Ә. Смайылов Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 10-шы отырысына қатысты

Бүгін бейнеконференция байланысы форматында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың және Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэннің тең төрағалығымен Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 10-шы отырысы өтті.

Отырыс барысында тараптар қауіпсіздік, кеден, көлік, теміржол, сауда-экономикалық, су шаруашылығы, энергетика, ғылыми-техникалық, қаржылық, мәдени-гуманитарлық, экологиялық және геологиялық салалардағы ынтымақтастық бойынша Комитеттің 12 шағын комитетінің жұмысын қорытындылады.

Талқыланған негізгі тақырыптардың бірі жүк тасымалдауға қолайлы жағдай жасау болды. Ә. Смайылов қолданыстағы шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттырып, әлі жабылып тұрған «Қалжат-Дулаты» және «Майқапшағай-Зимұнай» автомобиль өткізу бекеттерінің жұмысын қалпына келтіруді ұсынды.

Сонымен қатар, Ә. Смайылов «Достық-Алашаңқай» және «Алтынкөл-Қорғас» стансаларында Қазақстаннан тасымалданатын жүк пойыздарының санын тәулігіне 18 дейін арттыруды, сондай-ақ барлық жүктерді қабылдауға қойылған шектеулерді алып тастауды ұсынды.

Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасы азаматтарына, оның ішінде студенттерге кіру визаларын беруді қалпына келтіруді, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әуе рейстерін қайта жандандыруды ұсынды.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу