2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет, олардың 1,8 млн-ы жұмысшы мамандықтары

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды.

Отырыс барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың баяндамалары тыңдалды.

Бүгінгі күні кадрлармен қамтамасыз ету экономиканың орнықты дамуының негізгі факторына айналып отыр. Басты міндет – экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің біліктілігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету. Осы қағидаттың негізінде жұмысшы кәсіптер бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері қалыптастырылады.

«Елде жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған, жұмыспен қамту деңгейі – 96%. Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалуда: Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар. Сондықтан негізгі міндет – сұранысты қалыптастыру емес, кадрлар даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, 2035 жылға дейін экономиканың кадрларға қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша - 1,8 млн адам. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасады. Осыған байланысты, ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда, бұл - инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика.

Сонымен бірге технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертуде: кейбір кәсіптер жойылады Олар – мәтінді терушілер мен терушілер, ақпаратты еңгізу бойынша қызметкерлер, корректорлар. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады.

Мұндай жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі озыңқы негізде жұмыс істеуге тиіс. Салалар бойынша перспективалы кәсіптерді алдын ала айқындап, біліктіліктер мен білім беру бағдарламаларын жедел жаңарту қажет. Бүгінгі күні кәсіптік стандарттарды одан әрі жетілдіру үшін салалық өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі жүйелік шаралар қабылдануда.

«Бірінші – экономикада анағұрлым сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерді кәсіптік стандарттармен қамтамасыз ету. Стандарттарда цифрлық дағдыларды, ЖИ құралдарын қолдануды, BI-аналитиканы және киберқауіпсіздікті қамтитын міндетті ЖИ-компонент бекітілуге тиіс. Осы жылдың соңына дейін кәсіптік стандарттармен 600-ден астам жұмысшы кәсіпті қамту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, білім беру бағдарламаларының кәсіптік стандарттар талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру бойынша жұмыс басталды. Бұл үшін білім беру және еңбек салаларындағы ақпараттық жүйелердің интеграциялау жүргізілуде. Кәсіптік стандарттарды әзірлеу үшін ЖИ-сервис іске қосылды, мемлекеттік органдарға 100-ден астам кәсіптік стандарттың жобалары жіберілді. Оларды жылдың соңына дейін бекітуді аяқтау қажет», — деді ол.

Екінші шара – бес бағыт бойынша кәсіптік біліктілік жүйесін кеңейтуге бағытталған.

Біріншісі – қысқа мерзімді оқытуды реттеу, 2027 жылдың бірінші тоқсанында кәсіптік стандарттардың негізінде және міндетті түрде нәтижелерді сертификаттау арқылы танумен білім беру бағдарламаларының сапасына бірыңғай талап қоя отырып, Career Enbek платформасында қысқа мерзімді оқыту ұйымдарының бірыңғай тізілімін жасау.

Екіншісі – жоспарлау кезеңінде инвестициялық жобалардың кадрлық паспортын енгізу.

Үшіншісі – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту: нақты KPI-лары бар 2027-2029 жылдарға біліктіліктерді дамытудың салалық жоспарларын бекіту. Еңбекмині Жоспарды бекітті, тағы 19 мемлекеттік орган қарап жатыр.

Төртіншісі – біліктілік анықтамаларынан кәсіптік стандарттарға кезең-кезеңмен көшу. 

Бесіншісі – біліктілік жүйесіне жұмыс берушілерді тарту: кәсіптік біліктілікті тану процессіне қатысуға «Allur», «Qarmet», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақмыс» және басқа да ірі компанияларды тарту көзделуде.

«Үшінші шара – заманауи цифрлық шешімдерді енгізу. Біз кәсіптік оқытуды, біліктілікті растауды, жұмысқа орналастыруды және адамның одан әрі дамуын біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырудамыз. Біліктілікті танудың бүкіл жолы – орталықты аккредиттеуден бастап сертификат алуға дейін – цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін кәсіптік біліктілікті тануды қолжетімді етеді. Big Data мен жасанды интеллект негізінде кадрларға қажеттілікті неғұрлым дәл болжауға көшеміз. Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың, салалар мен өңірлердің нақты сұранысын ескере отырып қалыптастырылады. Сондай-ақ адамның мансаптық траекториясын цифрлық сүйемелдеуді енгіземіз: мамандық таңдау мен оқудан бастап жұмысқа орналасуға және кәсіптік дамуға дейін. Осылайша, цифрландыру деректерді есепке алудан басқарушылық шешімдер қабылдауға өтуі тиіс», — деді министр.

Төртіншісі – мүгедектігі бар адамдарға білім алуға және жұмыспен қамтылуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыру. Басты міндет – мүгедектігі бар адамдар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, лайықты жұмыс тауып, өзінің кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Ол үшін кәсіп таңдау мен оқудан бастап жұмыс орнына шығуға және жұмыста орнығуға дейінгі бірыңғай сүйемелдеу жүйесі қалыптастырылуда. Колледждер мен жоғары оқу орындары кадрларға қажеттілік пен мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін ескере отырып, нысаналы түрде бейімделеді. Сонымен қатар сүйемелденетін жұмысқа орналастыру тетігі енгізілуде. Тәлімгерлер азаматтарға бос жұмыс орындарын іздеу, жұмыс берушімен өзара іс-қимыл жасау және жұмыс орнына бейімделу кезеңдерінде көмек көрсетеді. Басты нәтиже – жекелеген қолдау шараларынан әрбір азаматқа оқу, жұмыспен қамтылу және кәсіптік даму үшін тең мүмкіндіктер беретін тұтас жүйеге өту.

«Ұсынылған шараларды жүзеге асыру кадрлар даярлаудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді: қажеттілікті болжау мен кәсіптік стандарттарды жаңартудан бастап оқуға, біліктілікті тануға және жұмысқа орналастыруға дейін. Нәтижесінде экономика сұранысқа ие дағдылары бар мамандарды, жұмыс берушілер қажетті кадрларды, ал азаматтар кәсіптік даму мен лайықты жұмыспен қамтылудың шынайы мүмкіндіктерін алады», — деді Асқарбек Ертаев.

#Жұмыспен қамту #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу