А. Мамин елордада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейтуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы баяндады.

Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауға алынған. Вирустың репродуктивтік индексі 1 құрайды, инфекциялық төсек орындар 25%, реанимациялық төсек орындары 21% толы.

Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта» тұр, «сары аймақта» 5 өңір: Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған 11 өңір – «жасыл аймақта».

Бүгінгі таңда 2,8 млн-нан астам адам бірінші компонентті, 1,7 млн-нан астамы екінші компонентті алды.

Премьер-Министр елордада коронавирустың үнділік «Дельта» штамына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отқанын, оның таралу жылдамдығы өте жоғары, жылдам өршитінін және салдары анағұрлым ауыр екенін атап өтті. 

Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, Ведомствоаралық комиссияға елордадағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Жалпы, Қазақстандағы жағдай тұрақты болғанына қарамастан, көрші мемлекеттердегі жағдай нашарлай түсуде. Сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту керек, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға және вакциналау қарқынын арттыруға ерекше назар аудару қажет», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу