Алатауға арнайы мәртебе беру, ОТӨ-ні қолдау және инфляцияны төмендету: Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыруға кірісті

Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет отырысында өсудің жаңа нүктелерін құру, инфляцияны төмендету және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында негізгі бес бағыт: жаңа инвестициялық циклді іске қосу, Alatau City дамыту, инфляцияға қарсы күрес, импортқа тәуелділікті азайту, сондай-ақ экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жалғасатынын айтты.

ЖІӨ-ні екі есеге арттыру мақсатында 2029 жылға қарай мемлекеттің жоғары инвестициялық белсенділікті ынталандырудағы рөлі есебінен экономикалық өсудің жоғары қарқыны қамтамасыз етіледі.

Вице-премьердің айтуынша, Үкімет автокөлік жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, жерде сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, минералды-шикізаттық базаны толықтыру, сондай-ақ АӨК өнімдерін қайта өңдеу сияқты келешегі зор тауашаларды айқындады. Бұл салаларда жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістерді құруға болады.

Министр осы өлшемдерді ескере отырып, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп нарықты және инвестицияларға қажеттілікті нақты түсінетін жобалардың тізбесін айқындайтынын түсіндірді. «Инвестицияларға тапсырыс» жобаларының жалпы жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады. Талдау, құрылымдау және инвесторлар тарту бойынша жұмысты «Бәйтерек» холдингі жүргізеді.

Сонымен қатар ол Ұлттық банкпен бірлесіп, Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктер қаражатын тарта отырып, бюджеті $1 млрд-қа дейінгі экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы әзірленетінін хабарлады. Сондай-ақ «Банктер туралы» заң жобасы әзірленеді, ол финтехті ілгерілету және банктердің еркін өтімділігін экономиканың нақты секторына тартуды ынталандыру үшін жағдай жасайды.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, он күн мерзімде инвестициялық саясатты қайта форматтау жөнінде нақты шаралар әзірленетінін айтты.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары іскерлік белсенділік және инновация орталығын құру мақсатында қысқа мерзімде Алатау қаласына ерекше дамудың арнайы мәртебесін беру туралы Жарлықтың жобасы дайындалып, Президент Әкімшілігіне енгізілетінін баяндады.

Ол Жарлық шеңберінде жекелеген заң қабылданғанға дейін қаланың басқару және жұмыс істеу тетіктері айқындалатынын нақтылады. Аталған Заңда қаржылық модель, басқарудың ерекше режимі, криптовалюталар және Smart City технологияларын қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша жобалау мен құрылыс туралы айтылады.

Серік Жұманғарин инфляцияны бәсеңдету үшін оны бақылау және төмендету бойынша іске асырылып жатқан шаралар кешені қайта қаралатынын баяндады. Негізгі басымдық ішкі нарықты өніммен теңгерімдеуді қамтамасыз етуге бағытталады. Оның айтуынша, жақын арада Үкімет пен Ұлттық банктің бірыңғай мақсаты – инфляция деңгейін 5-6%-ға дейін төмендету.

 

Вице-премьер мәлімдегендей, импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілерге сөре орындарына 30% деңгейінде басымдықпен қол жеткізу қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қолдау алатын сауда субъектілері үшін қарсы міндеттеме – азық-түлік сөрелеріне 50% және қазақстандық өндірістің азық-түлік емес тауарларына 20% қолжетімділікті қамтамасыз ету. Танымалдылықты арттыру үшін «Қазақстанда жасалған» деген белгілердің болуы міндеттелді.

Экономиканы ырықтандыру шеңберінде реттеушілік және әкімшілік кедергілерді жою жұмыстары жалғастырылады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттіктің базасында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, заңнамаға терең ревизия жүргізетін «Интеллект арқылы реттеу орталығы» құрылады.

Серік Жұманғарин «салық төлеушіні сүйемелдеу» тетігі оның қызметінің бүкіл өмірлік циклі бойынша заңнамалық түрде бекітілгенін айтты. Бұл жасанды интеллектіні қолдану арқылы заманауи қызмет түрін ұсына отырып, адал жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

#Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу