспен қамтылғандардың саны 118 мыңнан астам адамды құрап отыр.

Соңғы 5 жыл ішінде саланың нақты өсімі 2,3 есені құрады, ең үлкен өсімді автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша машина жасауға шамамен $500 млн тікелей инвестиция тартылды, бұл көрсеткіш рекордтық көрсеткіш. 2023 жылдың 1-тоқсанында салаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар $208 млн болды.

Айта кету керек, өңдеуші өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы – ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Салыстырмалы түрде соңғы 5 жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, ал машина жасау саласының өсу қарқыны 17,6%-ды құрап отыр.

Бұл үрдіс биыл да байқалады, 6 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 128,8%-ды құрады, 1 трлн 800 млрд теңге сомасына өнім шығарылды. Министрдің сөзінше, қолданыстағы өндірістердің қуаты біртіндеп артатынын ескеретін болсақ, өндіріс көлемі одан әрі өсетін болады.

«Басты назар жаңа жобаларға аударылуда. Осы ретте 2028 жылға дейін  1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биыл 217 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев. 

Жоспарланған жобалардың ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен іске асыратын біріккен жобалар да бар. Мәселен, Өзбекстанмен бірлесе отырып, автомобиль өндірісі ұйымдастырылды, сондай-ақ тұрмыстық техника мен лифт жасау бойынша да жобалар іске асырылуда.

Ресейлік серіктестермен алюминийден жасалған дисктер, сондай-ақ теміржол машинасын жасау секторына арналған құрамдас бөлшектер өндірісін ұлғайтылмақ. Қытайлық инвесторлар бұрғылау қондырғыларының және ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға қолдау көрсететін болады.

Әрі қарай министр машина жасау саласын дамыту жоспарлары туралы секторлар бойынша толығырақ айтты.

Теміржол машиналарын жасауды дамыту нарықты локомотивтермен, жүк және жолаушылар вагондарымен толықтыру міндеттерін шешуге бағытталатын болады. Бұл Швейцария (Stadler), АҚШ (Wabtec) және Франция (Alstom) инвесторларымен бірлесе жүзеге асады. Мысалы, Stadler 2030 жылға дейін арба, вагонның дәнекерленген шанағы, климаттық қондырғы сияқты отандық компоненттерді пайдалана отырып, жаңа заманауи жолаушылар вагондарының 500 бірлігін, сондай-ақ интерьер, экстерьер, электр жабдықтарының 20 элементін шығарады. ЗИКСТО жайлылығы жоғары 307 жолаушылар вагонын шығаратын болады. 2030 жылға дейін теміржол машина жасаудың барлық бағыттары бойынша жергілікті қамту ұлғайтылатын болады.

«Болат дайындамаларын өндіру бойынша ірі жобаларды іске асыру, машина жасаушыларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта өндірісте ресейлік дайындама пайдаланылады. Іске қосылатын жобаларда  отандық өндіріс қазақстандық болат негізінде қалыптасатын болады», — деді М. Қарабаев.

Министрдің сөінше, биыл ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторында 5 мың трактор мен 900 комбайн өндірісі жоспарланған. Қазіргі уақытта жасап шығарылатын техника ірі торапты құрастыруға негізделген және кәсіпорындардың шағын торапты құрастыру әдісіне жоспарлы түрде ауысу көзделіп отыр.

Секторды одан әрі дамыту ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтымайтын аспалы және тіркемелі техника өндірісін ұлғайтуға бағытталатын болады. Техниканың номенклатуралық қатарын кеңейту оқшаулау деңгейін арттыруға және сектордың импортқа тәуелділігін жоюға мүмкіндік береді. Қостанай облысында тракторларға арналған кабиналар өндірісі жолға қойылған.

Кооперациялық байланыстардың белсенді дамуының үлгісі – «Қазрост» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Астық жинайтын комбайндарды жасап шығару кезінде отандық аккумуляторларды («Қайнар-АКБ» ЖШС), орақтарды жылжытуға арналған арбаларды («КАИК» ЖШС), теңгерімді отын бактарды («Тыныс» АҚ), ауа сүзгілерді («Қазтехфильтр» ЖШС), қасқыр орақтарды («ДонМар» ЖШС) және басқа да компоненттер қолданылады.

Қостанай қаласында 50 мың шаршы метр алаңда Оқшаулау орталығы құрылды, онда ұнтақты бояу цехы, престеу-дәнекерлеу учаскесімен дәнекерлеу цехы, сондай-ақ дайындау цехының жапырақ тәріздес иілу тандемі жолға қойылған.

Автомобиль жасау саласына келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 150 мың автомобиль сатылды, оның 103 мың бірлігін отандық компаниялар жасап шығарған болатын.

Осы жыл автомобиль өндірушілеріне қатысты саясатты қайта қарау тұрғысынан маңызды. Бұл секторда біздің алдымызда 3 міндет тұр. Бірінші – шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазіргі таңда екі автомобиль зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Екінші – шағын торапты құрастыруды дамыту. Ол үшін біз автокөлік өндірушілеріне Көлік құралдарын оқшаулау және шағын торапты құрастыруға көшу үшін талаптарды күшейту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Үшінші – компоненттік базаны құру. бүгінде доңғалақ дискілерін, аккумуляторларды шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді, оларды отандық автомобильдерге орнату үшін омологация процесі өткізілуде.

Оқшаулау деңгейін тереңдету шеңберінде автомобиль орындықтарын, мультимедиялық жүйені, қаптамаларды, шашыратқыштар мен шиналар сияқты автокомпоненттік базаны дамыту жоспарлануда. Ол үшін тиісті өндіріс орындарының құрылысы басталды.

Елдегі электротехникалық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторларды шығарады. Қазнергокабель, Еуразкабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізеді.

Сектордың тағы бір маңызды бағыты – тұрмыстық техника өндірісі. Қазіргі уақытта «Алматы тұрмыстық техника» компаниясы Dauscher (Даушер) брендімен теледидарлар, электр плиталары мен пештер шығаруды жолға қойды. Мысалы, биыл Қарағанды облысының Саран қаласында тұрмыстық техника бойынша жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, моноқаланың жандануына өз үлесін қосады.

Тұрмыстық техника бойынша Еуразиялық экономикалық одақ нарығының әлеуеті шамамен $11 млрд-ты, ал Қазақстан нарығының әлеуеті $1 млрд 200 млн-ды құрайды. 

«Жобаларды іске асыру кезінде біз ішкі нарықты 250 млн-ды құрайтын өнімдермен толықтырып, $100 млн-нан астам сомаға экспортты арттыруды көздеп отырмыз», — деді министр. 

Мұнай-газ және тау-кен металлургиялық машина жасау секторларында сорғылар мен компрессорларды, клапандарды, бекіту арматурасын, гидравликалық және пневматикалық жабдықтарды шығару бойынша қуаттар бар, алайда жер қойнауын пайдаланушылардан тапсырыстардың болмауы кәсіпорындардың әлеуетін тежейді. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында машина жасау тауарлары 54%-ды алады. 2019 жылдан 2022 жылға дейін машина жасау тауарларын сатып алу көлемі 8%-ға ұлғайды, алайда жергілікті қамту үлесі 12,6%-дан 9,9%-ға дейін азайды.

2022 жыл қорытындысы бойынша мұнай-газ және тау-кен металлургия машинасын жасауының жалпы импорты $1 млрд 600 млн және $1 млрд 100 млн-ды құрады.

«Жағдайды түзету үшін біз заңнаманы өзгерту бойынша жұмысты бастадық. Осы секторларды дамытудың негізгі бағыты мұнай-газ саласының ірі компаниялары мен қатты пайдалы қазба бойынша жер қойнауын пайдаланушыларымен қарсы міндеттемелерді орындау шарттарын іске асыра отырып, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар құралдарына негізделетін болады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Марат Қарабевтың айтуынша, саланы одан әрі сапалы дамыту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Құжат аясында келесі міндеттер айқындалды:

Біріншіден, өндірушілерді бастапқы материалдармен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжрибелік құрастырымдық жұмыстарды дамыту арқылы базалық жағдайларды жақсарту.

Екіншіден, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру және техникалық реттеу жүйесін жетілдіру арқылы отандық өнімді ілгерілету.

Үшіншіден, машина жасаудың басым секторларын әр секторға бағыттай отырып дамыту.

Кешенді жоспарды іске асыру 2028 жылға қарай өнім өндіру көлемін 2,2 есе ұлғайту, еңбек өнімділігінің 1,9 есе өсуі, экспорттық тасымал көлемін $5 млрд 700 млн-қа дейін ұлғайту, салаға инвестициялардың өсуін 1,5 есе арттыру сияқты нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің сөзінше, Кешенді жоспар саланың әлеуетін толық көлемде іске асыруға және оның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді.

Әрі қарай энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша энергетикалық сектордағы жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 5,7 трлн теңгені құрады.

Сатып алу көлемінің 77%-ы ірі мұнай-газ жобаларының операторларына, 12%-ы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына,  11%-ы қалған жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі. Өткен жылы қазақстандық қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 3,4 трлн теңге сомаға 59,74%-ды құрады, оның ішінде: тауарлар – 27,3%, жұмыстар – 77%, көрсетілетін қызметтер – 50,2%.

Осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді  сатып алудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені, Қазақстандық қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші                      832,24 млрд теңге сомасына 55,97%-ды құрады. Оның ішінде: тауарлар – 58,68 млрд теңге немесе 27,53; жұмыстар – 479,23 млрд теңге немесе 76,13%; көрсетілетін қызметтер – 294,33 млрд теңге немесе 45,68%.

«Өздеріңіз білетіндей, ірі жобалар тауарларының қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мақсатында Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Орталық 123 отандық өндірушілерді аралап, шамамен $400 млн сомасына барлық ірі жобада ұзақ мерзімді перспективада сұранысқа ие өнімнің 7 тауар тобын анықтады. Бұл 7 тауар тобы ірі операторлардың барлық сатып алуларының 40%-ын құрайды», — деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Қосымша биыл 5 тауар тобы анықталды: тиеу-түсіру жабдықтары мен материалдары, жылу алмастырғыштар/жылу алмасу жабдықтары, өртке қарсы жабдықтар, химиялық заттар/майлар/бояулар, оқшаулағыш және отқа төзімді материалдар. 

Сондай-ақ Орталық өндірістерді оқшаулау және технологиялар трансферті бойынша халықаралық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілермен келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, әлемдік жабдық өндірушілерімен 16 меморандум мен келісімге қол қойылды, Honeywell (АҚШ), PetrolValves (Италия), Sigma Solutions, Emerson (АҚШ) компанияларымен газ детекторларын, жарылыстан қорғалған орындауды басқару жүйелерінің шкафтарын, электр тарату қораптары мен сорғыларын, сондай-ақ қысым датчиктерін шығару бойынша 4 жаңа өндіріс іске қосылды. Энергетика министрінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Министрліктің, «PSA» ЖШС мен орталықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде былтыр операторлар отандық өндірушілерге шамамен $160 млн-нан астам сомаға 55 келісім-шарт берді. 

Ірі жобаларда «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвестициялардың орнына келісімшарт» сияқты жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері енгізілді. Мәселен, «Ерте тендер» тетігі шеңберінде 20 ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалды, оның 9-ы – Қарашығанақта, 11-і – Қашағанда.

ҚПО-ның «Сынамалық тапсырыс» тетігі бойынша 10 сынама тапсырысы орналастырылды, оның ішінде отандық өндірушілермен 4 ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалды.НКОК компаниясы былтыр, биыл 10 сынама тапсырысын орналастырды.

«Тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту әлеуеті бар екенін атап өткім келеді», — деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Ол үшін Министрлік, «PSA» ЖШС пен Орталық мынадай шараларды қабылдайды:

Біріншісі – ірі Операторлармен отандық өндірушілерді барынша тартуды қамтамасыз ету үшін тендерлік рәсімдердің ережесіне өзгерістер енгізу мәселелерін пысықтау басталды. Атап айтқанда, Орталық тарапынан отандық өндірушілерді верификациялаудан кейін іріктеу арқылы ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу рәсімдерін оңайлату ұсынылады.

Екіншісі – Қазақстан Республикасы аумағында өндірістерді оқшаулаудың орнына отандық өндірушілерге, сондай-ақ халықаралық компанияларға ұзақ мерзімді тапсырыстар бере отырып, «Инвестициялар орнына келісімшарт» тетігін іс жүзінде қолдану.

Үшіншісі – механикалық тығыздағыштар, қауіпсіздік клапандары, сорғылар, фланецтер және басқа да тауарлар бойынша жаңа өндірістерді оқшаулау.

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқановтың айтуынша, машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Осы жылдың 6 айы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 1,8 трлн-ды құрап, 28,8%-ға өсті.

2022 және 2023 жылдары машина жасау саласында көп жүк көтере алатын термос-вагондар өндірісі (Cool infinity, СКО), автомобиль өнеркәсібінде локализациялауды арттыруға арналған автомобиль шиналары (KamaTyresKZ, Саран), мобильді бұрғылау қондырғылары (Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты, Ақтөбе) сияқты маңызды жобалар іске асырылды.

Орта мерзімді перспективада бірқатар жаңа жобаны енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, ұста-бандаж кешенін өндіру зауыты (Railcast systems, Екібастұз), тұрмыстық техника (SILK ROAD ELECTRONICS, Саран), сорғы жабдықтарын, асинхронды электр қозғалтқыштарын өндіру (KARLSKRONA LC AB, Алм. обл.), жел қондырғыларына арналған конустық мұнаралар өндірісі  (Manufacturing – United Energy Qazaqstan, Қарағанды).

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқанов машина жасауды одан әрі дамыту үшін келесілерді ұсынды:

Бірінші. ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 60-бабына сәйкес машина жасау саласын шикізатпен және материалдармен қамтамасыз ету.

Осы орайда келесі тетіктер арқылы шешім табу керек:

a) Бастапқы металдар өндірісіне дейін қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге ынталандыру және машина жасау, металл өңдеу саласының кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету.

b) ҚР-да өндірілмейтін металл өнімдерін импорттау кезінде ҚҚС төлеуден босату (ҚҚС дайын машина жасау өнімін сату фактісі бойынша төленетін болады).

Екінші. ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 46-бабына сәйкес мемлекет регламенттеген сатып алу шеңберінде отандық машина жасау өнімдеріне сұранысты ынталандыру.

Келесі тетіктер ұсынылады:

  1. Қазақстан Республикасында өндірілетін машина жасау өнімін локализациялауды арттыру бойынша қарсы міндеттемелермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу.

  2. Жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің «Самұрық-Қазына» АҚ бағдарламасы шеңберінде бұрын жасалған бірдей өнімге арналған офтейк-келісімшарттарды өзара тани отырып, офтейк-келісімшарттар жасасу тетігін іске асыру.

«Бұл шаралар Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасында көзделген. Олар өндірісті ұлғайтуға, импортты қысқартуға және тауар өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Ерқанат Мұқанов.

#Машина жасау #ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу