07 Қараша 2026, 11:40
Абай облысында инвестициялар тарту, жоғары технологиялық өндірістер құру және өңір экономикасын әртараптандыру үшін «Семей» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылады. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Ауданы 600 гектар болатын жаңа АЭА Жаңасемей ауданында орналастырылады. Оның аумағында жоғары технологиялық заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешен құру жоспарлануда, оның ішінде экспортқа бағдарланған кәсіпорындары болады. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау, кәсіпорындар мен логистикалық инфрақұрылым арасындағы өндірістік байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
АЭА аумағындағы жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 1,4 трлн теңге деңгейінде болады деп болжануда.
Жаңа кәсіпорындарды іске қосу 14 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Осылайша, «Семей» АЭА ашылған кезде елімізде 15 өңірде 19 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейтін болады, олар жаңа өндірістерді ұлғайтуға және өнеркәсіп өнімдерін шығаруға мүмкіндік туғызады.
Өңір экономикасы үшін сабақтас салаларды дамыту, жергілікті бизнестің тауарлары мен қызметтеріне сұранысты өсіру, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту сынды мультипликативті әсер күтілуде.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу