2023 жылғы жалпы егіс алқаптарының көлемі 23,4 млн гектарды құрайды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеевтің хабарлауынша, биыл жалпы егіс алқабы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға көп. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар егіс алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алаңдардың шамалы қысқаруы болжануда.

«Сонымен қатар күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл үшін алқапты 30,8 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаюы болжанып отыр, ол 111,4 мың гектарды құрайды», — деп мәлімдеді Е. Қарашөкеев.

Сонымен қатар Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдарының өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғаюы байқалады.

Жалпы, астық, ішкі нарықтың қажеттіліктерін көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Маңызды міндеттердің бірі – топырақта ылғалдың жиналуы және оны ұтымды пайдалану шараларын жүргізу.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 1 және 16 ақпан аралығында республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын біркелкі түспеді. Мәселен, Атырау облысының шығысы мен оңтүстігінде және орталық аймақтардың кей жерлерінде жауын-шашын нормаға жақын және одан жоғары. Қалған аумақта жауған жауын-шашын нормадан төмен.

Республиканың батысында 16 ақпандағы жағдай бойынша қардың биіктігі 1-7 см-ден 10-37 см-ге дейін, елдің солтүстігінде 11-22 см-ден 26-34 см-ге дейін, орталығында 8-15 см-ден 18-35 см-ге дейін, шығысында 9-21 см-ден 22-99 см-ге дейін, оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында негізінен 4-14 см 19-43 см дейін болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етілетін болады. 

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 160,0 мың трактор, 5 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 78 мың тұқым сепкіш, 226 мың топырақ өңдеу құралы бар. Республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерінің 5 мыңнан астам бірлігінің болуы агротехнологияларды дәл сақтай отырып, дәнді дақылдар алаңдарының 70%-на тұқым себуге мүмкіндік береді. Аталған техникалардың дайындығы шамамен 93% құрайды, жаппай егіс жұмыстарын бастау алдындағы дайындық 100%-ға қамтамасыз етіледі», — деп түсіндірді Е.Қарашөкеев. 

Көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға көп.

Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақпан айына белгіленген баға – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді. 

Биыл арзандатылған жанар-жағармай тек оңтүстік облыстарға ғана емес, солтүстік астық егетін облыстарға да ақпаннан бастап тиеп-жөнелтіле басталды.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым құю жоспары 100%-ға жүзеге асырылды. Фермерлер 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырған. Сараптамаға 1,4 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті. Тексерілген тұқым көлемінің 99,7%-ы кондицияланған деп танылған, 93,4%-ы себу стандартының 1 және 2 кластарына сәйкес келеді. Сондай-ақ өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры қалыптасты. 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге қарастырылған. 

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы 10 жылда алғаш рет тыңайтқыштар енгізу 667 мың тоннаға немесе ғылыми қажеттіліктің деңгейі 26%-ға жетті.

Биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63%-ы отандық тыңайтқыштарға (аммиак селитрасы мен аммофос) тиесілі. Бүгінгі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға 55 мың, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді. Тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 млрд теңге қарастырылған.

Бұл ретте диқандардың айтуынша, оңтүстік өңірлерде аммофоспен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап, қазіргі таңда мәселе шешілуде.

 «Биыл қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарын 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Мәселен, желтоқсанда 794 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 22,6 млрд теңгеге, қаңтардан бері 564 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 17,1 млрд теңгеге қаржыландырылды», — деп мәлімдеді Е. Қарашөкеев.

Жалпы, 2 млн гектарға жуық алқапта егін егу мен оны жинауды қамтамасыз ету үшін 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 123,6 млрд теңгеге 3,4 мыңға жуық өтінім қабылданып, 71,7 млрд теңгеден астам сомаға 1 669 өтінім мақұлданды.

Сондай-ақ Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы да қаржыландыру жалғасады. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 млрд теңге бөлген. Оның 20 млрд теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы, ал 35 млрд теңгесі тауарлық несие беру бойынша бағытталған.

«Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін Министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, Жедел штаб құрылды», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Өз кезегінде энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарына барлығы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін жеткізді. Құны тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • ақпан-мамыр айларында дизель отыны біркелкі іріктеумен 2023 жылға арналған көктемгі егіс жұмыстарының графигі бекітілді;
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынды;
  • электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының жеке виртуалды қоймасын құруы.

Мұнай өңдеу зауытынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дейін дизель отынын жеткізу құнын оператор дербес айқындайды.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары шарттарға, өтінімдерге, төлемдерге қол қоюды аяқтағаннан кейін және Мұнай өңдеу зауытына вагон-цистерналар қойғаннан кейін Мұнай өңдеу зауыты дизель отынын тиеп-жөнелтуді бастауға дайын. Жалпы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жоспар толық көлемде орындалуда, мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен “ҚазМұнайГаз” компаниясының тұрақты бақылауында», — деді Б. Ақшолақов.

2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. 

«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес:

  • мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай берушілер жыл сайын көктемгі егіс (1 наурыздан 31 мамырға дейін) және күзгі егіс жұмыстары (1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін) кезеңінде мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес стационарлық автожанармай құю стансаларының атына мұнай өнімдерінің (автобензин және дизель отыны) көлемін беруге міндетті;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерге ие.

Осы түзетулер қол қойылғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулер негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынының көлемін қалыптастыру және бөлу тәртібінің жобасын әзірлеуде.

Сонымен қатар Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде (МАЖ) жеңілдікті дизель отыны квоталарын алушылардың тізілімін (дерекқорын) қалыптастыруды көздейтін, мәлімделген егіс алаңының 1 гектарына және ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша дизель отыны шығысының нормативтері мен егіс алаңдарына байланыстыра отырып, іс-қимыл алгоритмі әзірленеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпараты бойынша, мемлекеттік ақпараттық жүйесінде дизель отынын электрондық бөлу және тарату функционалын іске қосу 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.

Осы жылы егіс алқабын 770,4 мың га орналастырып, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға арттыру көзделіп отыр, биылғы өнімі үшін 108,8 мың тонна тұқым құйылып, 100%-ға қамтылды.

Облыста 10 аттестатталған субъекті жоғары репродукциялы тұқым өндіреді 

«Шаруаларды сапалы жоғарғы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен шруашылықтың 12 түрлі күздік бидай дақылы 8 егіс алқабына себіліп, сынау тәжірибесі жүргізілуде», — деп хабарлады Н. Нұржігітов. 

Оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарына 8463 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. 

Кепілдендірілген 15,6 мың тонна дизель отыны 204-214 теңге аралығындағы бағамен беріледі.

Егіс алқабына 54 мың тонна минералды тыңайтқышты енгізе отырып, оны 33%-ға тыңайту жоспарлануда. 

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы өтінім берген 15 шаруашылыққа 128 млн теңге несие берілді.

«Жалпы, облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құраса, оның 89,1 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтылған, ал, 15,7 мың гектар алқап 30-40% деңгейде сумен қамтамасыз етілген», — деді Н. Нұржігітов.

Осыған байланысты, облыста суармалы алқаптарды қалпына келтіру жол картасы әзірленді.

Нәтижесінде 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделіп отыр. 

Сонымен қатар Жол картасы аясында жетіспейтін суды қосымша көздер арқылы қамту жоспарланған.

«Облыста жалпы жер асты суының көлемі 1,7 млрд м3 құраса, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 млн м3 құрайтын су қоры бар. Бұл ретте вегетациялық кезеңде 535 млн м3 су көлемін пайдалануға болады», — деп хабарлады Н. Нұржігітов.

Сол себепті, су тапшылығы бар аудандарда жер асты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында 2023-2024 жылдары 646 ұңғыма қазу қолға алынып отыр.

Сондай-ақ 2023-2030 жылдары 52 мың гектарға 950 дана жаңбырлатып суару қондырғыларын лизингке беру арқылы ендіру көзделуде. Биыл 2500 гектарға 50 дана ендіру жоспарланды. Су үнемдеу технологиялары 57 мың гектарға орнатылады. 

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді наурыздың үшінші онкүндігінен бастау жоспарланғанын баяндады. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 2023 жылы 519,1 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылға қарағанда 1,9 мың гектарға артық. Оның ішінде жаздық дақылдар 365,1 мың гектарды алып жатыр», — деп мәлімдеді Б. Исабаев.

Оның айтуынша, әртараптандыру аясында қант қызылшасының көлемі 1,9 есеге артып, көкөністер мен картоп 19,4 мың гектарға, дәндік жүгері 44,6 мың гектарға ұлғаяды.

2023 жылғы егінге 56,2 мың тонна көлемінде ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының қажетті қоры толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өткен күзде дақылдарға 16,8 мың тонна тұқым пайдаланылды.

 Қажетті 11,3 мың себу бірлік қант қызылшасы тұқымының 9,5 мыңы наурыз айының басында Көксу қант зауыты арқылы қамтамасыз етіледі, қалған 1,8 мың себу бірлігін шаруашылықтар тікелей тұқым өткізушілерден сатып алды.

Минералды тыңайтқыштарды қолдануды 1,4 есеге арттыру жоспарланып отыр. 

«2022 жылдың күзінде жер жыртуға 3,9 мың тонна аммофос пайдаланылды. Көктемгі дала жұмыстарына 6,4 мың тонна тыңайтқыш сатып алуға келісім-шарттар жасалды, оның 2,1 мың тоннасы алынды. Бұған қоса, қоймаларда барлығы 2,5 мың тонна тыңайтқыш бар», — деп мәлімдеді Б. Исабаев.

Облыс әкімінің айтуынша, арзандатылған дизель отыны 10,3 мың тонна көлемінде бөлінді. Оператор анықталды, мұнай базаларына ақпан айының көлемі жеткізіліп, шаруашылықтарға таратылуда.

Машина-трактор паркі жаңартылуда, 2022 жылы 9,1 млрд теңге сомасына 546 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 2023 жылы тағы да 650 бірлігі сатып алынбақ. 

«Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9,7 мың трактор, 1,5 мың сепкіш және 11,9 мың топырақ өңдеу құралы бар, техниканың көктемгі егіс жұмыстарына дайындығы 97% құрайды», — деді Б. Исабаев. 

Облыс әкімінің айтуынша, Аграрлық несие корпорацияның кредиттік бағдарламалары шеңберінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд. теңге көзделген, «Кең Дала» – 1,3 млрд теңге, «Агробизнес» – 3,7 млрд теңге, оның 573 млн теңгесі өткен жылдың желтоқсан айында берілген, жыл басынан бастап 1 млрд теңгеге 40-қа жуық өтінім түсті.

Биыл Көксу қант зауыты қызылша егетін шаруашылықтарға 700 млн теңге сомасына қаржылай қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық тұрақты бақылауда. Шешілмеген проблемалық мәселелер жоқ», — деп мәлімдеді Б. Исабаев. 

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндағандай, осы жылы өңірде жазғы егін егу көлемі 5,2 млн гектар, оның ішінде: дәнді және бұршақ дәнді дақылдар – 4,7 млн гектарды, майлы дақылдар – 367 мың гектарды құрайды.

«2023 жылғы егістік алқабына 533 мың тонна тұқым дайындалды, бұл өңірді тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етеді», — деп мәлімдеді М. Тәткеев.

Облыс әкімінің айтуынша, техниканы көктемгі егіс жұмыстарына дайындау аяқталып келеді.

Егін егу науқанына 18 мыңнан астам тұқым себетін техника мен жоғары өнімді егін егу кешені тартылатын болады. Ауыл шаруашылығы заманауи техника пайдалана отырып, 70%-дан астам астық танабын егу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының мәлімдеуінше, жыл басынан бері, шамамен 4 млрд теңге сомасына 73 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

Өңір үшін кепілдік берілген дизель отыны толық көлемде бөлініп, шарттар жасасу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Минералды тыңайтқыштарды сатып алу жұмысы жалғасуда, қазіргі уақытта 18 мың тонна сатып алынды.

«Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы көктемгі егін егу жұмыстарын кредиттеу бойынша 2,2 млрд теңгеге 52 өтінім қаржыландырылды.

Сонымен қатар «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігіне ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу жұмысы жүргізіліп отыр.

«Жалпы, көктемгі егін егу жұмыстарын уақытылы тиісті деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатыр», — деді М. Тәткеев. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу