Ә. Смайылов қаржыгерлер аллеясының ашылу рәсіміне қатысты

Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қаржы министрлігінің 100 жылдығына орайластырылған қаржыгерлер аллеясы ашылды. Қаржы министрлігі ғимаратының жанына 100 көшет отырғызылды, ол енді елорданың жасыл қорын толықтырады.

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Қаржы министрлігінің 100 жылдығына орайластырылған қаржыгерлер аллеясының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә. Смайылов, бірқатар мемлекеттік орган басшылары және қаржы саласының ардагерлері қатысты. Әлихан Смайылов еліміздің қаржы жүйесінің дамуына ардагерлердің үлесі зор екенін ерекше атап өтіп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады.

Іс -шара барысында ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аллеяның ашылуы Қаржы министрлігінің мерейтойына арналған іс-шаралар легінің бастауы болғанын атап өтті.

Жақын күндері әр жылдары министрлікті басқарған тұлғалар туралы бірнеше басылым ұсынылады. Сондай-ақ соңғы 100 жылдағы қаржы-бюджет жүйесінің қалыптасуы мен дамуы туралы деректі фильмді жарыққа шығару жоспарда бар.

Тарихқа көз жүгіртсек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Қаржы министрлігінің біртұтас жүйе ретінде құрылғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Республиканың қаржы органдарының қызметін ұйымдастырудың іргелі құжаттарының бірі РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 ж. Қазақ АССР-нің «Кірістер мен шығыстардың қаржылық сметасын жасау, қарау, бекіту және орындау тәртібі туралы» қаулысын қабылдау болды. Дәл осы құжатта республиканың әлі толық нығайтылмаған қаржы органының басшылыққа алатын принциптері бекітілді. Сол жылы ҚССР Қаржы халық комиссариаты туралы ереже бекітіліп, оған сәйкес Қаржы халық комиссариатының құрылымы, қызметі, кадрлық және басқа да мәселелері нақтыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу