Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясаттың негізі болады – Т. Дүйсенова

Жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды қыры саналады. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру. Сондай-ақ, осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісім-шарт жасау. Бұл өзгерістердің негізі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында ұсынған Әлеуметтік кодекс жобасында көрініс тапты. 

Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Мұнда өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. 

Тамара Дуйсенова кодекстің негізгі 5 жаңалығына тоқталды. 

Кодекстің бірінші жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр.

«Оны енгізудегі негізгі мақсат қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады.

Карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан СМС хабарлама ретінде жіберілмек.

Мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетін болады. Яғни азаматтарға әлеуметіік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделеп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады. 

«Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Оған сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылатын болады», — деді Т. Дүйсенова.

Бұл ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2 мәселеге баса назар аударды. 

Бірінші, Цифрлық картадан көп балалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болуы ықтималдығы жоғары екендігі анықталды. Сондықтан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы шаралары қарастырылуда.

Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады. 

Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы.

2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға берілетін болады. Әрине оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына қиын өмірлік жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады. 

Кодекстің үшінші жаңалығы – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансфомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін, әсіресе ауылдық округтерде, арттыру. 

Бұл үшін мынадай өзгерістер қарастырылып отыр:

  • жан басына шаққандағы нормативті енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келеді. Екінші жағынан, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге  жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 
  • Тағы бір өзгеріс – бұл мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен толық қамтылады.

Кодекстің төртінші жаңалығы – әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты.

«Қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе. Сондықтан, оның негізі сақталады. Дегенмен, оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді форматта жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін болады», — деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұл мақсатты орындау үшін біріншіден, шағын бизнестегі жалдамалы жұмыскерлер, платформаның көмегімен жұмыс істкеп жүрген азаматтарға қатысты салықтық жүктемелерді төмендету қарастырылды; 

Екіншіден, әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова зейнетақы жүйесіне қатысты өзгеріске тоқталды. 

«Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Қарастырылған өзгерістерде 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер – жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді», — деді ол.

Бұл өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып отыр. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.  Ал, жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруге тиіс

Кодекстің бесінші – халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері.

Ұсынылған жаңа тәсілдер мына 3 бағытты көздейді.

Бірінші – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл – икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдауды қарастырады.

Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын жұмыс шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер ендіру көзделген. 

Айта кететін бір жәйт енгізілетін оңтайлы режимдер бүгінгі жұмыскерлерден қосымша тіркелуді қажет етпейді және оларға қосымша қаражаттық жүктеме болмайды. Аударылатын жарнамалар олардың бүгінгі платформа опреторларына және таксопарктерге аударып жүрген төлемдік пайыздарының есебінен жүргізілетін болады.

Екінші бағыт жұмыс күшінің дағдыларын арттыруға қатысты. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл негізінен еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек өтілінің міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылып отыр.

Үшінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары. 

Бүгін азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады. 

Осыған байланысты, аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін территориалдық мобильді орталықтар және жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын ендіру қарастырылп отыр. Бұдан басқа, ілеспе заңдарда жаңа көші-қон саясатына және еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер дайындалды. Олардың мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын жетілдіруге қатысты болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу