А. Мамин Үкімет мүшелеріне барлық өңірлерде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуын тексеруді тапсырды

2021 жылғы 19 қазанда Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Биыл 27 қазаннан бастап ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша орталық мемлекеттік органдардың басшылары ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңғырту барысын бақылау мақсатында өңірлерге инспекциялық сапарларды бастады.

Қазақстанда ауыл халқының 89%-ы тұратын 3561 перспективалы ауыл (1173 тірек және 2388 серіктес) айқындалды. 2019-2021 жылдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы, сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасы, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша және жеке инвестициялар есебінен ауылдық аумақтарды дамытуға 1,2 трлн теңге бағытталды. ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 12 мыңнан астам жоба іске асырылды, 6,5 мың жоба іске асырылу сатысында.

Алдағы төрт жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғаяды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған.

2025 жылға қарай ауылдық жерлер 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі, 10 мың шақырым кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың шақырым инженерлік желі, бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісі салынады және жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады.

АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғынының табысы артады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.

Биыл 29 қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуын тексерді.

Үкімет басшысы Астрахан ауданының Астраханка ауылындағы және Атбасар ауданының Бастау ауылындағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, тіршілікті қамтамасыз ету және АӨК нысандарын аралады.

Ақмола облысында 298 перспективалы ауылдық елді мекен анықталды. 2019-2021 жылдары өңірдің ауылдық аумақтарының инфрақұрылымын жаңғыртуға 70 млрд теңге бөлінді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, ТКШ, кентішілік жолдарды, су құбыры желілерін жөндеу және салу бойынша 88 жоба іске асырылды. 1140 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 200-і тұрақты жұмыс орны.

Биыл барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша Ақмола облысының ауылдық елді мекендерін дамыту бойынша жалпы сомасы 22,3 млрд теңгеге 203 жоба іске асырылып жатыр. 2022-2025 жылдарға өңірдің ауылдық аймақтарын дамытуға шамамен 120 млрд теңге бөлу жоспарланған.

А. Мамин еңбек ардагерлерімен және өңірдің құрметті тұрғындарымен кездесті. Үкімет басшысы ауылдық елді мекендердің дамуына жаңа серпін беретін «Ауыл – Ел бесігі» жобасын уақтылы және сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға және ауылдық елді мекендердегі тұрмыс сапасын арттыруға көп көңіл бөледі. Үкімет мүшелері «Ауыл – Ел бесігі» жобасының және ауыл аймақтарын дамытудың басқа да бағдарламаларының орындалуын бақылау бойынша еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапарларды бастады. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру қарқыны ерекше бақылауда», —  деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу