Өткен тәулікте арыс қаласында тағы 44 үй қалпына келтірілді — ҚР ИИДМ

2019 жылғы 4 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 180 тұрғын үй қалпына келтірілді. Жұмыстар 875 үйде жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Арыс қаласындағы үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс. Осыған байланысты күн сайын қаланың тұрғын үй қорын қалпына келтіруге тартылған мамандар саны өсуде. Бүгінде Арыс қаласында Қазақстанның барлық аймағынан 118 компанияның 2116 құрылысшысы (өткен тәулікте 1546 құрылысшы) еңбек етуде. Бір тәулік ішінде арнайы техника саны 86-дан 111-ге дейін артты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында жүр. Жақында ол Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, барлық үйлерді бақылауда және күнделікті мониторингте ұстайтынын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс қаласын 17 секторға бөлу арқылы еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларына бекітіп берілді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, шығындардың қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19.00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу