А. Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Өңір әкімі Серікбай Трұмов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов,  Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 1 млрд текше метрге дейін болатын жаңа газ өңдеу зауытын салу, өңірдің қолданыстағы магистралдық және таратушы газ желілерін реконструкциялау мәселелері талқыланды.

Маңғыстау облысының халқын ауыз сумен қамтамасыз ету шеңберінде «Каспий» тұщыландыру зауытын қайта жаңарту және кеңейту (өнімділігі тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттырылатын болады), «Қаражанбас» қуатын тәулігіне 17 мың текше метрге ұлғайту, Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешетін және қуаты тәулігіне 50 мың текше метрге жететін «Кендірлі» тұщыландыру зауытын салу жүзеге асырылады. Қосымша сумен жабдықтау мен кәріздің жаңа желілері салынады, КТҚ қайта жаңартылып, жалпы қуаты тәулігіне 70 мың текше метрге дейін жеткізіледі.

Биыл «Ақтау-Форт Шевченко» жолын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда, қажетті инженерлік коммуникацияларды жүргізе отырып, 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.

2021 жылдың наурыз айында «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру басталады. Жоба үш жыл ішінде аяқталады және тарихи қалдықтарды орналастырумен байланысты экологиялық проблеманы шешуге мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысының азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мәселелері қаралды. Өңірде бірқатар АӨК инвестициялық жобалары іске асырылуда. Соның бірі — қуаты жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін «Ақтау агро» жобасы. Оны а. ж. II тоқсанында іске қосу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру өңірдің құс етімен қамтамасыз етілуін 45%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысының халқының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және табысын арттыру, еңбек нарығының қазіргі жағдайын ескере отырып, туристік сектор үшін жергілікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 2,9%-ға – 576,4 млрд теңгеге дейін өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 206,3 млрд теңгені құрады (+12,2%), 1,19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (+1,5%).

Маңғыстау облысы Қазақстанның перспективалы туристік аймақтарының ТОП-10 құрамына кіреді. 2020 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 71,8 млрд теңгеге жетті. Биыл Маңғыстау облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген.

«Жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін дамудың жаңа жобаларына инвестиция тарту көлемін ұлғайту қажет», — деді А. Мамин.

Жұмыс сапары аясында А. Мамин Ақтау қаласының курорттық аймағын дамыту жобаларының (Fairmont, Double Tree by Hilton, Aqualina Resort брендтерімен қонақ үйлер, тақырыптық ойын-сауық паркі) іске асырылуын тексеріп, жоспарланған инфрақұрылым құрылысының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу