2025 жылға дейін Қазақстанда 6 облыста 9 жаңа су қоймасы салынады — М. Мырзағалиев

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлттық геологиялық қызметті құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. 

«Аталған қызмет «бірыңғай терезе» қағидаты негізінде жұмыс жасайды. Оның нәтижесінде инвестор заманауи форматтағы жер қойнауының үш өлшемді моделі құрылған сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, іргелі, қолданбалы ғылым мен өндіріс күшін біріктіруге мүмкіндік алады», — деді министр.

2021 жылғы экологиялық мониторингтің нәтижесі бойынша Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезказған, Шымкент қалалары атмосфералық ауаның жоғары ластануымен сипатталып отыр. Шығарындыларды төмендету үшін келесідей шаралар қарастырылып отыр:

  • жаңа Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар кешенді ең үздік қолжетімді техникалар енгізуде;
  • министрлік пен кәсіпорындардың арасында Меморандумдар мен Жол карталарына қол қойылды. Оларға сәйкес кәсіпорындар шығарындыларды 20%-дан 30%-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
  • 10 қаладағы бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін 2025 жылға қарай шығарындылар лимитін 20%-дан кем емес көрсеткішке төмендететін болады. Облыс әкімдіктері осындай жұмысты екінші және үшінші санаттағы кәсіпорындар үшін өткізуі тиіс;
  • елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыру қажет; 
  • қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру жұмысын одан әрі жүзеге асыру керек. 

«Өткен жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы ұзындығы 12 км болатын «К-19» магистралды каналын цифрландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылды. Каналды цифрландырудын арқасында суару нормаларынан 45%-ға көбірек су жұмсалатыны анықталды. Алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 3,3 мың км болатын 212 каналды цифрландыру жоспарда бар. Осы іс-шараларды іске асыру 2,2 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді М. Мырзағалиев.

Одан басқа, су үнемдеу мақсатында министрлік су үнемдеу технологиясы қолданылатын ауданды 2025 жылға қарай 750 мың га дейін жеткізуді ұсынады.

Жалпы, республикалық меншікте ұзындығы шамамен 20 мың км болатын 3 298 суару желісі бар. Сол каналдардың 60%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл суды соңғы тұтынушыларға тасымалдау кезінде орын алатын жоғары шығынның негізгі себебі болып отыр.

Арналарды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 км канал жөнделіп, 111,5 га суармалы жер айналымға енгізілді. Биылғы жылы 1050 шақырым каналды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. 

«5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың км болатын кемінде 120 канал қайта жаңартылады. Нәтижесінде 600 мың га айналымға енгізілетін болады. 2025 жылға қарай суармалы жерлердің көлемі 2,2 млн га жеткізіледі. Бұл ауылдық жерлерде 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңгенің өнімін өсіруге ықпал етеді», — деді экология министрі.

Бұдан басқа, 2025 жылға дейін 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд м3 болатын 9 жаңа су қоймасы салынатын болады. Нысандардың жалпы құны 51,0 млрд теңгеге тең. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу