2030 жылға дейін ҚазМұнайГазда тауарлық газ өндіру жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес 2030 жылға дейін ҚазМұнайГазда тауарлық газ өндірісі жылына 2,4-тен 4,5 млрд текше метрге дейін өсетінін атап өтті.

ҚазМұнайГаз Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын іске қосу және газ өңдеу қуаттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін ҚазМұнайГазда тауарлық газ өндіру жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Аталған кезеңде сұйытылған мұнай газын өндіру 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін артады.

Басқарма төрағасы бұл көрсеткіштерге төмендегі жобаларды жүзеге асыру есебінен қол жеткізілетінін атап өтті:

  • Бірінші. Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское жобасы.

Қазіргі уақытта екінші кезеңі жүзеге асырылуда, ол 2028 жылы аяқталып, газ өндіру көлемін жылына 700 млн текше метрге дейін ұлғайтпақ. Газды өңдеу «Жайықмұнай» компаниясының қуаттарында жүзеге асырылады.

  • Екінші. Атырау облысындағы Батыс Прорва жобасы. 

2025 жылғы желтоқсанда жобалық қуаты 200 млн текше метр болатын бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілді. Екінші кезеңде, яғни 2027 жылы бұл көрсеткішті 920 млн текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Газ өңдеу Боранкөл газ өңдеу зауытының қуаттарында жүзеге асырылады.

  • Үшінші. Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау жобасы. 

Осы жылғы сәуірде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол газ өңдеу зауытында газ процессингін жүргізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы жылдың соңына дейін өндіріс көлемін жылына 200 млн текше метр шикі газға дейін жеткізу, ал 2027 жылы бұл көрсеткішті жылына 1 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Ол барлық жобаларды жүзеге асыру кезінде газды кен орындарына жақын орналасқан газ өңдеу зауыттарында  өңдеу мүмкіндіктері ескерілгендігін атап өтті. Мұндай кластерлік тәсіл кен орындарын іске қосу мерзімін қысқартып, инфрақұрылымға кететін шығындарды азайтады және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі бос тұрған өңдеу қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етеді.

Басқарма төрағасы осылайша, жоғарыда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жылына қосымша 2,1 млрд текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған газ шығаруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Газ өндіру көлемін арттыруды қамтамасыз ету және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп газдың ынталандырушы бағасын 5 жылға бекітуді көздейтін заңнамаға өзгерістер пысықталып жатыр. Бүгінде баға 1 жылға ғана белгіленеді. Бұл жаңа жобалардың жүзеге асырылуын жеделдетуге, тауарлық газ өндірісін арттыруға, сондай-ақ газ өңдеу қуаттарының жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жаңаөзен қаласында жылына қуаты 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Оны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда бірінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, сондай-ақ резервуарларды монтаждауға арналған іргетастар дайын. Қазір іргетастар мен монолитті қабырғаларды бетондау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. 9 бірлік резервуар құрылыс алаңына жеткізілді, қалған 4 данасы жолда. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтардың 48,3% дайын. 

«Барлығы 259 позицияның 92-сі дайын, қалған 167-сі өндірісте. Жаңа газ өңдеу зауытын салуда модульдік құрылыс әдісі қолданылып жатқанын атап өткім келеді. Негізгі технологиялық модульдер зауытта жасалып, құрылыс алаңына жеткізіледі. Бұл тәсіл дайындық дәрежесін арттырып, алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін азайтады. Модульдерді құрастыру жұмыстарының ілгерілеуі 41%-ды құрайды. Бастапқыда жаңа газ өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін қолданыстағы Қазақ газ өңдеу зауыты ұзақ уақыт жұмыс істеуіне байланысты пайдаланудан шығару жоспарланған болатын. Зауыттың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оның жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды. Зауытты одан әрі пайдалануды қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі ҚазМұнайГазбен және өңірдің жер қойнауын пайдаланушыларымен бірлесіп қосымша шикізат көздерін бағалау бойынша жұмыс жүргізді. Зерттеулердің нәтижесі бойынша шамамен 3 млрд текше метр газ әлеуеті анықталды, оның 2,7 млрд текше метрге жуығы жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытын жүктеуге мүмкіндігі бар. Осы қорларды игеруге тартудың негізгі мәселесі жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлық газының қосымша көлеміне ынталандырушы баға формуласын қолдану болып саналады. Осы бағытта ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз», — деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов. 

Газдың ұзақмерзімді ресурстық базасын қалыптастыру мақсатында ҚазМұнайГаз бірқатар геологиялық барлау жобасын жүзеге асыруда. Мәселен, Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы бойынша 2025 жылы тереңдігі 5 750 метр болатын ұңғыма бұрғыланып, бірінші және екінші объектілерді сынау нәтижесінде газ ағыны алынды. Бүгінгі таңда үшінші объектіні сынау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық объектіні сынау аяқталғаннан кейін қорларды растау әлеуеті айқындалатын болады. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін жоба аясында тереңдігі 6 000 м екінші ұңғыманы бұрғылауды бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ҚазМұнайГаз Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында осы жылғы үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3 500 метр болатын бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау жоспарланған. «Жылыой» және «Березовский» екі жаңа жоба бойынша бүгінгі таңда ірі қытайлық серіктестер – CNOOC мен Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасалды. Осы жылғы күзде сейсмикалық барлау жұмыстары басталады. Сонымен қатар Қызылорда облысындағы ресурстық базаның сарқылуы мен өндіру деңгейінің төмендеуін ескере отырып, Шу – Сарысу учаскесінде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді.

«Деректерді өңдеу және талдау нәтижелері бойынша перспективалы газ құрылымдары анықталды. Тереңдігі 3 500 метр болатын бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылау 2027 жылдың басына жоспарланған. Кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мақсатында ҚазМұнайГаз геологиялық барлаудан бастап жерүсті инфрақұрылымын пайдалануға дейінгі өндірістік циклдің барлық кезеңдерін қамтитын өзінің ABAI жасанды интеллект жүйесі негізінде цифрлық егіздерді енгізуде. Цифрлық модельдерді қолдану неғұрлым дәл инженерлік шешімдер қабылдауға, шығындарды оңтайландыруға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен ұңғымаларды жөндеу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өндіру кезіндегі технологиялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз қорының 87%-ын қамтитын 12 ірі кен орнына цифрлық егіздер енгізіліп жатыр», — деп атап өтті Асхат Хасенов. 

2030 жылға дейін күтілетін жиынтық нәтиже шамамен 2,8 млн тонна мұнай және 500 млн текше метр ілеспе газды қосымша өндіру болып саналады, бұл ресурстық базаны игеру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы жылғы қазанда Шығыс Молдабек кен орнында цифрлық егіз толықтай іске қосылады. Барлық 12 кен орнындағы осыған ұқсас жұмыстарды 2028 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен аяқтау жоспарланып отыр. ҚазМұнайГаз ресурстық базаны арттыруға, газ саласын дамытуға және Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу