Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 6 бағыт бойынша 36 тармақты жүзеге асыруды көздейді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиев атап өткендей, кешенді жоспар Ақтөбе облысы бойынша Актөбе агломерациясын, мұнай-газ және көлік инфрақұрылымын, тау-кен металлургия кешенін, өнеркәсіптік кооперацияны, сондай-ақ ғылыми-медициналық және білім беру кластерін дамытуды көздейтін 6 бағыттан тұратын және 36 іс-шараны қамтиды.

«Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 567 млрд теңгені құрайды, оның ішінде РБ – 64,9 млрд теңге, ЖБ– 7,4 млрд теңге, жеке инвестициялар – 478,7 млрд теңге, сондай-ақ МЖӘ арқылы 16,6 млрд теңге. Кешенді жоспардың бірінші бөлімі бойынша Ақтөбе агломерациясының инфрақұрылымын дамытуға 119,6 млрд теңге сомасына 13 инвестициялық жобаны қамтиды», — деді Ә. Ерғалиев.

Халықтың тұрмыс сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында инженерлік-коммуникациялық және индустриялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілерді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Кешенді жоспардың екінші бөлімі бойынша мұнай-газ саласында газ өңдеу кешенін салу, жаңа кен орындарын игеру және резервтік кен орындарын пайдалануға беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ қиын өндірілетін мұнайды өндіру кезінде технологиялық жаңғыртуды жүргізу жоспарлануда.

Үшінші бөлімде тау-кен металлургия кешенін дамыту іс-шараларын іске асыру көзделген.

Жобаларды қаржыландыру 48,3 млрд теңге сомасына жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. 

Сондай-ақ Кешенді жоспарда өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жобаларын жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 450 га индустриялық аймақты құру қамтылуда. 

Кешенді жоспардың бесінші бөлімі аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 11,1 млрд теңге сомасына жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Ақтөбе облысының өңіраралық байланыстарын нығайту мақсатында қолданыстағы автомобиль жолдары жаңғыртылады.

«Ақтөбе қаласының еліміздің батыс бөлігіндегі өсу орталығы және ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге “Ақтөбе – Ор” және “Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы” сияқты жобалар ықпал ететін болады. “Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын” және “Ақтөбе – Атырау – Астрахань” автомобиль жолдарын қайта жаңартуды іске асыру жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61%-дан 95%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру көршілес өңірлермен жолаушылар ағыны мен жүк тасымалын ұлғайтады. Осылайша, Ақтөбе облысының тауар айналымы 2025 жылға қарай 1,5 есеге – 2,3 трлн теңгеге дейін артады», — деді ұлттық экономика министрі.

Кешенді жоспардың соңғы бөлімі «Өңірдің ғылыми-медициналық және білім беру кластерін дамыту» аясында 8,1 млрд теңгенің жобаларын іске асыру көзделген.

«Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін заманауи инфрақұрылым құрылады. 25 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, көпбейінді аурухана, балалар онкогематология орталығы салынады, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары технологиялық медициналық техникамен жабдықтау жоспарлануда», — деді Ә. Ерғалиев.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша 49 мектеп және Ақтөбе қаласында колледж студенттеріне арналған үш жатақхана салу жоспарлануда.

Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 114 мың жаңа жұмыс орнын құруды, шамамен 5,8 трлн жеке инвестиция тартуды қамтамасыз етеді.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37%-ға, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 34%-ға, халықтың ақшалай табыстары 41,8%-ға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 21%-ға және құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7% ға өседі. Жалпы өңірлік өнімнің нақты өсімі 27,4%-ға артады.

«Кешенді жоспарды іске асыру өңірдің дамуына сапалы жаңа серпін беруге, экономикасын әртараптандыруға және инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Орта мерзімді перспективада жалпы өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімі 5-6%-ға арттырады. Жоғарыда аталған кешенді жоспардағы жобаларды іске асыру, келешекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсер етеді», — деді Ә. Ерғалиев.

Өз кезегінде А. Цой Кешенді жоспар жобасында 2 денсаулық сақтау объектісін салу, күрделі жөндеу, сондай-ақ өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру көзделгенін атап өтті.

Кешенді жоспар жобасында республикалық деңгейде 350 төсектік «Ақтөбе қаласында көпбейінді аурухана салу және оны пайдалануға беру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыру үшін Ellington Рroperties LLP түрік Rönesans Holding компаниясымен бірлесіп RenEll компаниясы құрылды. Жоба жұмыс істеп тұрған және тозған жедел медициналық көмек ауруханасының орнына көзделген.

«Құрылыс кезеңінде 700 жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 600 жұмыс орнын құру жоспарда бар. Балалар онкогематология орталығы облыстық балалар клиникалық ауруханасының аумағында құрылады және ол онкогематологиялық бейіндегі 36 төсек, отоларингология бойынша 16 төсек, гастроэнтерология, ревматология, эндокринология бойынша 20 төсек және пульмонология бойынша 28 төсек құруды көздейді», — деді А. Цой.

Бұл жоба қажетті медициналық көмекті уақцтылы алатын пациенттерді қамтуды арттырады, ауруларды диагностикалауға және қажетті емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары технологиялық медициналық техникамен жарақтандыруды 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын жергілікті бюджет пен жеке бастама шеңберінде көзделген қаражат есебінен іске асыру жоспарлануда.

2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін кемінде 25 денсаулық сақтау объектісін күрделі жөндеу көзделген. Денсаулық сақтау саласында жоспарланған іс-шараларды іске асыру өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін, тиімділігін және сапасын арттыруға, медициналық көмек іздеуде халықтың шетелге баруын төмендетуге және нәресте өлімін төмендетуге, ана өлімі жағдайларының туындауына жол бермеуге, күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75,5 жасқа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және ұзақ мерзімді кезеңге жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 

Көпбейінді аурухана қазіргі заманғы техникалық шешімдер ескеріле отырып жобаланатын болады, медициналық техникамен, ақпараттық жүйемен толық жарақтандырылады және білікті, мамандандырылған және заманауи медициналық көмек көрсету арқылы жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсететін Қазақстандағы медициналық туризм орталықтарының біріне айналады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қ. Өскенбаев Ақтөбе облысын дамытудың кешенді жоспары жобасының шеңберінде Министрліктің тұрғын үй және ТКШ, автожолдар құрылысы, сервистік келісімшарт бойынша КТҚ салу және реконструкциялау, су арналарын жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру сияқты іс-шаралар бойынша жауапты орындаушы екенін айтты.

Кәріздік тазарту құрылыстары жобаларын іске асыру үшін сумен жабдықтау және су бұру секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша Жол картасы бекітіліп, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне жіберілді.

Сонымен қатар кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау мәселесін жедел шешу мақсатында Министрлік қолданыстағы заңнама шеңберінде іске асырудың қосымша тетіктерін қарастыруда.

Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін ұзындығы 2 мың шақырым 11,5 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

«Автожол саласында 2025 жылға дейін Кешенді жоспар шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар шамамен 525 шақырым автожол жөнделеді және реконструкцияланады. Өңірде орындалған жұмыстар есебінен жолдардың нормативтік жай-күйдегі көрсеткіші республикалық маңызы бар 100%-ға және жергілікті маңызы бар 95%-ға жетеді. Бүгінгі күні Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жол бойындағы сервистің 109 объектісі орналасқан, оның ішінде 77 объекті Ұлттық стандартқа сәйкес келеді», — деді Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, шикізаттық тәуелділікті төмендету, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында әзірленгенін атап өтті.

«Кешенді жоспар 6 бағыт бойынша 36 тармақты жүзеге асыруды көздейді. Бес жыл ішінде Кешенді жоспар жобаларын іске асыруға барлығы 570 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Бүгінде Ақтөбе облысының географиялық жағынан тиімді орналасуы, жер қойнауында бай кен орындарының болуы және адами капитал әлеуетінің зор болуы, өңірге инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр», — деді О. Оразалин.

Ақтөбе облысының өндірісі дамыған ірі өңір екенін ескере отырып, Кешенді жоспарда жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын бірнеше жоба жоспарланған.

«Солардың бірі – түрік инвесторларын тартумен “Gebze” ерекше шарттары бар индустриялық аймағын құру жобасы. Жалпы осы жоба аяқталған соң 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 500 млрд тг инвестиция тартылады», — деді өңір әкімі.

Сондай-ақ Кешенді жоспарға сәйкес, тау-кен металлургия саласының экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жеке инвестициялар есебінен «SM Minerals» ЖШС-нің Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту және «Экспоинжиниринг» ЖШС-нің Мәртөк ауданында титан-цирконий кен орнын игеру жұмыстары жүргізілетін болады.

Соның нәтижесінде, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін өңірге 5,8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады, оның ішінде 1,7 трлн теңгесі – сыртқы инвестициялар.

Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Үкіметтің қолдауымен 2019 жылдан бастап облыста суармалы жерлер қалпына келтіріліп жатыр. 

3 жыл бұрын суармалы алқаптар 15 мың гектарды құраса, биыл 40 мыңнан астам гектарды құрайды.

«Соның ішінде, ірі шаруашылықтардың бірі «Milker» ЖШС-нің суармалы алқаптары 1200 гектарға жетіп, кәсіпорынды одан әрі қарай даму мақсатында, Кешенді жоспарда көрсетілгендей, 2022-2023 жылдары қосымша 2 400 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салуды жоспарлап отыр. Осылайша, 2025 жылға дейін суармалы алқаптарды 100 мың гектарға дейін жеткізуді және ірі қара мал санын қазіргі күнге қарағанда 225%-ға арттыруды, жылқы басын 130%-ға көбейтуді жоспарлап отырмыз», — деп түсіндірді әкім.

Кешенді жоспар аясында облыстық бюджет есебінен 25-тен астам денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және заманауи медициналық техникамен жарақтандыру көзделуде. 

«Соның нәтижесінде, аталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын 41,8%–ке өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 61%-тен 95%-ке дейін ұлғайтуға және жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 30%-ке жеткізіп, Ақтөбе облысын дамытудың жаңа деңгейіне шығуға ықпал ететін болады», — деп түйіндеді өңір әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу