Абай облысындағы табиғи өрт аймағында төтенше жағдай жарияланады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысының Бородулиха ауданындағы ірі табиғи өртті жою мәселесі қаралды. Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев, Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев және экология вице-министрі Галидулла Азидуллин баяндама жасады.

Абай облысының әкімі хабарлағандай, биылғы 25 мамырдағы жағдай бойынша ормандағы өртті сөндіру ерекше бақылауға алынып, жедел штабтың жұмысы кеңейтілді. Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Орман алқабындағы екпінді жел мен сулы-батпақты жерлер өрт сөндіру жұмысына кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалуын қиындатады. Өрт шарпыған аймақтың ауданы 3,5 мың гектарды құрайды. Орман өртін сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылған. Бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланады. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, алайда қауіпсіздік мақсатында 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды», — деді Н. Ұранхаев.

Тонау фактілерін болдырмау үшін эвакуациялау орнында 20 адамнан тұратын полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Шұғыл көшіру жағдайында Бородулиха ауылында 331 орынға 3 эвакуациялық пункт дайындалды. Орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр және бақылауда.

Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр, генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев қазіргі уақытта республикалық және облыстық деңгейлерде жедел штабтар жұмыс істеп тұрғанын, Төтенше жағдайлар министрлігінен оқиға орнында вице-министр жетекшілік етіп тұрғанын баяндады.

«Бастапқы кезеңде өртті жою үшін 434 адамнан тұратын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚТЖ, жергілікті атқарушы органдар және облыстың коммуналдық қызметтерінің) өкілдері, 109 техника, 2 әуе кемесі және 1 өрт пойызы кірген азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының тобы жасақталды», — деді И. Күлшімбаев.

Жедел жағдайдың нашарлауына байланысты кеше Республикалық жедел штабтың отырысы өтіп, онда мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер жүктелді.

Экология министрлігіне өрт сөндіру жетекшісі ретінде көмектесу үшін Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктерінің күштері мен құралдары қосымша жіберілді. 

Мәселен, бүгінгі таңда өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚМ, ҚТЖ, жергілікті атқарушы органдары мен облыстық коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. 8 тікұшақ жұмылдырылды оның ішінде 3-еуі ТЖМ, 3-еуі ҚМ, 2-уі ЭТРМ-ге тиесілі. 

Бүгін таңертең 2 әуе кемесі келді.

«Өрт сөндіру үшін 10 тікұшақтың 8-і су ағызу құрылғысымен, 2-уі барлау және десанттарды жеткізу үшін пайдаланылады. Жағдай бақылауға алынды, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық шаралар қабылдануда», — деді И. Күлшімбаев. 

Өз кезегінде экология вице-министрі Галидулла Азидуллин 2023 жылғы 22 мамырда сағат 15:13-те бақылау мұнарасының өрт күзетшісі «Семей орманы» табиғи резерватының аумағында өртті анықтағанын хабарлады. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт Ресей Федерациясының іргелес аумағындағы дала өрті салдарынан орын алған.

«Желдің екпіні салдарынан орманда өрт алаңы лезде 50-70 гектарға дейін ұлғайды, өрт сөндіру автомобильдері, тракторлар және жеке құрамның 84 адамы бірден өрт орнына шықты. 23 мамыр күні таңертең өрттің таралуы тоқтатылды, жану ошақтары сөндірілді. Алайда, сағат 12:21-де солтүстік-батысындағы 20 м/с-қа дейін күшейген екпінді желдің салдарынан өрт қайта басталып, 103-ші орамдағы төселген минералданған жолақты кесіп өтіп, жоғары өртке ауысты», — деді Г. Азидуллин.

Министрліктен 75 техника және 252 адам жұмылдырылды.

Алдын ала жүргізілген барлау деректерінің негізінде орман өртін сөндіруді тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін өрттің тактикалық жоспары жасалды.

«Әрбір барлаудан кейін өрттің түрі мен күші, орманның ең қауіпті және құнды учаскелері, су айдындары, өрттің таралуын тоқтататын немесе күйдіру үшін тірек желісі ретінде қызмет ететін бөгеттер, сондай-ақ мұндай тосқауылдар немесе тірек жолақтар жасалуы тиіс орындар белгіленеді. Орман өрттерін сөндірудің негізгі жерүсті әдістері қолданылып жатыр. Бұл төменгі өрттің шеттерін сабалау немесе оған топырақ шашу, жер өңдейтін құралдардың көмегімен минералдандырылған жолақтар тарту және орлар қазу, өрттерді әуе және жерден сөндіру әдістерін қолдану. Министрлік өртті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», — деп түйіндеді Г. Азидуллин.

#Экология #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу