Әлихан Смайылов Андорра СІМ басшысымен бірлескен туристік жобаларды дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға ресми сапармен келген Андорра сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесу өткізді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, туризм саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде екіжақты диалогты нығайту мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Андорра арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту әлеуеті толық ашылмағанын атап өтті. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл ретте туризм саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейту ерекше қызығушылық тудырады.

«Қазақстан туризмнің барлық түрін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Осы бағыттағы тәжірибелеріңізді ескере отырып, өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бүгін қол қойылған Азаматтардың сапарлары кезінде визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің маңыздылығын атап өтті.

«Бұл құжат екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға және туристік ағынды арттыруға қосымша серпін беретініне сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Мария Убах Андорра да өзара кооперацияны нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер іздеуге мүдделі екенін атап өтті.

«Біздің ойымызша, тау шаңғысы туризмін дамыту перспективалы бағыт болып табылады. Нұр-Сұлтанға дейін мен Алматыда, оның ішінде туристер арасында кеңінен танымал "Шымбұлақ" курортында болдым. Осы салада жаңа байланыстар орната аламыз деп ойлаймын» , — деді Мария Убах. 

Кездесу соңында Әлихан Смайылов Мария Убах ханымның сапары Андорраның Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендігінің маңызды айғағы екенін атап өтті.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу