28 Шілде 2026, 11:30
Президент тапсырмасы бойынша әзірленген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстан бойынша желілік инфрақұрылымның тозуын орта есеппен 40%-ға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдың соңында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жобаның басты мақсаты – инженерлік инфрақұрылымның тозуын кезең-кезеңімен төмендету, энергиямен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. Ұлттық экономика вице-министрінің мәліметінше 2025 жылы жобаны жүзеге асырудың институционалдық негізі толық қалыптастырылды. Осы бағытта бюджет, құрылыс және өңірлік даму салалары бойынша қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданды. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру үшін Электрондық платформа іске қосылды. Ұлттық жобаны жүзеге асыруда табиғи монополиялар субъектілерінің 247 ұйымы қамтылып отыр.
«2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр, тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екісін құрауға тиіс. 2025-2029 жылдарға жалпы инвестиция көлемі 13 триллион теңгені құрайды, оның ішінде 6,8 триллион теңге коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңгені энергетика секторына бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың есебінен 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, жалпы қуаты 7 309 мегаватт болатын энергия көздері іске қосылады, сондай-ақ 27 энергия өндіру нысаны салынып, жаңғыртылады. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендету күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады», — деді ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев.
Оның айтуынша 2025 жылдан 2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылды. Бұл Ұлттық жобада көзделген жаңа тетіктердің тиімділігін айқын көрсетеді. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға жеке және шетелдік капитал тартылған. 2026 жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 6 жетекші халықаралық қаржы институты қарастырылған. Бұл шаралар «ұзақмерзімді әрі төмен құны бар» қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына түсетін жүктеме төмендейді. 2025 жылы жалпы көлемі 31,7 млрд қаржы тартылды. Ұлттық жобаның жүзеге асырылуын басқару Электрондық платформасы арқылы жүргізіледі. Платформада жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдері нақты және ашық түрде көрсетіледі.
Платформа шеңберінде негізгі бизнес-процестердің барлығы цифрландырылған. 2025 жылы жалпы көлемі 547 млрд теңге қаржыға 6 600 шақырым инженерлік желі жөнделді. Бұдан бөлек, 8 кәсіпорын тәуекелі жоғары «қызыл» аймақтан шығарылды. Осы жылы жалпы көлемі 1 трлн 138 млрд теңге қаржы есебінен 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу көзделген. Оның ішінде 759 млрд теңге құрылыс жұмыстарына қаржыландырылды. Ал 379 млрд теңге бойынша ЕРС-мердігері айқындалған жобалар шеңберінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, отандық тауар өндірушілерден материалдар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы сондай-ақ 8 кәсіпорынды инфрақұрылымның аса жоғары тозу аймағынан тозу деңгейі орташа санатқа шығару жоспарланған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай цифрлық платформасы – Smart Turmys платформасының екі модулін енгізу жұмыстары жалғасуда. Ұлттық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде – жобалаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейін – отандық тауар өндірушілердің өнімдерін басымдықпен пайдалану қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта 2029 жылға дейін шамамен 2 триллион теңге көлеміндегі өнімге қажеттілік айқындалды және E-Ondiris платформасында 492 отандық тауар өндіруші тіркелді.
Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында тұрғын үй көмегін тағайындау процесін автоматтандыру жұмыстары жалғасын табады.
«Ұлттық жоба жүзеге асырылғаннан бері жылумен жабдықтау саласына 533 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы 259 шақырым жылу желісі жөнделсе, биыл тағы 336 шақырым жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде орташа тозу деңгейі 52-ден 48%-ға дейін төмендейді, апаттылық деңгейі 7,2%-ға, ал жылу шығындары 1,6%-ға қысқарады. Нәтижесінде, тозу деңгейі аса жоғары табиғи монополия субъектілерінің саны төрт кәсіпорынға азаяды. Мысалы, Павлодар және Теміртау қалаларындағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобаларының толық жүзеге асырылғанын, сондай-ақ Орал қаласында осы бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өткім келеді», — деді ұлттық экономика вице-министрі.
Вице-министрдің баяндауынша электрмен жабдықтау саласында 15 758 шақырым электр желісін жөндеу көзделген. Жалпы инвестиция көлемі 846 млрд теңгені құрайды. Екі жылдың қорытындысы бойынша электр желілерінің орташа тозу деңгейі 67-ден 62%-ға дейін төмендейді, апаттылық деңгейі 3,9%-ға, ал электр энергиясының шығындары 0,6%-ға қысқарады. Ол, тозу деңгейі аса жоғары бір кәсіпорынға азаюды көздейді. Сумен жабдықтау саласында шамамен 1500 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 154 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейі 39-дан 36%-ға дейін төмендейді, апаттылық деңгейі 4%-ға, ал су шығындары 1,2%-ға қысқарады. Нәтижесінде, тозу деңгейі аса жоғары алты кәсіпорынға азаяды. Инфрақұрылымның тозу деңгейі ең күрделі жағдай – су бұру саласында сақталып отыр. Бұл салада 803 шақырым желіні жөндеу жоспарланған, ал инвестиция көлемі 94 млрд теңгені құрайды. 2025-2026 жылдардың қорытындысы бойынша желілердің орташа тозу деңгейі 55-тен 52%-ға дейін төмендейді, ал апаттылық деңгейі 2,5%-ға қысқарады. Нәтижесінде, тозу деңгейі аса жоғары үш кәсіпорынға азаяды.
«2026 жылға арналған өтінімдер бойынша әкімдіктердің іске тартылу рейтингіне ерекше назар аударуларыңызды сұраймын. Жасалған EPC-келісімшарттарының үлесі бойынша Атырау және Жетісу облыстары көш бастап тұр – екі өңірде де көрсеткіш жүз пайыз. Ал келісімшарттардың орындалған көлемі бойынша Павлодар және Қарағанды облыстары алда. Жоспарланған жұмыстардан артта қалып отырған өңірлер қызыл түспен белгіленген. Олар: Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары. Қызылорда облысы жобаларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруда. 2027 жылға арналған өтінімдер базасын қалыптастыру жұмыстары оң серпінмен жүргізілуде. Аталған рейтингтің көшбасшысы ретінде жалпы құны 131,4 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны ұсынған Абай облысын ерекше атап өткім келеді. Одан кейін Жетісу және Жамбыл облыстары орналасқан. Сонымен қатар рейтингтің соңғы орындарында тұрған Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстары 4,1 млрд теңгеден 11,7 млрд теңгеге дейінгі көрсеткіштермен 2027 жылға арналған өтінімдер қорын қалыптастыру деңгейінің өте төмен екенін көрсетуде», — деді вице-министр.
Барлық жұмыс бойынша бекітілген жоспарлы көрсеткіштер бар. Осыған байланысты слайдта тиісті шараларды қабылдауды күшейту қажеттігін көрсететін ақпарат ұсынылған. Осыған байланысты Ұлттық жобаның барлық қатысушылары 2026 және 2027 жылдарға арналған нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Ұлттық жобаның институционалдық және қаржылық негізі толық көлемде қалыптастырылды. Жүзеге асырудың алғашқы жылы қаржыландырудың барлық жеті тетігінің және цифрлық басқару жүйесінің тиімділігін растады. 2026 жылдың негізгі міндеті – дайындық кезеңінен ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстарына көшу және инженерлік желілерді жөндеу көлемін екі есеге арттыру.
#Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Экономика #ЭнергетикаҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу