2026 жылдың тоғыз айында еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу көлемі 3,5 трлн теңгеден асты

2026 жылдың тоғыз айында энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар жүзеге асырған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер сатып алу көлемі 3,553 трлн теңгені құрады. Оның шамамен 1,9 трлн теңгесі немесе 55,4%-ы елішілік құндылық үлесіне тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Елішілік құндылықты дамытудың тиімді жүйесін құру жөніндегі белгіленген міндеттер шеңберінде Министрлік көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезіндегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту және отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

«2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша энергетикалық сектордағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 3,553 трлн теңгені құрады, оның ішінде 2026 жылға бекітілген жоспар 60,7% болған кезде, елішілік құндылық 1,967 млрд теңгені немесе 55,4%-ды құрады. Бұл ретте бұрын жасалған меморандумдарды/келісімдерді нақты келісімшарттарға көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде жыл соңына дейін елшілік құндылық көрсеткіштерінің 65,5%-ға дейін ұлғаюы күтіледі», — деп баяндады энергетика министрі. 

Ведомство басшысының сөзінше Министрлік ірі мұнай-газ жобаларының операторлары НКОК, ҚПО және ТШО-мен бірлесіп, Операторлар жүргізетін сатып алуларға қазақстандық өндірушілерді барынша тартуды қамтамасыз ету бөлігінде тұрақты негізде тиісті жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2024 жылмен салыстырғанда ірі Операторлардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 4%-ға өсіп, 2,837 трлн теңгені құрады, оның ішінде елішілік құндылық үлесі 1,595 трлн теңгені немесе 56,2%-ды құрады. 2025 жылы өткізілген осындай Форумның нәтижелері бойынша шамамен 200 млрд теңге сомасына шарттар жасалған болатын.

2026 жылғы қазанда өткізілген Мұнай-газ машинасын жасауды дамыту форумы мен ТШО, ҚПО және НКОК Ашық есік күндерінің қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастық туралы 10 меморандумға және отандық өндірушілермен жалпы сомасы 301,5 млрд теңгеге 27 келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар  жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатындв Операторлардың Тендерлік Рәсімдеріне өзгерістер енгізілді. ТШО, НКОК, ҚПО тауарларындағы, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтеріндегі елішілік құндылықты дамыту бағдарламалары бекітілді. Тауарлардағы елішілік құндылықты ірі жобалар бөлінісінде 2029 жылы 15%-дан 30%-ға дейін дейін ұлғайту көзделген. Министрлікпен заңнамалық деңгейде отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға және оларды қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуды жүзеге асыру процестерін реттеу тетіктері енгізілді.

Сатып алу қағидаларында жалғыз қазақстандық тауар өндірушіден тікелей сатып алуды, сондай-ақ екі және одан да көп отандық тауар өндірушілер болған жағдайда конкурс өткізуді көздейтін талаптар белгіленген. Мұнай-газ жобаларындағы сатып алуларда тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда сатып алынатын тауарлардағы жергілікті қамтудың ең төменгі үлесі міндеттемелерінің міндетті түрде болуын белгілейді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға кем дегенде тауарларда 30%, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде 80% көлемінде елішілік құндылық бойынша көрсеткіштерді енгізу жұмысы жүргізілуде.

Сондай-ақ Министрлік Мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығымен (IMBC) бірлесіп жүргізіп жатқан жұмысы шеңберінде 19 тауар санаты айқындалды. Бұл тауар санаттары бойынша ірі мұнай-газ Операторлары арасында жоғары сұранысқа ие 160 астам тауар түрі бөлінген.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен жасасқан ұзақмерзімді шарттарының сомасы 50,7 млрд теңгеге дейін өсті. 2026 жылдың басынан бері жер қойнауын пайдаланушылар 79,7 млрд теңге сомасына 75 ұзақмерзімді шарт және 668,9 млн теңге сомасына 42 офтейк-келісімшарт жасасты. 2022–2025 жылдары 7,9 млрд теңге сомасына 10 өндіріс оқшауланып, 350 астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қосымша мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және қазақстандық өндірушілерімен бірлесіп, 37,7 млрд теңгеге 15 жаңа өндірісті оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру және оларды шығару бойынша құзыреттілікті сатып алуды қамтамасыз етеді. Жеке бағыт — халықаралық сертификаттаудан өту кезінде отандық өндірушілерді қолдау. Тиісті сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу шегін 3 000-нан 15 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жұмысы жүргізілді», — деді энергетика министрі. 

Бұл отандық кәсіпорындарға 60 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі шығындарын өтеп алуға мүмкіндік береді және сәйкесінше қазақстандық өндірушілерге үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне шығуға, сондай-ақ өнімдерді шетелге экспорттық жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік ашады. Бүгінгі таңда мұнай-газ секторының 7 отандық тауар өндірушісінің Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдерін қоса алғанда, таяу және алыс шетел нарықтарына өнімді экспорттық жеткізу тәжірибесі бар. Жоғарыда аталған мәселелер Министрліктің тұрақты бақылауында.

#Мұнай-газ саласы #Экспорт #Энергетика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу