Алдымызда бұдан да ауқымды бірлескен жұмыс күтіп тұр — Әлихан Смайылов Shell компаниясымен ынтымақтастық туралы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Shell компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Зои Юнович мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын ағымдағы игеру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, ҚР экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.

Премьер-Министр өз сөзінде Үкімет компанияның еліміздегі мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын және ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін атап өтті.

«Shell – мұнай-газ секторындағы біздің стратегиялық серіктесіміз. Атқарылған істер аз емес, алдымызда бұдан да ауқымды бірлескен жұмыс күтіп тұр», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол өндіріс орындарын қауіпсіз пайдалану және Қазақстан Республикасының экологиялық талаптарын сақтау компания жұмысындағы басты басымдық болуға тиіс екенін атап өтті.

Өз кезегінде Зои Юнович Shell компаниясының Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа баса назар аударатынын растады.

«Біз Қазақстан Республикасының сенімді серіктесі болып қалғымыз келеді. Біздің ынтымақтастығымыз бұған дейін де жемісті әрі табысты болды. Болашақта өзара байланыстарды одан әрі нығайта түсу үшін бар күшімізді саламыз. Біз қысқа мерзімде Қазақстанға инвестиция көлемін ұлғайтуға және мұнайдың ғана емес, газдың да жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге дайынбыз», — деді ол.

Кездесу қорытындысына сәйкес тараптар өзара іс-қимылдың барлық өзекті мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін атап өтті.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу