2023 жылы 24 заң жобасын әзірлеу көзделген – Қ. Мусин

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының осы жылға арналған жоспарының орындалу барысы және Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы туралы ҚР әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.

Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспары Парламент Мәжілісіне 26 заң жобасын әзірлеуді және енгізуді көздеді, 4 заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел іске асыруға байланысты жыл ішінде жоспардан алынып тасталды. 

ҚР әділет министрінің айтуынша, қазіргі уақытта 22 заң жобасының төртеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, 9-ы Парламенттің қарауында, осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланып отырған 9 заң жобасы Үкіметтің қарауында.

«Әзірлеуші мемлекеттік органдардың ақпаратына сәйкес, Үкіметтің қарауындағы 9 заң жобасын уақытылы енгізу жоспарлануда. Осылайша, осы жылдың желтоқсан айында Парламентке 9 заң жобасы енгізілгеннен кейін Жоспар толық көлемде орындалатын болады», — деді Қанат Мусин өз баяндамасында. 

Сонымен қатар әділет министрі 2023 жылға арналған Жоспар жобасы туралы айтып берді.

Әділет министрлігі мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасын дайындады, ол биылғы 15 қыркүйекте Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссиясымен мақұлданды. 

«Бастапқыда Жоспар жобасында Парламентке 34 заң жобасын әзірлеу және енгізу қарастырылған болатын. 2022 жылғы 15 қарашада Жоспар жобасын таныстыру барысында жоспарланған заң жобаларының негізгі ережелері, сондай-ақ оларды әзірлеу негіздері баяндалды. Ұсынылып отырған Жоспар жобасы Президент Әкімшілігінің ескертулерімен пысықталды. Атап айтқанда, заң жобаларын Парламентке енгізу мерзімдері қайта қаралды, сондай-ақ тұжырымдамалары тиісті талқылауды талап ететін бірқатар бастамалар алынып тасталды», — деді әділет министрі.

Сонымен қатар Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес орталықсыздандыру бойынша қосымша 2 заң жобасы енгізілді.

Әділет министрлігінің жоспары бойынша, пысықталған Жоспар жобасы 24 заң жобасын әзірлеуді көздейді, оның ішінде Парламентке бірінші жартыжылдықта – 13 заң жобасын, екінші жартыжылдықта – 11 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.

«Аталған заң жобаларының тұжырымдамалары ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданды. Сонымен қатар жекелеген заң жобалары Ведомствоаралық комиссия мақұлдағаннан кейін Жоспар жобасына енгізілетін болады. Мысалы, Бюджет кодексі, Қала құрылысы кодексі, масс-медиа мәселері жөніндегі заң жобасы және басқалар», — деп түйіндеді әділет министрі Қанат Мусин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу